Ембілік қызметкерлер балаларының арасында шығармашылық байқау жариялаймыз!

ҚҰРМЕТТІ ЕМБІЛІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРДІҢ БАЛАЛАРЫ!

Сіздерді келе жатқан 1-маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнімен және көптен күткен  жазғы каникулдың басталуымен шын жүректен құттықтаймыз. Каникул кезінде уақыттарыңызды көңілді және тиімді өткізу үшін «Менің бақытты балалық шағым» атты дәстүрлі шығармашылық байқауды жариялаймыз.

Биыл байқау онлайн форматында өтеді. Өздеріңіздің шығармашылық жұмыстарыңызда бүгінгі күнгі өмірлеріңіз, мұнайлы Ембіде қызмет ететін ата-аналарыңыз, 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысында жеткен жеңіске отбасыларыңыздағы аға буын өкілдерінің қосқан үлесі туралы баяндай аласыздар. 

Байқау 3 номинация бойынша өтеді:

- «Менің әкем/анам – Ембі мұнайшысы» номинациясында ата-аналарының қызметі, күнделікті жұмысы туралы ойларын көрсетулеріңіз керек.

- «Батырлар ерлігі – мәңгі есімізде» номинациясында Ұлы Жеңістің 75 жылдығына орай өздерінің соғысқа қатысқан немесе тылда еңбек еткен ата-әжелеріңіздің ерліктері туралы баяндай аласыздар.

- «Карантин бізге не үйретті?» номинациясында карантин басталған кезеңнен бастап үйренген істеріңіз, бос уақыттарыңызды ата-аналарыңызбен бірге қалай өткізіп жатқаныңыз  туралы жан-жақты баяндауларыңыз керек.  

Байқаудың шарттары:

Байқауға 5 мен 15 жас аралығындағы балалар қатыса алады.  Байқауға ұсынылған шығармашылық жұмыстар қазақ және орыс тілдерінде, әртүрлі жанрда – мақала, репортаж, фоторепортаж, сурет, бейнеролик (телефонға түсіруге болады) түрінде қабылданады. Балалар өздерінің шығармашылық жұмыстарына өмірбаянын (бала туралы қысқаша деректер:нешінші сыныпта оқиды, мекен-жайы, сабақтан тыс айналысатын қызығушылығы, баланың барлық марапаттары т.б.) қоса жолдаулары тиіс. Сонымен қатар, баланың  аты-жөні, «Ембімұнайгаз» АҚ-да қызмет ететін ата-анасының аты-жөні жұмыс орны, лауазымы анық көрсетілуі қажет.

Байқау жұмыстары 2020 жылдың 26 мамыр – 3 тамыз күндері аралығында қабылданады. Жеңімпаздарды марапаттау шарасы тамыз айына жоспарланып отыр. Байқауға түскен шығармашылық жұмыстар жас ерекшеліктеріне қарай үш топпен бағаланады:

5-9 жас аралығындағы «Үздік жұмыс»;

10-12 жас аралығындағы  «Үздік жұмыс»;

13-15 жас аралығындағы  «Үздік жұмыс»; 

Шығармашылық жұмыстарды  G.Karajanova@emg.kmgep.kz, A.Ertleuova@emg.kmgep.kz электронды пошталарына немесе +77014472137 WhatsApp нөміріне жолдай аласыздар.

Байқауға түскен үздік шығармашылық жұмыстар «Ембімұнайгаз» АҚ-ның электронды корпоративтік «Ембі тынысы» газетінде, Компанияның сайтында - www.emba.kz және әлеуметтік желілеріндегі (Facebook, Instagram, You tube) ресми парақшаларына орналастырылады.  

Cіздерге байқауда жеңіс және қызықты каникул тілейміз!