Пресс-релиз. Ата-аналар риза болды
Пресс-релиз. Ата-аналар риза болды
08.12.14 ж. «Ембімұнайгаз» АҚ Атырау облысы өңіріндегі әр түрлі әлеуметтік шаралар мен жобаларға жылма жыл қаржылай демеушілік көмек жасап келеді. Сондай жобалардың бірі – «Атырау. Кішкентай ел» қоғамдық бірлестігінің «Анималотерапия» жобасы.
Қоғамдық бірлестік жетекшісі Ерлан Күмісқалиевтің айтуынша, жобаның мақсаты ақыл-есі кем, миынан зақым алған, көз көруі, құлақ естуі нашар, сал ауруына, басқа да ауруларға ұшыраған балаларға арнайы үйретілген иттер арқылы ем-дом жүргізу. Ол аутизмге, психикалық дамуы кешеуілдеген және балалардың церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды төрт аяқты достардың көмегімен емдеу тәжірибесін белсенді түрде енгізуде.
- Ең бастысы біздің бастамамыздың алғашқы нәтижелері бар. Енді оны әрі қарай дамытуға бар күш-жігерімізді саламыз. Әрине, мұның бәрі қаржыны талап етеді. Әйтсе де, алақан жайып әркімнің есігін қағудан аулақпыз. Түсінген адамдар, жүрегінің мейірімі кетпеген, қайырымды жандар көмектесемін десе құба-құп. Ал әзірге жалғыз демеушіміз «Ембімұнайгаз» АҚ-на балалар мен ата-аналар атынан зор алғысымызды білдіреміз, қаншама баланың және олардың ата-анасының сауабына қалып жатыр. Соның арқасында қаншама науқас балалар мен ата-аналары өмірге деген жаңа үмітін жағып, болашағынан жақсылық күтіп отыр, - дейді Е.Күмісқалиев.
«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі