Басшы мұнайшылармен кездесті
Басшы мұнайшылармен кездесті
«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиевтің өндірісті аралап, жұмысшылармен кездесуі Жылыой өңірінде жалғасты.«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Аққұдық, Ақінген, Қисымбай, Терең-Өзек, Прорва кен алаңдары мен басқармаға қарасты арнаулы техника және техноголиялық көліктер цехының, құралдарды жөндеу және пайдалану цехының ұжымымен кездесіп, мән-жайға қанықты.
«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Орталық аппараты ұжымымен кездескен Құрманғазы Орынғазыұлы бүгінгі таңдағы қаржы дағдарысына қатысты Компанияда қолға алынып жатқан бағдарламаны жан-жақты түсіндіріп, таяу арадағы нәтижесін табатын жұмыстарды саралап өтті. Мұнай бағасының құбылмалығына қарамастан, жұмысшылар және олардың айлық жалақысының қысқармайтындығын тағы бір мәрте еске салды. Сонымен қатар, басшы мұнайшыларды алаңдатқан мәселелерді де тыңдады.
Құралдарды жөндеу және пайдалану цехының ұжымы өндіріс ішілік жолдың сапасын жақсарту жәйін қозғаса, Терең-Өзек кен алаңының жұмысшылары әлеуметтік нысан-мұнайшылар жатақханасы күрделі жөндеуді қажет ететіндігін атап өтті. Арнаулы техника және технология көліктер цехының жүргізушілері мен жөндеушілері 71 көлікке арналған нысанды кеңейту жәйіне тоқталды. Басшымен кездескен жылыойлық мұнайшылар мамандарды оқыту, олардың біліктілігін көтеру мақсатындағы өз ойларымен де бөлісті.
Прорва кен алындағы құрылысы аяқтала келген денешынықтыру-сауықтыру кешенінде болған басшы кейбір мәселелерге жеке-жеке тоқталып, жауапты мамандарға нақты тапсырмаларын берді.
«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі