Баспасөз хабарламасы. Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еңбек ұжымдарының ІІ Спартакиадасы өтті
Баспасөз хабарламасы. Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еңбек ұжымдарының ІІ Спартакиадасы өтті
19 - 24 тамыз 2013 жыл. Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ («ҚМГ БӨ», «Компания») еншілес және тәуелді ұйымдардың еңбек ұжымдарының ІІ Спартакиадасы өтті.
Спорт сайысына Атырау, Маңғыстау және Қызылорда облысы, Астана және Орал қалаларынан 400-ден астам мұнайшы қатысты. Олар «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, ҚМГ БӨ еншілес кәсіпорындары (Жаңаөзен), «Қазгермұнай» БК ЖШС, «Технологиялық көлік және ұңғымаларға қызмет көрсету басқармасы» ЖШС, «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ Орталық аппаратының қызметкерлері мен жұмысшылары. Әр ұжымның намысын қорғай келген құрама командалар бес күн бойы шағын футбол, волейбол, суға жүзу, баскетбол, арқан тарту, тоғыз құмалақ, жеңіл атлетикалық эстафета, қазақша күрес және үстел теннисінен, шахмат барлығы 10 номинация бойынша сайысқа түсті.
Отандық мұнай өндіруші Компанияға қарасты еңбек ұжымдарының ІІ Спартакиадасының ашылу салтанаты Жаңаөзен қаласындағы орталық стадионда ұйымдастырылды. Барлық сайыскерлерді «ҚМГ» БӨ» АҚ бас директоры Абат Нұрсейітов құттықтады:
«Біз мұнайшылардың спортпен шұғылдануына қажетті инфрақұрылымдарды дамытуға ерекше көңіл бөлеміз. Компанияның барлық еншілес компаниялары мен бірлескен кәсіпорындарында мұнайшыларға жұмыстан бос уақытта спортпен айналысуына жағдайлар жасалған. ҚМГ БӨ спорт сайысын өткізуді жақсы дәстүрге айналдырды. Мұндай шаралар әр облыста еңбек етіп жатқан біздің сан мыңдаған ұжымдардың өкілдерін бір алаңда бас қосып, күш сынасуына мүмкіндік береді. Мен осы Спартакиадаға үміттерін үкілеп келген құрама командаларға сәттілік тілеймін! Жеңіс тұғырынан көріне беріңіздер!»
Жаңаөзен қаласында өткен мұнайшылардың спартакиадасына «Ембімұнайгаз» АҚ атынан 60-қа тарта спортшы-мұнайшы қатысып, волейбол, баскетбол, үстел теннисі, тоғызқұмалақ, шағын аяқ доп, шахмат, суға жүзуден сынға түсті.
«ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес және тәуелді ұйымдардың еңбек ұжымдарының арасындағы спорт сайысы осымен екінші рет ұйымдастырылып отыр. Алғаш рет 2012 жылдың мамыр айында Астана қаласында өткен болатын.
«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі