сайт статистики

Жүректерге жол тапқан

Жүректерге жол тапқан

Елбасының Қазақстан халқына арнаған «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын насихаттау және түсіндіру мақсатында өңірімізге Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы, тарих ғылымдарының докторы, академик Өмірзақ Озғанбаев келіп, «Доссормұнайгаз» және «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларында мұнайшыларымен кездесті. Қонақпен бірге Атырау облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қатимолла Ризуанов, «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры М.Досмұхамбетов болды.

О.Озғанбаев мәңгілік ел болу үшін елге алдымен бірлік пен білімділік керектігін айтып, Жолдауда көрсетілгендей ең бастысы халықтың әл-ауқатын арттыру, шағын және орта бизнесті дамыту, өнеркәсіпті дамытып, иневестиция тарту, геологиялық зертеулер, тіл, білім, басқа да бағыттар жөніндегі мәселелерді кеңінен түсіндірді.

Көпшілік оны халыққа ұғынықты, қарапайым тілмен шебер жеткізе білген баяндамашыға ризашылықтарын білдірді. Жолдаудағы жеті бағыттың ел болашағы үшін маңызы зорына көздері жетіп отырғандығын, оны толықтай қолдайтындықтарын жеткізіп, ардагерлер туралы заңның қабылдануы, қазақстандық мұнайшылар күнін белгілеу, мұнайшылар мұражайын ашу, геологиялық жұмыстарды жаңғырту жөніндегі сауалдары мен ұсыныстарын айтты.

Ө.Озғанбаев «Ардагерлер туралы заң жобасы» Парламент қарауында жатқанын айтса, өндірістік сауалдарға жауап берген «Ембімұнайгаз» бас директоры М.Досмұхамбетов айтылған ұсыныс-пікірлердің орындылығын, бірақ ол мәселелер келелі кеңес арқылы, халықтың ұсыныс-тілегіне ұштастырыла жүргізіліп шешілуі тиістігін айтты.

Сол күні Республикалық ардагерлер ұйымы Орталық кеңесінің төрағасы Ө.Озғанбаев «Жылыоймұнайгаз» басқармасында да болып, мұнайшылармен кездесті. Шараға аудан әкімі М.Ізбасов қатысып, аудан жетістіктеріне қысқаша тоқталып. Жергілікті мұнайшылардың мұнай өндіру жоспарын орындап отырғандығын айтып өтті.