сайт статистики

Есеп беру жиналысында

Есеп беру жиналысында

2016 жылдың 23-қаңтарында «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ә.Е.Жақсыбеков еңбек ұжымдарымен кездесті. Кездесудің мақсаты-2015 жылдың қорытындыларын талқылау.

Ә.Е.Жақсыбеков шара кезінде баяндама жасап, онда жыл ішінде нәтижесін тапқан өндірістік-әлеуметтік көрсеткіштерге жан-жақты тоқталып өтті.

- 1.01.2015 ж.-1.01.2016 ж. аралықтарында ЕМГ 2823,04 мың тонна мұнай, 187916,36 мың текше метр ілеспе газ өндірді. 2015 жылда Компанияның ірі инвестициялық жобасы- Прорва кен алаңындағы ілеспе газды тазарту қондырғысының құрылысы жалғасты. Жобаның құны 2014-2015 жж. - 17,4 млрд. теңге болса, 2015 жылда осы қаражаттың шамамен 4,6 млрд. теңгесі игерілді. Құрылыс нысанын 2016 жылдың желтоқсан айында тапсыру жоспарланған.

Бүгінгі таңда Компания электрэнергиясын тиімді пайдалану мәселесін күн тәртібіне қойып отыр. Бұл бағытта нәтижесін тапқан шаралар: 31 ұңғымаға штангалық желілік сорап орнатылды, нәтижесінде электрэнергиясын пайдалану 15 пайызға қысқартылса, ұңғыманы басқару интеллектуалды стансасы іске қосылғаннан соң энергия көзін пайдалану 30 пайызға дейін азайған.

2015 жылы 7 өндірістік жарақат тіркелініп, 9 жұмысшы зардап шеккен. Осыған орай, Компания еңбекті қорғау және техникалық қауіпсіздік ережесі талаптарын сақтау шараларын күшейтті.

Компания өз қызметкерлерін толықтай әлеуметтік қамқорлыққа алған: айлық жалақы мен өндірістік көорсеткіштерге қарай сыйақылардың дер кезінде төленуімен қатар, қызметкерлерге материалдық көмектер, әлеуметтік төлемдер, бір жолғы өтемдік төлемдер және сыйақылар берілді.

2015 жылы жұмысшылардың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту мақсатында «Доссормұнайгаз» МГӨБ қарасты Қарсақ және Шығыс Мақат кен алаңдарында 50 орынды жатақхана, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ қарасты Жаңаталап кен алаңында 50 кісілік асхана пайдалануға берілді.

Мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында Компания үлкен жұмыстарды жүзеге асырды. 2015 жылы 1170 инженер, 672 жұмысшы мұнай-газ саласына бағытталған арнайы курстарға, треннингтерге қатысты. 5066 маман еңбек қорғау және өндіріс қауіпсіздігі бойынша арнаулы курстан өтті. Мамандардың арнаулы курстардан, треннингтерден алған білімдері Компанияның дамуына оң әсер ететіні сөзсіз.

Тек, 2015 жылдың ішінде 300-ден астам маман «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК»АҚ, Казэнерджи Ассоциациясының, «Самұрық-Қазына» ӘАҚ» АҚ, ҚР Энергетика министрлігінің Алғыс хат, Құрмет грамоталарымен мараппатталған. 5 маман – ҚР Конституциясының 20 жылдығына орай медалімен, 11 маман- «Мұнай-газ саласының дамуына қосқан үлесі үшін» медалімен, 12 маман- «Мұнай-газ саласының Құрметті маманы» төс белгісімен марапатталды.

2015 жылы желтоқсанда «Ембімұнайгаз» АҚ Бас директорының бірінші орынбасары Есқазиев Құрманғазы Орынғазыұлына «Қазақстан Республикасы көмірсутегі әлеуетін ғылыми негіздеу» тақырыбындағы жұмысы үшін ғылым мен техника саласындағы Әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлық табыс етілді.

ЕМГ Атырау қаласы мен өндіріс алаңдары орналасқан аудандардың тұрғындары алдында әлеуметтік міндеттерін толық деңгейде орындап келеді.

«Ембімұнайгаз» АҚ мен Атырау облыстық әкімдігінің арасында бекітілген «Жер қойнауын пайдалану» Келісім шартына сәйкес Компания 2015 жылы әлеуметтік нысандардың құрылысына 315 млн. астам қаражатты облыстық бюджетке аударды. Бұл қаражатқа 5 нысан құрылысы салынды: Исатай ауданы бойынша – Тұщықұдық селосындағы «Құлыншақ» балабақшасының негізгі ғимаратына қосымша 50 орынды жапсаржай салынды, Ақай каналы мен Манаш су қоймасы күшейтілді, Қызылқоға ауданы бойынша - Миялы селосында 10 тұрғын үй, Қоныстану селосында 2 пәтерлік бір тұрғын үй салынып, пайдалануға берілді. Мақат ауданы бойынша- Доссор поселкесінде 280 орынды балабақша құрылысының жобалау-сметалық құжаттары дайындалды.

