Ембіде геологтар кәсіби мерекелерін атап өтті
Ембіде геологтар кәсіби мерекелерін атап өтті
29-30 наурыз күндерінде «Ембімұнайгаз» АҚ (Компания немесе ЕМГ) орталық кеңсесінде «Қазақстандық мұнайшы –геологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңа мезозой мұнай -газ өндіру горизонттары» тақырыбында семинар өтті. Екі күнге созылған шара соңы Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұнайшысы, Ленин атындағы сыйлықтың, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, КСРО-ның Құрметті мұнайшысы, көптеген кен алаңдарын, соның ішінде Теңіз кен алаңын ашқан – Жолдасқали Досмұхамбетовтің 100 жылдығына арналған конференцияға ұласты. Шараның бас демеушісі-«Ембімұнайгаз» АҚ.
Семинарға Компанияға қарасты «Қайнармұнайгаз», Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-ның, «N Block BV», «North Caspian Development», «Потенциал Ойл» компанияларының жетекші геолог мамандары, сейсмологтары, геофизиктері қатысты. Семинардың күн тәртібінде мезозойлық қабаттарда мұнай іздестіру жұмыстарының қорытындылары мен өңдеу әдістері талқыланды.
Геологтар күніне орай ұйымдастырылған шараға Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Жолдасқали Досмұхамбетовтің ұрпақтары қатысты. Шарада Компания бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Әнуар Жақсыбеков құттықтау сөз сөйлеп, геолог Ж.Досмұхамбетовтің мұнай-газ саласына қосқан үлестерін атап өтті. Сонымен қатар, Компанияның келешектегі жоспарларына тоқталды.
«Қазақстандық мұнайшы –геологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің президенті Балтабек Қуандықов өз сөзінде Жолдасқали Досмұхамбетовтің еңбек жолдарына кеңінен тоқталып, оның КСРО мұнай-газ саласын дамытуға қосқан үлесін ерекше атап өтті. Ж.Досмұхамбетов – 1979 жылы Теңіз кен алаңын алғаш ашуға үлес қосқан геолог. Бүгінде бұл- әлемдегі ең ірі мұнай кеніші. Атырау қаласының орталық көшелерінің бірі құрметті геологтың есімімен аталады, дарынды бабаларға арналған облыстық лицейге де геологтың есімі берілген. Аталмыш лицей негізінен мұнай-газ саласына маманданған техникалық жоғары білім ордаларының талапкерлерін дайындайды.
Семинарда «АтырауГео-2015», «Мақат кен алаңына-100 жыл», «Қазақстан мұнай өндірісінің қалыптасуы мен дамуы», «Қазақстан мұнайгазды бассейні және оларды игерудің келешегі», «Геологтардың өмірбаяндары» шараларындағы баяндамалардың жинағын топтастырған жаңа кітаптар көпшілікке таныстырылды.
Шараның соңында ҚР Инвестициялар және даму министрлігі геология және жер қойнауын пайдалану комитеті, «КазЭнерджи» Ассоциациясының , «Қазақстандық мұнайшы –геологтар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің және «Запказнедра» Атырау аймақтық инспекциясының медаль, төс белгілері, Құрмет грамоталары, Алғыс хаттары, табыс етілді. ЕМГ атынан Алғыс хат пен бағалы сыйлық Ембі кен алаңдарын алғаш ашуға үлес қосқан алты ардагер-геологқа табысталды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша «Үздік геолог» атағын Қазақ Ғылыми-Техникалық Университеті геология және мұнай-газ кафедрасының доценті Нұғманов Якуб Даутович иеленді.
Шара соңы мерекелік дастарханға жалғасты.
«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның баспасөз қызметіне хабарласа аласыздар:
Қаражанова Ғалия -G.Karajanova@emg.kmgep.kz , тел: +77122993421, +77122355056 (қазақ тілінде),
Лаура Сулейменова –L.Suleimenova@emg.kmgep.kz тел:+77122993477 (орыс тілінде)
Анықтама:
«ЕМГ» АҚ – «КМГ»ҰК» АҚ-на қарасты «КМГ» БӨ» АҚ –ның еншілес кәсіпорны.»ЕМГ»АҚ-на қарасты 6 басқарма бар. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚЖжЖК». Компанияда 41 мұнай-газ кеніші бар, оның 33-де өнім өндіріледі.