Наурыз тойы көрісуден басталды
Наурыз тойы көрісуден басталды
Еліміздің Батыс өңірінде, наурыздың 14-і күні көрісу басталды. Ембілік мұнайшылар биылғы наурыз мерекесін осы көрісу салтын театрландырылған көріністер қойып тойлады.
Д.Нүрпейісова атындағы Мәдениет сарайының алаңында ұйымдастырылған шараға «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, «Доссормұнайгаз» МГӨБ, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, «Ембімұнайэнерго» мен «ӨТҚжЖК» басқармаларының ұжымдары қатысты.
Мерекелік алаңда ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, қазан-ошақ құрылды. Ұлттық тағамдардан дастархан жайылды. Мерекелік шараны «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры М.Досмұхамбетов ашып, құттықтау сөз сөйледі.Сонан соң, мұнайгаз өндіру басқармалары арасында ұлттық-салт дәстүр көріністерінен сайыс өтті.
«Жылыоймұнайгаз» басқармасының өнерпаздары «Қыз бен жігіт» айтысын, «Жайықмұнайгаз» басқармасының ұжымы қазақтың құда түсу салтын, «Доссормұнайгаз» басқармасы өнерпаздары ауыл жастарының бас қосып, ұлттық ойындар ойнау көрінісін,
«Қайнармұнайгаз» басқармасының ұжымы баланы бесікке салу, балаға есім беру рәсімін, «Ембімұнайэнерго» басқармасы ұжымы сәбидің тұсауын кесу салтын, « Өндірістік-техникалық қамту және жадбықтармен комплектациялау» басқармасы өнерпаздары дәстүрлі бата беру жоралғысын сахналады.
Қойылым қорытындысы бойынша сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орынбасары Айболат Ғабдуллин: «Бүгінгі сайыста жеңілген жоқ, бәрі жеңімпаз. Наурыз-бірлік пен достық мерекесі. Сол себепті, бүгінгі сайыскерлер өнерлерін бір деңгейде бағалаймыз. Өнерде қанаттарыңыз талмасын» деп ризашылығын білдіріп, бәріне Алғыс хат пен ескерткіш сыйлық табыстады.
Алдын ала хабарланғанындай ұлттық киімдерге конкурс жарияланған болатын. Ең үздік ұлттық әйел адамның киімі номинациясын «Ембімұнайгаз» АҚ күрделі құрылыс департаментінің аға инженері Гүлнар Мусина, ал үздік ерлер киімін «Жайықмұнайгаз» басқармасының операторы Қожантай Сыдықов иеленіп, ескерткіш сыйлық табыс етілді. Соңында шараға жиналған бүкіл халық «Қара жорға» биін биледі.
Баспасөз қызметі