сайт статистики

Мұнайшылар арасында «Үздік маман-2013» сайысы өтті

Мұнайшылар арасында «Үздік маман-2013» сайысы өтті

Қызылорда облысында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның еншілес тәуелді және бірлескен ұйымдары қызметкерлерінің арасындағы дәстүрлі «Үздік маман» кәсіби шеберлік байқауы өтті. Екі күнге созылған сайыс осы облыстағы іргелі ұжым «ҚазГерМұнай» БК» ЖШС-нің Ақшабұлақ кен орнында ұйымдастырылды.

Кәсіби шеберлік байқауына «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Ембімұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «ҚазГермұнай» БК» ЖШС еншілес ұйымдары мен бірлескен кәсіпорындарының 39 қызметкері қатысты. Байқау талаптары мен тапсырмаларын орындау үшін Ақшабұлақ кен орнында арнаулы жұмыс алаңдары, жабдықтар мен керек-жарақтар дайындалды.

10 мамандық бойынша өткізілген бұл байқауда «Ембімұнайгаз» АҚ мұнай және газ өндіру операторы Мирбек Ертеміров, ұңғымаларды зерттеу операторы Мәншүк Мұханбетжанова, қойнауқаттың ілеспе суын кәдеге жарату бойынша сорап қондырғысының машинисі Руслан Өтешов, қабат қысымын сақтау жөніндегі участоктің МКЖЖ слесарь-жөндеушісі Асылан Жолаев, электромонтер Валерий Изотов, газэлектросварщик Мұрат Абдиев, токарь Марат Қордашев, химиялық зертханашысы Әсемгүл Тәжіғариналар ембілік мұнайшылардың намысын қорғады.

Байқау теориялық және практикалық сынақтар бойынша жүргізілді. Нәтижелерді бағалау кезінде байқауға қатысушылардың еңбектің алдыңғы қатарлы үлгілері мен әдістерін пайдалануына, қауіпсіздік техникасы мен еңбек қорғау ережелерін сақтауына, практикалық тапсырмаларды белгіленген мерзімде сапалы орындауына, сондай-ақ теориялық дайындығына ерекше көңіл бөлді.

Әр мамандық бойынша байқаудың жеңімпаздары «Үздік маман» медалімен, ақшалай сыйақылармен марапатталды, сондай-ақ тұрмыстық және ұйымдастыру техникаларын сатып алу сертификаттарына ие болды. Байқаудың бірінші, екінші және үшінші орын алған қатысушылары бір жыл бойы өз жалақысына тарифтік ставканың 30%, 20%, 10% мөлшерінде үстеме ақы алатын болады.