сайт статистики

«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты Прорва тобы кен орындарында газды кешенді дайындау Қондырғысы (бұдан әрі «ГКДҚ» немесе «Қондырғы») іске қосылды

«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты Прорва тобы кен орындарында газды кешенді дайындау Қондырғысы (бұдан әрі «ГКДҚ» немесе «Қондырғы») іске қосылды

Нысанды салтанатты ашу шарасына «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ Бас директоры Құрманғазы Есқазиев, БАҚ өкілдері және Компания қызметкерлері  қатысты. 

- Жобалық қуатына кіріскеннен кейін, Компания қатарынан  бірнеше міндеттерді шешеді. Ең алдымен, «Ембімұнайгаз» АҚ алауларда ілеспе газды жағуды тоқтатады, ал оның аймақтағы қоршаған ортаға және жақын орналасқан Жылыой ауданы тұрғындары үшін маңызы өте зор. Бұл «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясы мен оның еншілес кәсіпорындары үшін экология мәселесі мен жергілікті халықтың мұқтажы басты мәселе болып қалатынын тағы бір дәлелдейді, - деп атап өтті құттықтау сөзінде «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы Сауат МЫҢБАЕВ. 

- Жобаны  пайдалануға беру біздің Компанияның мерейлі 95 жылдығымен тұспа-тұс келгені қуанышты жағдай. Мұнайлы Ембі жүз жылдан аса уақыт ұлттық экономиканың және аймақтағы әлеуметтік тұрақтылықтың дамуына қомақты үлес қосып келеді. Акционерлік қоғам болып құрылған 2012-2016 жылдар аралығында Компания салық түрінде республикалық және жергілікті бюджетке 625 млрд. теңгеден астам салық төледі, 1,7 млрд. теңгеден астам Атырау облысының инфрақұрылымын дамытуға және 1,7 млрд. теңгеден астам демеушілік пен қайырымдылық шараларына жұмсады... Бүгін біз үшін маңызды сәт. Алдағы екі ай көлемінде Қондырғыны жобалық қуатына бергенге дейін кешенді қосу-реттеу жұмыстары жүргізіледі, - деді нысанды іске қосу шарасында «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Ануар ЖАҚСЫБЕКОВ. 

ГКДҚ Атырау облысы, Жылыой ауданы Прорва тобы кен орындарындағы (С.Нұржанов, Батыс Прорва, Ақтөбе, Досмұхамбетов) ілеспе мұнай газын кәдеге жаратуға арналған. Қуаттылығы жылына 150 млн. м3 Қондырғының құрылысы 2014 жылдың жазында басталды. 

Қондырғының ерекшелігі сол, Қазақстанда алғаш рет күкірт алу үшін MERICHEM фирмасының LO-CAT патенттелген технологиясы қолданылып отыр. Аталған технология экологиялық зиянсыз, улағыш химикаттары жоқ және зиянды әсері бар қалдықтарды шығармайды, күкіртсутегін жоюдың тиімділігі жоғарылығын қамтамасыз етеді. Газды дайындаудың барысы толық ароматталған  және өндіріс кезінде апатты жағдайларға қарсы бірнеше қорғаныс түрлерін қарастырады. 

Пайдалануға бергеннен кейін, Қондырғыда тауарлы газ, тауарлы түйіршіктелген күкірт, тұрақты газ конденсаты өндіріледі. Тауарлы газды ГКДҚ – ГСП «Толқын» кеніштік газқұбыры арқылы тасымалдау жоспарланып отыр. Тұрақты газ конденсаты өз қажеттілігіне пайдаланылады, ал түйіршіктелген күкірт – ішкі және сыртқы нарықта сатылады.

Бұл жобаның Бас мердігері «Kerneu limited» ЖШС болды. Жобаның құны 35 млрд. теңге көлемін құрады. Қондырғының құрылысы барысында 500-ден аса уақытша жұмыс орны ашылса, оны пайдалануға бергеннен кейін Қондырғыда Компанияның 100-ге жуық жұмысшысы тұрақты еңбек ететін болады. 

Еске сала кетсек, ЕМГ-де ілеспе мұнай газын кәдеге жарату Бағдарламасы аясында 2014 жылдан бері Салтанат Балғымбаев кен алаңында (Исатай ауданы, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ) және Шығыс Мақат кен орнында (Мақат ауданы, «Доссормұнайгаз» МГӨБ) газды кешенді дайындау Қондырғысы (ГКДҚ) жұмыс істейді. Бүгінгі таңда ол екі Қондырғы Атырау облысының үш ауданының тұрғындарын қолжетімді бағамен табиғи газбен қамтамасыз етіп отыр. 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның баспасөз қызметіне хабарласа аласыздар:

Қаражанова Ғалия - G.Karajanova@emg.kmgep.kz , тел: +77122993421, +77122355056 (қазақ тілінде),
Лаура Сулейменова – L.Suleimenova@emg.kmgep.kz тел:+77122993477 (орыс тілінде)

Анықтама:

«ЕМГ» АҚ – «КМГ»ҰК» АҚ-на қарасты «КМГ» БӨ» АҚ –ның еншілес кәсіпорны.»ЕМГ»АҚ-на қарасты 6 басқарма бар. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме «Ембімұнайэнерго», «ӨТҚЖжЖК». Компанияда 41 мұнай-газ кеніші бар, оның 34-де өнім өндіріледі.