Пресс-релиз 01.09.2015 ж. ЕМГ жастарға жанашырлық жасады
Пресс-релиз 01.09.2015 ж. ЕМГ жастарға жанашырлық жасады
«Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау қаласында орналасқан «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орны Әріптестік келісімшарты бойынша стипендия (шәкіртақы) төлеу бағдарламасын іске қосты.
Қыркүйектің 1-і күні «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан былай «ЕМГ» АҚ) «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының 1-курсының 5 студентіне стипендия төлеу бағдарламасын іске қосты. Компания бекіткен стипендияға лайықты студенттер алдын-ала іріктеуден өтті. Олар «Мұнай-газ кен алаңдарын пайдалану» мамандығы бойынша оқуға түскен аз қамтылған және көп балалалы отбасыларының балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері. Оларға «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнына түсерде жақсы үлгерімімен жоғары балл жинау талабы қойылған.
Қызметкерлерді басқару және дамыту департаментінің директоры Г.Шарафетдинованың айтуынша, Компания мұнай бағасының құлдырауына орай туындаған ел экономикасындағы қиындықтарға қарамастан, мұнай-газ саласын білікті мамандармен қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.
- Компания үшін өз қызметкерлерінің заман талабына сай білім алып қана қоймай олардың теория мен практиканы қатар алып жүруіне мүмкіндік жасау - басты ұстаным. Бұл орайда қазақстандық кадрларды дайындауға Компания жыл сайын өз бюджетінен қомақты қаражат бөліп отыр, - дейді Компания өкілі.
Стипендия төлеу бағдарламасы бойынша «ЕМГ» АҚ оқу бағдарламасының соңына дейін студенттердің оқу ақысын төлеумен қатар оларға бір ең төменгі еңбекақы мөлшерінде стипендия тағайындады. Сонымен бірге студенттер Компанияның өндірістік базасында практикадан өтеді. Аталмыш бағдарлама соңында стипендия иелері бос жұмыс орындары болған жағдайда ЕМГ-ға қызметке орналасатын болады.
- Мұнай-газ саласында еңбек ету –менің арманым. Бұл орайда халықаралық деңгейде техникалық білім алуыма «ЕМГ» АҚ қол ұшын созып отыр. Сол үшін де Компания басшылығына шексіз ризамын,- дейді стипендия иесі, «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушісі Виктория Осипова.
Осы жылдың 24 тамызында «ЕМГ» АҚ «Дуальдық оқу жүйесін енгізу» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Оған «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының 3-курсында оқитын 5 студент, Казақ-Британ техникалық университетінің 3-курсының 20 студенті және Атырау мұнай-газ институтының 3 және 4-курстарында оқитын 35 студент қатысып отыр.
Әріптестік бағдарламасы аясында «ЕМГ» АҚ «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының оқу базасын мұнай-газ жабдықтарымен қамтамасыз етеді.
«ЕМГ» АҚ Баспасөз қызметі