сайт статистики

Ескенеден Атырауға көш келді

Ескенеден Атырауға көш келді

Мұнайлы өңір қым-қуат тіршілікке толы. Байшонас пен Ескене кенттерінің тұрғындарын жаңа қонысқа көшіру жәйі туралы бұған дейін де сан мәрте жазған едік. Атырау облысында арнайы іс сапарда болған Компания басшыларының бұл елді мекендердің тұрғындарына жаңа баспананың кілтін салтанатты түрде табыс еткенін де қуана хабарлап едік. Міне, араға көп уақыт салмай Ескене кентінен Атырау қаласына көш келді.

Ескене кентіндегі 80 үй Атырау қаласындағы Нұрсая мөлтек ауданында жаңадан бой көтерген көп қабатты үйлерге қоныстанды. Ескене кентінен келген көш керуенін Атырау қаласының әкімдігінің мамандары мен «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы күтіп алды. Олар қазақи салт дәстүрмен қалаға қоныс аударып жатқан жаңа тұрғындарға «көш құтты болсын» айта келді. Қонақжайлық дәстүрімізбен ақдан дәм ұсынды.

Ескенеден келген көш керуеннің діттеген жерге уақытылы да сәтті жетуі үшін «Ембімұнайгаз» АҚ тарапынан барлық көмектер ұйымдастырылды. Осы мақсатқа 9 жүк көлігі, 2 автобус, 1 бульдозер бөлініп, жүкті тиеп, түсіретін жұмысшы күші де ойластырылды. Осындай көптің біріккен еңбегінің арқасында мұнайлы өңір –Ескене кентінен келген 80 отбасы жәйлі де, жылы қонысқа орналасты.

Бүгінде Атырау қаласының әкімдігі тұрғындар арасындағы бюджет саласының қызметкерлерін жұмысқа орналастыру, балаларды мектеп пен балабақшаға жайғастыру мәселелерімен айналысуда. Ал, мұнайшыларға келер болсақ, олар Байшонас пен Ескенеде ауысымдық әдіспен еңбектерін жалғастыратын болады.

Ғалия Қаражанова