сайт статистики

Дарынды балалар ембілік мұнайшылармен кездесті

Дарынды балалар ембілік мұнайшылармен кездесті

27.03.15 ж. Еліміздің дарынды оқушылары арасында өтетін Республикалық Олимпиада биыл тұңғыш рет Атырауда ұйымдастырылды. Білім додасына барлығы 556 оқушы қатысып, қазақ, орыс, неміс, ағылшын, француз тілдері мен Қазақстан тарихы, құқықтану  пәндері  бойынша білімдерімен сынға түсті.

Махамбет атындағы облыстық драма театрында өткен Олимпиаданың ашылу салтанатынан кейін  балалар Атырау қаласымен танысып, осы өңірдегі ірі  кәсіпорын ұжымдарымен кездесті. 

Маңғыстау мен Қостанай облыстарынан келген дарынды балалар (барлығы  70 бала) «Ембімұнайгаз» АҚ Орталық кеңсесінде болып, ембілік мұнайшылармен кездесті. Гуманитарлық пәндер бойынша сынға түскен дарынды балаларды «Ембімұнайгаз» АҚ  Бас директорының бірінші орынбасары Айболат Габдуллин қабылдап, жалпы мұнай-газ секторының жұмысымен, сонымен қатар Ембі өңірінде қызмет етіп жатқан 5 525 мұнайшының жағдайымен жан-жақты таныстырып өтті. Сонымен қатар Компанияның облыс инфрақұрылымының дамуына  қосып отырған үлестері  де айтыла кетті. Мәжіліс залында өткен кездесу барысында балалар мұнайшы аға-апаларына алғыстарын айтып, жалпы мұнайлы астанадан алған әсерлерімен бөлісті.

Мінбеге көтерілген Қостанай облысынан келген Ілияс Тілеубай мұнайшылардың ыстық ықыласпен қарсы алғандарына риза болғандықтарын айтып, барша балалар атынан алғыстарын білдірді.     

-  Биылғы Олимпиада Атырау қаласында өтетінін естігенде қатты қуандым. Өйткені, мұнайлы астананы көру менің көптен арманым еді. «Қазақ мұнайының –қара шаңырағы»  саналатын «Ембімұнайгаз» кәсіпорны туралы мәліметтерге сырттай қанықпын. Алайда, көзбен көргенге не жетсін.  Міне, енді Компанияда болып, мұнайшылармен кездесудің  сәті түсті. Үлкен әсер алдым. Компанияның Орталық кеңсесінің ғимараты қандай әдемі, көз қызығарлықтай. Компанияның қызметі туралы деректі фильммен таныстық. Ғимараттың ең үстіңгі қабатына-террасаға шығып Атырау қаласын биіктен тамашалауға мүмкіндік алдық. Атырау- әдемі қала екен. Тез көркейіп, әсем ғимараттардың тез арада салынуымен де ерекшеленетінін байқадым. Ембілік мұнайшыларға осындай керемет мүмкіндік жасағандарына үлкен алғыс- деген Ілиястың пікірін өзге балалар да ду қол шапалақ соғып қолдап отырды.

Кездесудің соңында балалар естелік фотоға түсті.

Баспасөз қызметі