сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ немесе Компания) басшылықтың ұжыммен кездесуі - есеп беру жиналысы өтті

«Ембімұнайгаз» АҚ (ЕМГ немесе Компания) басшылықтың ұжыммен кездесуі - есеп беру жиналысы өтті

10-наурыз күні ЕМГ орталық кеңсесінде Компания басшылығының  ұжыммен кездесуі-   есеп беру жиналысы өтті. Есеп беру жиналысына  Компанияға қарасты төрт мұнай-газ өндіру басқармасы мен екі құрылымдық мекеме ұжымдарының өкілдері, кәсіподақ комитетінің жетекшілері және орталық аппараттың қызметкерлері қатысты.

- Компания 2016 жылда 2 млн. 832 мың тонна мұнай өндіріп,  жоспар көрсеткішін  қосымша 10 мың тоннаға артық орындады. Жоспардағы 190,326 млн. текше метр ілеспе газдың орнына 191,649 млн. текше метр газ өндірілді. Өнім өндіру көрсеткішінің артуы ұйымдастыру жұмыстары мен геолого-техникалық шаралардың дер кезінде орындалуына байланысты.  Компания  ұжымына   алғыс айтамын!

... Әлем нарығындағы өзгерістерге орай қолға алынған өндіріс шығындарын оңтайландыруға қарамастан Компания ел экономикасын дамыту жолындағы жауапкершілігін жақсы түсінеді. Өткен жылы республикалық бюджетке төленген салық және міндетті төлемдер көлемі 81 млрд. теңгені құрайды.   ЕМГ мен Атырау облыстық әкімдігі арасындағы жер қойнауын пайдалану Келісімшартының аясында өңірдің инфрақұрылымының дамуына 599 млн. теңге қаражат аударылды. 

... Компания басшылығы мен топ-менеджерлері мұнайлы өңірдегі  әлеуметтік тұрақтылықтың сақталуын , ЕМГ жұмысшыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларының жақсаруын жіті назарда ұстайды.  2016 жылы 2017-2021 жж. арналған Ұжымдық шарт бекітілді.   Әлем нарығындағы мұнай бағасының тұрақсыздығына қарамастан Компания әлеуметтік пакетті сол күйінде сақтап отыр.  Бес жылдық Ұжымдық шартты талқылауға акционерлік қоғамның ұжымы түгелдей ат салысты,- деп атап өтті өз баяндамасында бас директордың жаңа жобалар және технологиялар жөніндегі орынбасары Ануар Жақсыбеков.

Есеп беру жиынында залдан рационализаторлық ұсыныстың авторларын марапаттау, өндірістік жабдықтарды сатып алу мерзімін тездету, дуалдық оқу бағдарламасы бойынша жұмысқа алу, Шығыс Мақат кен алаңында асхана, Солтүстік Жолдыбай кен алаңында асхана мен жатақхана құрылыстарын жүргізу т.б. сауалдар түсіп, жұмысшылардың сұрақтарына жан-жақты   жауаптар берілді.

Әлеуметтік нысандардың құрылысына қатысты:

- «Әлеуметтік нысандарды жаңғырту» Бағдарламасының аясында 2018 жылы Солтүстік Жолдыбай кен алаңында 50 орынды жатақхана мен  30 орынды асхананың құрылысын салу жоспарлануда. Алайда, аталмыш нысандардың құрылысы жөніндегі қорытынды шешім кен алаңының болашағын есепке ала отырып  экономикалық тиімділікті  бағалаудан кейін алынады.  Шығыс Мақат кенішінде 150 орынды асхана 2019 жылдың бизнес-жоспарында қаралған. Биылғы жылы  екі асхана құрылысын: С.Балғымбаев кен алаңында 150 орынды ,  Қисымбай кенішінде 50 кісілік және  Кенбай кен алаңында 100 орынды жатақхана құрылысын бастау   жоспарлануда,-деп жауап берді жұмысшылардың сауалдарына А.Жақсыбеков.  

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның баспасөз қызметіне хабарласа аласыздар:

Қаражанова Ғалия -G.Karajanova@emg.kmgep.kz , тел: +77122993421, +77122355056 (қазақ тілінде),
Лаура Сулейменова –L.Suleimenova@emg.kmgep.kz тел:+77122993477 (орыс тілінде)

Анықтама:

«ЕМГ» АҚ – «КМГ»ҰК» АҚ-на қарасты «КМГ» БӨ» АҚ –ның еншілес кәсіпорны.»ЕМГ»АҚ-на қарасты 6 басқарма бар. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚЖжЖК». Компанияда 41 мұнай-газ кеніші бар, оның 33-де өнім өндіріледі.  Компанияда 31.12.2016 ж. есеп бойынша 5236 адам еңбек етеді.