Жаңа Ұжымдық шарт бекітілді
Жаңа Ұжымдық шарт бекітілді
Кәсіпорындар мен ұйымдарда әлеуметтік және еңбек қатынастарын қалыптастыруда әрбір еңбек ұжымдарының ішкі заңы - ұжымдық шарт міндеттемелерінің маңызы зор. Ұжым мүшелерінің мүддесі осы ішкі заң аясында қорғалады.
Сол бағытта айтқанда, «Ембімұнайгаз» АҚ-да 2011-2013 жылдарға арналған ұжымдық шарт өз міндеттемелерін толықтай атқарып шықты. Осыған орай еңбек ұжымдары арасында бірнеше мәрте талқыланған 2014-2016 жылдарға арналған жаңа ұжымдық шартқа қол қою рәсімі өтті. Айта кетерлігі, бұл «Ембімұнайгаз» АҚ өз алдына дербестік алғалы жасақталып отырған алғашқы ұжымдық шарт.
Қол қою рәсіміне Атырау облыстық әкімдігінің өкілдері, «Ембімұнайгаз» АҚ орталық аппаратының жауапты мамандары, мұнай-газ өндіру басқармалары мен құрылымдық мекемелерінің басшылары, әр ұжымдағы кәсіподақ комитетінің жетекшілері мен мұнайшы мамандар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.
Жаңа ұжымдық шартқа жұмыс беруші тарапынан «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Махамбет Досмұхамбетов, кәсіподақ ұйымы тарапынан «Ембімұнайгаз» АҚ кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұрат Нсанбаев қол қойды.
- Бүгін біз үшін маңызды күн. Маңызды деуімнің себебі - жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы негізгі құжат - Ұжымдық шартқа қол қойып отырмыз. Қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету, кәсіпорынның қызметіне тиімді жағдай жасау біздің мақсатымыз.
Осы мақсатта күшіне енген 2011-2013 жылдар аралығындағы Ұжымдық шарт өз міндетін толығымен атқарды. Жаңа ұжымдық шартты дайындау үшін екі жақтан топтастырылған жұмыс комиссиясы құрылды.
Жұмыс комиссиясы сапалы жұмыс атқарды деп есептеймін. Бұл ауқымды жұмыстың бүгін нәтижесін көріп отырсыздар. 2014-2016 жылдарға арналған Ұжымдық шарттың бекітілуімен сіздерді құттықтаймын.
Бұл ұжымдық шарт жұмыс беруші мен жұмысшының арасындағы жемісті ынтымақтастықтың негізі болып табылады деген сенімдемін, - деді шара барысында «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Махамбет Досмұхамбетов.
2014-2016 жылдарға арналған ұжымдық шарттың мақсаты – қызметкерлердің әлеуметтік және еңбек кепілдіктерін қамтамасыз ету, кәсіпорынның қызметіне тиімді жағдай жасау. Енді қауіпсіз еңбекті ұйымдастыру, жұмысшының және оның отбасы мүшелерінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, тағы басқа мәселелер Ұжымдық шарт арқылы реттеліп отырылады.