Мұнайшылар да көмектесті
Мұнайшылар да көмектесті
19 сәуір күні Жантерек-Кенбай телімінде Алматы-Атырау бағытындағы №42 жолаушылар пойызының 13 вагоны рельстен шығып кетіп, аударылғаны туралы газет оқырмандары хабардар. Жайсыз хабарды естіген бойда мұнайшылар да қарап жатпады.
Оқиға орнына «Қайнармұнайгаз» МГӨБ, «Ембімұнайэнерго» қайнарлық бөлімшесі, «Доссормұнайгаз» басқармасы мамандары және автобус, Камаз, Урал автокөліктері, өрт сөндіру, жедел жәрдем, басқа да көптеген арнайы техника келіп, жолаушыларды эвакуациялауға көмектесті. Мұнайшылардың көмегімен 94 адам Мақат вокзалына, 318 адам Кенбай станциясына жеткізілген. Зардап шеккен 10 адамға медициналық көмек көрсетілді.
- Алдымен үлкен кісілер мен әйел адамдарды, балаларды вагондардан шығаруға көмектестік. Бәрі қорқып қалған, ол түсінікті де, жарақат алғандары да болды. Сол жерде «Медикер» ЖШС қызметкерлері 10 адамға жәрдем жасап, аудандық ауруханаға жеткіздік. Халықты Мақат, Кенбай станцияларына жетуге жәрдемдестік. Арнайы қызмет орындары өкілдері де, халықтың өзі де бір-біріне көмек көрсетіп жатты. Түнгі 11 шамасында ғана барлығы тынышталды, - дейді «Қайнармұнайгаз» басқармасы ЕҚжӨҚ бөлімінің азаматтық қорғаныс маманы Рақымжан Шариев.
Апат айтып келмейді, бірақ осындайда бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара білген ұйымшылдық пен шынайы қамқорлыққа не жетсін.