сайт статистики

Пресс-релиз. Еңбек ардагерін қабылдады

Пресс-релиз. Еңбек ардагерін қабылдады

2014 жыл 19 қыркүйек.   «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры М.Досмұхамбетов өңір мұнай кәсіпшілігінің дамуына зор үлес қосқан еңбек ардагері Табын Оржановты қабылдады.

Табын Оржанов 1929 жылы туған, білімі жоғары. 1952 жылы академик И.М.Губкин атындағы Москва мұнай және газ институтын бітірген. Ол еңбек жолын Қаратон мұнай өндіру басқармасында операторлықтан бастаған, кейін мастер, 1955 жылы- Байшонас МӨБ техникалық бөлім бастығы, 1958 жылы «Казахстаннефть» бірлестігі Доссор МӨБ бас инженері қызметтерін атқарған.

1992 жылы зейнеткерлікке шыққанға дейін білікті маман ретінде Атырау мен Маңғыстау өндірістік бірлестіктерінде әр түрлі басшылық қызметтерді атқара жүріп, мұнайлы Ембінің барлық мұнай кеніштерінде және Маңғыстау жарты аралында үлкен ынтамен еңбек етті, бар білімін жұмысқа арнады. Оның жеке қатысуымен және Қаратон, Байшонас, Доссор мұнай кенішіндегі ұтымды басшылығы арқасында Қазақстанның Ембі аймағындағы мұнай өндіруді дамыту ісі қалыптасып, одан әрі дами түсті. Адал еңбегі, жоғары өндірістік көрсеткіштері және мұнай-газ саласының дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «КСРО мұнай өндіру өнеркәсібінің үздігі», «Ерен еңбегі үшін», Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет  грамотасы, ҚР «Құрмет» ордені, басқа да көптеген наградалармен марапатталған.

Сексеннің бел ортасынан асып, тоқсанға аяқ басқан ардагер мұнайшыны  қабылдаған «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры М.Досмұхамбетов ҚР «Мұнай-газ саласының еңбек сіңірген қызметкері» төс белгісін табыстап, оған зор денсаулық  тіледі.