«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғамдық келісім Кеңесінің кезекті отырысы «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасының Прорва кен алаңында өтті
«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғамдық келісім Кеңесінің кезекті отырысы «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасының Прорва кен алаңында өтті.
«Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ немесе Компания) бойынша ұжым ішілік бірлікті нығайту, еңбек дауларын шешу мақсатында 2013 жылдың тамыз айында Қоғамдық келісім кеңесі құрылған болатын. Кеңестің мүшелері анықталып, ұйым күні бүгінгі таңға дейін өзінің ережесі мен жоспарына сәйкес жұмыс жүргізіп келеді. Кеңестің ұйымдастыруымен Прорва кен алаңындағы «Каспий самалы» мұнайшылар қалашығында дөңгелек үстел шарасы өтті. Оған «Жылыоймұнайгаз» МГӨ басқармасына қарасты барлық цехтардың: Прорва кенішінің цехтары мен Терең – Өзек мұнай-газ өндіру цехынан, Қосшағыл мұнай-газ өндіру цехынан, Қаратон ППН, Құлсары ПРЭО, Құлсары ПРС цехтарының мұнайшылары қатысты. Мұнайшылармен болған кездесуге облыс әкімі аппаратының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы Аман-Турлина Тамара , облыстық қоғамдық келісім Кеңесінің төрағасы, доктор, профессор Құлжанов Дүйсенбек, облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, жазушы-өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, мемлекеттік қызметтің ардагері, ҚР мәдениет қайраткері Абат Кенжеғали, облыстық дін істер басқармасы ақпараттық талдау орталығының директоры Жарас Есенғалиев қатысып, тақырып аясында өз ойларымен бөлісті.
Бүгінгі кездесуіміздің мақсаты- сіздермен еркін әңгімелесу. Бізге ойымызды, проблемамызды еркін айта алатын алаң керек. Бүгінгі шара осы мақсатта қолға алынып отыр. Кез келген ұжымдағы проблемалардың алдын алудың жолы -ашық әңгіме, ойымызды бүкпесіз еркін айту. Ашықтық бар жерде проблема болмайды-, деген Тамара Аман-Турлина қоғамдық келісім кеңесінің мақсатына, атқарған жұмысы мен алда тұрған міндеттері туралы жан-жақты түсіндіріп берді.
Бұдан кейін сөз кезегін алған ЕМГ АҚ қоғамдық келісім кеңесінің мүшесі, құжаттармен қамтамасыз ету тобының жетекшісі Салтанат Калиева компанияда нәтижесін тапқан шараларға тоқтала кетті.
2015 жылды ембілік мұнайшылар жақсы табыспен қорытындылады. Бұл-ұжымдағы татулықтың, ауызбіршіліктің көрінісі. Ұжымда тұрақтылық болмаса ауқымды жұмыстарды орындай алмас едік. Компанияда құрылған қоғамдық келісім кеңесі енді мұнайшылардан түскен арыз-шағымдар мен ұсыныстарды қарап, басшылықтың назарына ұсынамыз. Сіздерді мазалаған сауал жауапсыз қалмайды,-деп атап өткен С.Калиева, барлық цехтарда кездесу тақырыбына сай мұнайшылар тарапынан болатын сауалдар үшін жәшіктер орнатылатынын, жәшіктің айына бір рет ашылып, түскен сұрақтардың басшыға ұсынылатынын түсіндірді.
Кездесу барысында жазушы-өлкетанушы Ө.Әлімгереев әлеуметтік желінің зияны мен пайдасын жан-жақты ашып көрсетсе, дін істер басқармасы ақпараттандыру орталығының директоры Ж.Есенғалиев жастар арасындағы дін мәселесіне терең талдау жасады. ҚР мәдениет қайраткері А.Кенжеғали мен облыстық қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Д.Құлжанов жастарды білім көкжиегін кеңейтуге шақырды.
Мұнайшылар арасынан сөз алған жас маман- Прорва кен алаңының ұңғымаларды зерттеу операторы Самат Беков білімді, талантты жастарға қашанда жол ашық болатынын өз тәжірибесіне сүйене отырып, баяндап берді. Алматы қаласындағы Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық универсиситеттің түлегі С.Беков өзінің талпынысының арқасында «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты атанып, АҚШ–тағы Колорадо тау кен мектебін «Мұнайгаз ісінің магистрі» мамандығы бойынша бітіріп шыққан.
Өндірістік құралдарды жөндеу және пайдалану цехының жөндеушісі Мыңтұрған Кенжеш жас мамандарды өндірістің қыр-сырына баулитын тәлімгерлікті жолға қою керек екенін атап өтсе, С.Нұржанов атындағы мұнайгаз өндіру цехының операторы Талғат Қабдолов жастарды теріс діни ағымдардан сақтауға қоғам мүшелері түгелдей үлес қосу керек, сонда ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын баса айтты.
Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның баспасөз қызметіне хабарласа аласыздар:
Қаражанова Ғалия -G.Karajanova@emg.kmgep.kz , тел: +77122993421, +77122355056 (қазақ тілінде),
Лаура Сулейменова –L.Suleimenova@emg.kmgep.kz тел:+77122993477 (орыс тілінде)
Анықтама:
«ЕМГ» АҚ – «КМГ»ҰК» АҚ-на қарасты «КМГ» БӨ» АҚ –ның еншілес кәсіпорны.»ЕМГ»АҚ-на қарасты 6 басқарма бар. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚЖжЖК». Компанияда 41 мұнай-газ кеніші бар, оның 33-де өнім өндіріледі.