Пресс-релиз 24.08.15 ж.
Пресс-релиз 24.08.15 ж.
«Ембімұнайгаз» АҚ Атырау мұнай-газ институты мен «АРЕС Petrotechnic» жоғары техникалық мектептің студенттері үшін дуальдық оқытудың пилоттық жобасын іске қосты
24 тамыз 2015 ж. «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан былай ЕМГ) орталық аппаратында дуальдық оқу бағдарламасының іске қосылуына арналған салтанатты шара өтті. Дуальдық оқу бағдарламасына арналған пилоттық жоба Атырау мұнай-газ институтының студентері мен «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының студенттері білім ордаларынан алған теориялық білімдерін практикамен ұштастыруға үлкен мүмкіндіктер алады.
Салтанатты шараға «ЕМГ» АҚ басшылығы мен жауапты мамандары, аталмыш оқу орындарының басшылары және студенттер қатысты. «ЕМГ» АҚ Кадрларды басқару және дамыту департаментінің директоры Г.Шарафетдинова дуальдық оқу бағдарламасының мақсатына жан-жақты тоқталып өтті. Аталмыш пилоттық жоба мамандарды дайындауға қатысты «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ-ның талаптарына сай жасақталынған. Болашақ мұнайшы мамандардың өндіріс алаңдарында практикадан өтуіне, сол арқылы теория мен тәжірибені жақсы ұштастыруға жол ашпақшы.
Алғашқы пилоттық жобаға Атырау облысынан 34 студент қатысты. Олар ауысымдық әдіспен еңбек ететін мұнайшылармен бірге еңбек етіп, 15 күн бойы өндіріс алаңдарында практикадан өтеді. Қалған 15 күнде жоғарыда аталған екі оқу орнында теориялық білімдерін шыңдайтын болады. Студенттер өндіріс алаңында мұнайшылармен қатар еңбек етулерімен қатар, жалақы да алады. Пилоттық жобаның іске қосылуын және студенттерге төленетін жалақыны «ЕМГ» АҚ өз бюджетінен төлегелі отыр. Аталмыш оқу бағдарламасынан толықтай өткен студенттер «ұңғымаларды зерттеу операторы» деген квалификацияға ие болады. Сонымен қатар оларға еңбек кітапшасы табысталады. Салтанаты шарада «ЕМГ» АҚ Бас директоры Қ.Есқазиев жастарға сәт сапар тілеп, «қазақ мұнайының қарашаңырағы» Ембі өндірісінің тарихы мен бүгінгі тынысына және бүгінгі таңда Компанияның қолға алып отырған тың жобасының мақсатына терең тоқтала кетті.
- Әлем нарығындағы мұнай бағасының құлдырауынан туындаған қаржылық қиындықтарға қарамастан дуальдық оқу бағдарламасының пилоттық жобасын іске қосып отырмыз. Жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басшылығымен келісілген. Мақсатымыз еліміздің мұнай-газ кеніштерінде еңбек ететін болашақ мамандарды дайындау. Олардың теория мен практиканы қатар меңгеруіне мүмкіндік жасау.
Атап өткеніміздей бұл пилоттық жоба Ембінің тың бастамасы.Жалпы, еліміз бойынша алғашқы бағдарлама. Оқу бағдарламасын әрі қарай жандандыру мақсатында алдағы уақытта «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ Құлсары кен алаңында оқу полигонының құрылысы басталмақшы. Құрылыс кешенінде жатақхана, оқу корпусы, өндіріс жабдықтарын және ұңғымаларды жөндеу қондырғылары орнатылатын болады.
«ЕМГ» АҚ Баспасөз қызметі
Анықтама үшін:
«ЕМГ» АҚ Атырау облысындағы іргелі мұнай өндіруші компания. «ҚазМұнайГаз» БӨ» АҚ еншілес мекемесі. «ЕМГ» АҚ құрамында 4 мұнай-газ өндіру басқармасы мен екі құрылымдық мекемесі бар. Компанияда 41 кен алаңы бар, оның 33-нен өнім өндіріледі.