сайт статистики

Пресс-релиз. Бас директор кен орындарын аралады

Пресс-релиз. Бас директор кен орындарын аралады

28.01.2015ж. «Ембімұнайгаз» АҚ бас директоры Құрманғазы Есқазиев орынбасарлары және департамент директорларымен бірге Ембі өндірісін аралауды «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасынан бастап, Забурын, Жаңаталап, О.Ш.Новобогат, О.Б.Қамысты, С.Балғымбаев кен орындарында болды. Жалпы, басқармада бүгінгі таңда барлығы 10 кен орны болса, оларда 688 ұңғыдан өнім алынып, жыл сайынғы мұнай өндіру көлемі жүз пайыз орындалып келеді. Аталған кен орындарында болған бас директор өндіріске енгізілген жаңа технологиялардың өндірістегі пайдалану мүмкіншіліктері, жаңа іске қосылған техникалардың сапасы, жабдықтардың пайдаланылуы және жұмысшылардың еңбек, әлеуметтік жағдайларымен жан-жақты танысып, жалпы бағыт дұрыс екендігін айтты. «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ басқармасының басшысы Ш.Төлеңгітов басқарманың өндірістік жұмысымен таныстырып, шешімін күткен мәселелерді де акционерлік қоғам басшылары алдына қойды. Бүгінгі күнде өндіріс өркендеп, әр түрлі бағытта жұмыс арнасы кеңейіп жатыр. Өзекті мәселелер қатарында, О.Б.Қамысты-О.Ш.Қамысты автожолының құрылысы, Забурын кен орнындағы өндірістік ғимарат пен жатақхананы күрделі жөндеуден өткізу, тозығы жеткен электрбұрандалы сораптарды жаңамен қамтамасыз ету мәселелері бар.

- Өндірісті аралау барысында жұмыстың барлық бағытта талапқа сай жүріп жатқанын байқадым. Бұл дұрыс мәселе. Жұмысшыларға ең басты айтарым, әлемдік нарықта мұнай бағасының құлдырауына, қаржылық дағдарыстарға қарамастан «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша қысқарту не әлеуметтік жағдайды азайту болмайды. Біз өндірістік көрсеткіштерімізді де төмендетпеуге тырысамыз. Алайда, ол үшін қолда бар техникалар мен жабдықтарды үнемділікпен пайдаланып, олардың мерзімінен тыс тозып қалуына жол бермей, ұқыпты ұстай білуіміз  қажет. Ұңғыларды аралық жөндеу кезеңін ұзарту да өзекті мәселе. Сондықтан барды бағалай білген абзал, - деді Қ.Есқазиев. 

«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі