сайт статистики

Ақпараттық хабарлама

Ақпараттық хабарлама

«Ембімұнайгаз» АҚ  (ЕМГ немесе Компания)  атақты геолог-мұнайшы Жолдасқали Ахметұлы Досмұхамбетовтің 100 жылдығы мен  Теңіз кен алаңы мұнайының және геологтің есімін иеленген  облыстық лицейдің 25 жылдығына орай мерекелік шараларды ұйымдастырды.

Үстіміздегі жылдың 27 - тамыз күні Ж.Досмұхамбетов атындағы кен алаңында (ЕМГ қарасты «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы) майталман геолог-мұнайшының құрметіне  ескерткіш тақта  салтанатты түрде ашылды. Шараға Компания басшылығы мен ардагер-мұнайшылар, мұнай-газ өндіру басқармаларының ұжымдары мен жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты. 

2-қыркүйек күні ЕМГ басшылығы Ж.Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған лицейде өткен салтанатты шараға қатысты.

- Қазақ мұнайының бастауында тұрған «Ембімұнайгаз» АҚ тарихының жарқын беттері  Ж.А.Досмұхамбетовтің еңбек еткен уақытымен тығыз байланысты.  Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» АҚ бойынша 50-70 жылдары ашылған 10-нан астам мұнай кен алаңдарын игеріп жатса, олардың арасынан Байшонас, С.Балғымбаев, С.Нұржанов, Батыс Прорва, Оңтүстік-Батыс Қамысты, Жаңаталап, Ровное, Ақтөбе, Досмұхамбетов, Батыс Терең-Өзек кеніштер Жолдасқали Ахметұлының белсенді араласуымен ашылған. Аталған кен алаңдары Компания өнімінің 50 пайызын беріп тұр.  Мұнай кеніштері   100 млн. тоннадан астам «қара алтынды» мемлекет қоймасына тапсырған- деп атап өтті салтанатты шарада  «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар ЖАҚСЫБЕКОВ.

Компанияға қарасты мердігер мекеменің күшімен  мектеп оқушыларының жазғы демалысына арналған қысқа  мерзімде  ірге тасы 1948 жылы қаланған  лицейдің ғимаратына толықтай күрделі жөндеу жүргізілді. Нақтыласақ, лицейдің сыртқы қас беттері мәрмәрмен  қапталып, ғимараттың ішкі кабинеттері жаңартылды. Акт залы, спортзал, сынып кабинеттері толықтай жөндеуден өтті.   Сонымен қатар, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ лицейдің физика, химия және ақпараттық жүйелер кабинеттерін заман талабына сай жаңа құралдармен толықтай жабдықтап берді.

Бұдан кейін Компания басшылығы  ТШО мен ЕМГ компаниялары бірлесе ұйымдастырған Ж.Досмұхамбетовтің 100 жылдығы мен Теңіз мұнайының 25 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференцияға қатысты.

Салтанаты шарада баяндама жасаған Қ.Есқазиев қазақстандық мамандардың елеулі еңбектерін ерекше атап өтті.

- 60-жылдардың басында  Ж.Досмұхамбетовтің басшылығының және  ембілік  барлаушылар мен мұнайшылардың күшімен  Оңтүстік Маңғышлақтағы кеніштер, Өзен мен Жетібай кен алаңдары ашылды. Еліміздің мұнай-газ саласының тарихындағы маңызды оқиға- қазақстандық геолог-мұнайшылар алып кеніш- Теңіз мұнайын тапты. Теңіз кенішіне қатысты Ж.Досмұхамбетовтің айтқан болжамы шындыққа ұласып, атына сай жер асты мол байлық қоры анықталды.  1985 жылы Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Орталық Комитетінің және КСРО Министрлер Кеңесінің Шешіміне сай Теңіз мұнай кешені құрылды. Алып кенішті игеру жұмыстары  Қазақстанның халық сирек қоныстанған шөлейт жерлерінде қысылтаяң жағдайда ұйымдастырылды. Кен алаңын игеру жұмыстарына ондаған мың адам (мұнайшылар, бұрғышылар, құрылысшылар, өзге де мамандық иелері) тартылып, 5 жыл ішінде ауқымды жұмыстар атқарылды. Теңіз кен алаңын игеруге атсалысқан барша мамандық иелерінің табысты  еңбектері үшін  үлкен алғысымызды білдіреміз-деп атап өтті өзінің баяндамасында «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Бас директоры, «Ембімұнайгаз» АҚ бас директорының бірінші орныбасары, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың иегері Құрманғазы Орынғазыұлы Есқазиев.

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның баспасөз қызметіне хабарласа аласыздар:

Қаражанова Ғалия -G.Karajanova@emg.kmgep.kz , тел: +77122993421, +77122355056 (қазақ тілінде),
Лаура Сулейменова –L.Suleimenova@emg.kmgep.kz тел:+77122993477 (орыс тілінде)

Анықтама:

«ЕМГ» АҚ – «КМГ»ҰК» АҚ-на қарасты «КМГ» БӨ» АҚ –ның еншілес кәсіпорны.»ЕМГ»АҚ-на қарасты 6 басқарма бар. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚЖжЖК». Компанияда 41 мұнай-газ кеніші бар, оның 33-де өнім өндіріледі.