Пресс-релиз. Ембіде геологтар бас қосты
Пресс-релиз. Ембіде геологтар бас қосты
05.02.15 ж. «Ембімұнайгаз» АҚ Бас офисінде геолог мамандар бас қосқан кеңейтілген мәжіліс өтті. Оған ҚР Инвестиция және даму Министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетінің төрағасы Базарбай Нұрабаев, ҚР Инвестиция және даму Министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану Комитеті төрағасының орынбасары Ниязбек Құрбанов, «Ақпараттық- аналитикалық орталық» РКМ Бас директоры Мұрат Төлегенов, Атырау облыстық геология және жер қойнауын игеру инспекциясының басшысы Құттығали Наукиев және «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығы мен мұнай-газ өндіру басқармаларының бас геолог мамандары қатысты.
Мәжіліске төрағалық еткен «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев Ембі кен алаңдарының геологиялық – барлау жұмыстарының бүгінгі тынысынан жан-жақты мәліметтер бере отырып, осы орайда Ембіде орын алған өзекті мәселелерге де жете тоқталды.
Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша өзекті мәселенің бірі- мұнай-газ қорын молайту. Ғасырдан астам уақыт мұнай өндіріліп келе жатқан Ембі кен алаңдарында өнім берудің сатысындандағы кеніштер де бар. Қолда бар мәліметтерге сүйенетін болсақ, соңғы он жылдық ішінде жаңа үлкен кен орны ашылмай жатыр. Соған орай өнім қорының азаюы орын алып отыр. Ендігі мақсат- қорды көбейту. Осы мақсатта мұнай-газ қорын іздеу-барлау бағдарламасы қолға алынуда. Нәтижесінде жаңа кен алаңдары іске қосылады. Демек, жаңа жұмыс орындары ашылады, өндірістің тынысы кеңейіп, кәрі Ембінің өркендеуіне жол ашылады деген сөз.
Ембі өңіріндегі геологиялық-барлау жұмыстары кеңінен сөз болған жиында ембілік геологтар тұзасты мұнай қабаттарын игеруге құлшыныс білдіріп отырғанын анық байқатты. Сол арқылы қор деңгейін арттырамыз деген ембіліктер, ҚР Инвестиция және даму Министрлігі Геология және жер қойнауын пайдалану Комитетіне өздерінің ұсыныстарын да батыл айтты. Жиынды қорытқан «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Құрманғазы Орынғазыұлы мұндай кездесудің ембілік геологтарға берері мол екеніне ерекше тоқталды.
- Атырау облысы бойынша Әлеуметтік саланың және инфрақұрылымның дамуына үлкен қолдау көрсетіп келе жатқан «Ембімұнайгаз» АҚ әлемдік нарықтағы мұнай бағасының төмендеуіне қарамастан, әлеуметтік бағдарламаларын сол күйінде сақтап қалуды көздеп отыр. Қандай жағдайда да Ембі кен алаңдарындағы бұрғылау жұмыстарының көлемін біз қысқарта алмаймыз. Бұл - жұмысшылардың әлеуметтік жағдайына әсер ететін шара. Сондықтан да бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ-ның Стратегиялық даму бағдарламасын жасақтаудамыз. Алда кезегін күткен жұмыс көп, - деп ойын қорытты Қ.Есқазиев.
Баспасөз қызметі