сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ-да пресс тур ұйымдастырылды

«Ембімұнайгаз» АҚ-да пресс тур ұйымдастырылды

10.12.15 ж. «Ембімұнайгаз» АҚ-да  облыс әкімдігінің бекіткен «Жалпыға ортақ еңбек қоғамы» идеясын ақпараттық сүйемелдеу мақсатында Пресс тур ұйымдастырылды. Оған облыстық кәсіподақ органдарының мамандары, мемлекеттік еңбек инспекциясы Атырау облыстық басқармасының мамандары және БАҚ өкілдері қатысты.

«Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Еркінұлы Жақсыбековтің төрағалығымен өткен кездесуде Компанияның 2015 жылдың 10 айында атқарған қызметі жөнінде арнайы слайдтар дайындалып, бейнеролик көрсетілді.  

Бүгінде құрамына 4 мұнай-газ өндіру басқармасы мен екі құрылымдық мекеме кіретін Компанияның негізгі қызметі мұнай өндіру және дайындау. Бұл орайда кәсіпорын биылғы жылдың соңғы 10 айының қорытындысы бойынша жоспардағы 2331,800 тоннаның орнына 2346,676 тонна өнім өндіріп, межедегі жоспар қосымша 14,876 тоннамен орындалды. 

Өнім көрсеткішін арттырудың негізгі факторы- қосымша жаңа ұңғымаларды іске қосу. Бұл орайда Компания 10 айда 52 ұңғыманы пайдалануға берді. Қабат қысымын бірқалыпты ұстап тұру арқылы өнім көрсеткішін тұрақтандыру- жер қабатына су айдау шарасына байланысты. Биылғы жылдың 10 айында 11,327 текше метр су айдалып, қабат қысымы тұрақты қалыпта сақталуда.

Мұнайшылардың әлеуметтік жағдайын жақсарту мақсатында 2014-2016 жылдарға арналған Ұжымдық шарт бекітілген. Ұжымдық шартта көрсетілгендей мұнайшыларға

- Жұмысшыларды жұмыс орнына жеткізу,

- Үш мезгіл ыстық тамақпен тегін қамтамасыз ету,

- Өндірістің арнайы киімдерімен қамтамасыз ету,

- Ұлттық және кәсіптік мейрамдарға орай сыйақылар тағайындау,

- Материалдық көмектер сияқты әлеуметтік жеңілдіктер қарастырылған.

2014 жылдың қорытындысы бойынша «Ембімұнайгаз» АҚ Ұжымдық шарты республикалық «Парыз» сыйлығының «Ең үздік ұжымдық шарты» номинациясын жеңіп алды.

«Ембімұнайгаз» АҚ облыс жұртшылығына да әлеуметтік көмектер көрсетіп келеді.  2014 жылы көмекке зәру облыс тұрғындарына 189 850 мың теңгеге көмек көрсетілген болса, 2015 жылы 10 айдың қорытындысына сәйкес 106 031 мың теңгеге көмек көрсетілген.

Атырау облысы әкімдігі мен «Ембімұнайгаз» АҚ әр жыл сайын аймақтың әлеуметтік инфрақұрылымын қолдау жөнінде серіктестік бағдарламасын бекітіп, сол бойынша көптеген жұмыстар атқарып келеді. Осы бағдарлама аясында 2013 жылы 264 933 мың теңге бөлінсе, 2014 жылы ол 332 937 мың теңгені құрады. Ал, 2015 жылғы бағдарлама құны 315 154 мың теңге болып бекітілді. 2015 жылдың жұмыстарына: Тұщықұдық селосындағы бала бақшаға 50 орындық жапсаржай құрылысын салу, Исатай ауданы Манаш котлованын тереңдету, Ақай каналы дамбасының жанын күшейту, Доссор поселкесінде Болашақ, Құрылысшы, Шығыс ықшам аудандарына инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысын салу, Қылықоға ауданы Қоныстану селосына дәрігерлерге арналған 2 пәтерлік тұрғын үй құрылысын салу, Миялы селосына 10 үйдің құрысын салу және Доссор кентінен 280 орындық бала бақша салу үшін жобалық-сметалық құжаттама дайындау жұмыстары енгізілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ 2015 жылы алғаш рет  «Дуальдық  оқу жүйесін енгізу» пилоттық жобасын іске қосқан болатын. Оған «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнының 3-курсында оқитын 5 студент, Казақ-Британ техникалық университетінің 3-курсының 20 студенті және Атырау мұнай-газ институтының 3 және 4-курстарында оқитын 35 студент  қатысып отыр.

Компания сонымен қатар, «APEC Petrotechnic»  жоғары техникалық оқу орнының   1-курсының  5 студентіне стипендия  төлеу бағдарламасын іске қосты.  Компания бекіткен стипендияға лайықты студенттер алдын-ала іріктеуден өтті. Олар  «Мұнай-газ кен алаңдарын пайдалану» мамандығы бойынша оқуға түскен аз қамтылған және көп балалалы  отбасыларының балалары мен балалар үйінің тәрбиеленушілері. Оларға «APEC Petrotechnic» жоғары техникалық оқу орнына түсерде жақсы үлгерімімен жоғары балл жинау талабы қойылған.   Компания мұнай бағасының құлдырауына орай туындаған  ел экономикасындағы қиындықтарға қарамастан,  мұнай-газ саласын  білікті мамандармен  қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр.  Стипендия төлеу бағдарламасы бойынша «ЕМГ» АҚ оқу бағдарламасының соңына дейін студенттердің оқу ақысын төлеумен қатар оларға  бір ең төменгі еңбекақы мөлшерінде  стипендия тағайындады.  Сонымен бірге студенттер Компанияның өндірістік базасында практикадан өтеді. Аталмыш бағдарлама соңында стипендия иелері бос жұмыс орындары болған жағдайда ЕМГ-ға қызметке орналасатын болады.

«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның баспасөз қызметіне хабарласа аласыздар:

Қаражанова Ғалия -G.Karajanova@emg.kmgep.kz , тел: +77122993421, +77122355056 (қазақ тілінде),
Лаура Сулейменова –L.Suleimenova@emg.kmgep.kz тел:+77122993477 (орыс тілінде)

Анықтама:

«ЕМГ» АҚ – «КМГ»ҰК» АҚ-на қарасты «КМГ» БӨ» АҚ –ның еншілес кәсіпорны.»ЕМГ»АҚ-на қарасты 6 басқарма бар. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚЖжЖК». Компанияда 41 мұнай-газ кеніші бар, оның 33-де өнім өндіріледі.