сайт статистики

Мұнайшы – тележоба кейіпкері

Мұнайшы – тележоба кейіпкері

«Қазақстан» Ұлттық телеарнасы мен «Kazmedia holding» ЖШС бірлесе отырып «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жайықмұнайгаз» басқармасында «Мың түрлі мамандық» атты тележобаның түсіру жұмыстары жүргізілді. Бағдарламаның негізгі идеясы – түрлі мамандық иелері өзге саланың қыр-сырына үңіліп, сол мамандықты игеруге тырысады.

Телехабардың түсіріліміне кейіпкер ретінде «Қайнармұнайгаз» МГӨБ слесарь-механигі Қалихан Есмағамбетов ұсынылды. Мұнайшы Қалихан «Қазақстан» Ұлттық телеарнасы Атырау филиалының дикторы болды да, телеарна журналисі Айдос Қарабала мұнайшы болды.

Сөйтіп, екеуі мамандықтарын алмастырды. Қалихан болса, еңбек жолын жаңа бастап жатқан жас мұнайшы, осы салада 2010 жылдан бері жасап келеді. Атырау мұнай және газ институтының «Мұнай-газ өңдеу» факультетін бітірген.

- Мен Атырау телеканалынан 20 минуттық жаңалықтар хабарын жүргіздім. Біз өндірістің адамымыз ғой, бұрын ондай шығармашылық ортаны көрмегендіктен, маған диктор болу қиындау тиді.

Үйде теледидар қарап отырғанда оңай болғанымен, іс жүзінде қиын екен: сөзіңнен жаңыласың, айтып отырғаныңды эфирге шыққанда ұмытып қаласың не дикцияң анық болмай қалады. Бірақ бір-екі машықтанғаннан кейін бір қалыпқа түсіп қалдым.

Ал не айтқаныма келсем, «Нұр Отан» партиясының жұмысы, әскерге шақырылған жастар, Қызылордадан Атырауға келіп өнер көрсеткен өнерпаздар, т.б. туралы жаңалықтар жүргіздім. Бәрінен де бет-аузымды бояп, неше түрлі опа-далап жаққаны қызық болды. Басқа адам сияқты болып шыға келдім. Осылайша менің бір күнім телестудияда өтті, - дейді «диктор» Қалихан.

Ал, Айдос әуелі С.Балғымбаев кен алаңындағы мұнайгаз дайындау цехында болып, мұнай-газ өндіру операторының және жер асты жөндеу цехы операторының көмекшісі болып көріп, мұнай сынамасын алды, оны лабораторияға тапсырып, нәтижесін алды. Цехта жер астынан шыққан тұрбалардың қалай алынып, жиналатынын көрді. «Мұнайшының жұмысы ауыр, бірақ шыдауға болады екен» деп қорытты ол ойын.