Жалақы төлеу жүйесіндегі жаңалық
Жалақы төлеу жүйесіндегі жаңалық
«ҚазМұнайГаз» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Сауат Мыңбаев Атырауда болып, ембілік мұнайшылармен кездесті. Бас қосуда Бірыңғай жалақы жүйесін енгізу мәселесі тыңдалды. С.Мыңбаев алдымен қазақ мұнайының қара шаңырағы саналатын Қарашүңгілде болып, ата басына құран оқып, зиярат етті.
Сонан соң ауыл ақсақалдарымен кездесіп, қарт ембінің өткені мен бүгіні және келешегі туралы әңгімелесті. Сонан кейін Прорва кен алаңына барып, мұнайшыларға біріңғай жалақы жүйесі туралы түсінік берді және Прорва ілеспе газын кәдеге жарату жөнінде ойларын ортаға салды.
Сауат Мыңбаев Атырау қаласындағы облыстық филармонияда да болып, мұнда да мұнайшылар қауымымен кездесіп, жаңа жалақы жүйесі туралы жан-жақты түсіндірді. Жиынға «Қазмұнайгаз» ҰҚ»Б АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қ.Есқазиев, төраға кеңесшісі С.Әбденов, «Қазмұнайгаз» БӨ» АҚ бас директоры А.Нұрсейтов, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры М.Досмұхамбетов қатысты. Жалпы, жаңа жүйе бағытындағы жұмыс өткен жылдың жаз ортасында екпінді басталған.
- Жаңа жалақы жүйесін енгізу бағытында біраз күрделі мәселелер туындағаны рас. Олай дейтініміз, мұнайгаз компанияларындағы жалақы есептеу жүйесі әртүрлі еді, - деді Сауат Мұхаметбайұлы. – Бүгінгі таңда оларды бірдейлендіру, жалақыны көтеру үшін белгілі бір жүйе қажет екені түсінікті болды. Сол үшін жалақы есептеудің анықтамалығын шығаруды ұйғардық.
Ақырында, ешкімге дау тудырмайтын әділ жүйе құрдық деп ойлаймын. Енді бір қалыпқа келдік деп жатқанымызда теңгенің құнсыздануы, яғни девальвация болып кетті. Оған қарсы қосымша қаржы қарастыру шараларын алу тағы қажет болды. Сөйтіп, «Қазмұнайгаз» бойынша еңбекақы қорын көбейтуге ұйғарыстық. Жаңа жалақы жүйесі 1 сәуірден бастап күшіне енеді.
Сонан кейін С.Мыңбаев жалақыны көтеру кен алаңдарында мұнайгаз өндіру көлеміне де байланысты екендігін, соған орай Лиман, Тайсойган кен алаңдарында зерттеу жұмыстарын жандандыру, ғылыми-зерттеу институттарының жұмысына қарқын беру қажеттігін қаперге берді. Сонда қазіргі игеріп отырған мұнай көлемін және жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік болады.
Сондай-ақ өндіріске жаңа технологияларды енгізу, шетелдік мамандарды тарту қажеттігі де айтылды. Сауат Мұхаметбайұлы Елбасы тапсырмасына орай жалақыны 10 пайызға арттыру да жүзеге асырылатынын айтты. «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры М.Досмұхамбетов жаңа жалақы жүйесі бойынша түсіндіру комиссиясы жуық арада мұнайгаз өндіру басқармаларына барып өз жұмысын жан-жақты жүргізетінін мәлімдеді.