2016 жылы жергілікті әкімдікпен арадағы Келісім шартқа сәйкес Доссор поселкесінің Болашақ, Құрылысшы, Шығыс мөлтек аудандарының коммуникация желілерінің құрылысы жалғасуда.

Компания қызметкерлердің бірлігін, достық байланыстарын нығайту арқылы салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында үлкен жұмыстарды жүзеге асырды. 2015 жылдың қыркүйегінде Атырау қаласында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-на қарасты еншілес мекемелері қызметкерлерінің арасындағы дәстүрлі шара қазақ хандығының 550-жылдығына орайластырылған мұнайшылардың 4-Спартакиадасы өтті. Оған «Ембімұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Қазгермұнай» БК» ЖШС, «КМГ»БӨ» АҚ, Жаңаөзен қаласының ДЗО құрама командасы қатысты. Спорт шарасын ұйымдастыруға 33,5 млн. теңге қаражат бөлінді.

2015 жылдың шілде-тамыз айларында «Үздік маман-2015» конкурсы ұйымдастырылып, оған 329 маман қатысты. Кәсіби біліктілікті шыңдау мақсатындағы шараның бірінші, екінші кезеңдері ЕМГ базасында ұйымдастырылса, ақтық үшінші кезең – ҚМГ БӨ АҚ деңгейінде «Өзенмұнайгаз» АҚ базасында өтті. Сайыстың қорытындысында ЕМГ 3 маманы екінші орынды, 2 сайыскер үшінші орынды иеленді.

«Қайырымдылық және демеушілік» Бағдарламасының аясында Компания 2015 жылы 124 млн. астам қаражат бөлді. Қаражат облыстық №1 С.Қазыбаев атындағы балалар үйінің тәрбиеленушілерінің үш айғы жазғы демалысын ұйымдастыру мақсатында Железноводск қаласындағы «Геолог Казахстана» сауықтыру лагеріне жолдамаға, «Атырау облыстық бокс Федерациясы» қоғамдық бірлестігіне, 1-июнь-Халықаралық балаларды қорғау күніне орай арнаулы мекемелерге, «облыстық мүгедектер» және «Атырау облыстық көру қабілеті төмен зағип жандар» ұйымдарына, «Қазақстан мұнайшы-геолог» ұйымына, «Шағын ел» қоғамдық бірлестігіне жұмысалды. Сонымен қатар, 11 жеке тұлғаға әлеуметтік көмек көрсетілсе, оның 10-і ауыр науқасты балаларға жедел ота жасауға берілді. Атырау облысы бойынша Әлеуметтік бағдарламаларды қолдау мақсатында 101 млн. теңгеден астам қаражат облыс бюджетіне аударылды.

Атырау қаласында соңғы екі жылда болған қатты носердің салдарынан баспаналары жарамсыз болған отбасыларға алдымен көмек қолын созғандар-ЕМГ ұжымы. Облыстағы көмекке мұқтаж отбасыларын анықтау мақсатында Компания жас мамандар кеңесінің мүшелері белсенді түрде дереу іске кірісті. Осы мақсатқа ЕМГ ұжымының мүшелері бір күндік жалақыларын аударып, баспаналары су астында қалған отбасыларына көмек көрсетті. Жиналған 18 миллионнан астам қаражат «Ембі-Демеу» қорына аударылып, көмекке мұқтаж жандардың баспаналарына көмекке жұмысалды. Жалғызілікті зейнеткер Калым Құрмановқа жаңадан баспана салынса, тәрбиелерінде мүмкіншілігі шектеулі балалары бар отбасыларына: Жұмагүл Көпбергенова мен Ринат Сапаровтың бітпей тұрған баспаналары толықтай аяқталды, Лидия Оттенбахер мен Әйгерім Сүлейменованың баспаналарына күрделі жөндеу жүргізілді,

Бүгінгі нарықтағы мұнай бағасының құлдырауына қарамастан Компания өндірістік көрсеткіштерді орындаумен қатар, облыстың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Назарларыңызға рахмет!

Есеп беру жиналысы кезінде жұмысшылардың Компания басшылығына қойған сауалдарына жан-жақты жауаптар берілді.