Баспасөз хабарламасы. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорындары арасында өткен «Үздік маман - 2013» сайысы өз мәресіне жетті
Баспасөз хабарламасы. «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорындары арасында өткен «Үздік маман - 2013» сайысы өз мәресіне жетті
26-27 тамыз, 2013 ж. Қызылорда облысы «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің өндірістік базасында екі күнге созылған «Үздік маман - 2013» сайысы ұйымдастырылды. Мұнайшылар арасында дәстүрге айналған бұл шараға «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» БК» ЖШС, «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің 40-қа тарта үздік мамандары қатысты. Әр мекеменің тек үздіктері бас қосқан сайыс «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің Ақшабұлақ өндірістік базасында өтті.
Сайыстың алғашқы күнінде сайыскерлер теориялық білімдерімен сынға түсті. Теориялық тапсырмада 20 сұрақтың 19-на дүрыс жауап берген ембілік мамандар Изотов Валера, Руслан Өтешов, Мәншүк Мұхамбетжанова, Әсемгүл Тәжіғарина 5 деген баға алып, топ жарды.
Сайыстың екінші күнінде үздік мамандар практикалық сынақтан өтіп, өздеріне тапсырылған міндетті сапалы әрі уақтылы орындау жолында бақ сынасты. «Ембімұнайгаз» АҚ атынан қатысқан 16 үздік маман сайыстың талабы бойынша 10 номинациядан тапсырмалар орындап, Ембінің намысын қорғады. Жүлделі орын алған үздіктерге жылдық жалақысының тарифтік ставкасына 30%, 20%, 10% көлемінде үстеме ақы қосылды.
Екі күндік сайыстың қорытындысында жалпы командалық есеп бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ жүлделі екінші орынды иеленді. Келесі жылдың «Үздік маман - 2014» сайысын ұйымдастыру эстафетасы салтанатты түрде «Ембімұнайгаз» АҚ ұжымына тапсырылды.
«Ембімұнайгаз» АҚ баспасөз қызметі