АРЫС: «ЕМБІМҰНАЙГАЗ» ҰЖЫМЫ 400-ДЕН АСТАМ БАЛАНЫ ҚУАНЫШҚА БӨЛЕДІ

22 шілде, 2019

Бүгін Арыс қаласындағы Ә.Жангелдин атындағы жалпы орта мектебінде «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы өтті. Атырау облысындағы «Ембімұнайгаз» АҚ-ның ұжымы «Арыс. Біз біргеміз» республикалық акциясына үн қосып, 400-ден астам арыстық оқушыға мектеп жабдықтары мен киім-кешек сатып әперді.

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның басқарма төрағасы Әнуар Жақсыбековтың бастамасымен арнайы өкілдерін жіберген атыраулық мұнайшылар көпбалалы және аз қамтылған отбасылардан шыққан бастауыш сынып оқушыларын қуантып, Арыс жұртшылығымен бірге екендерін дәлелдеді.

Әр оқушыға аяқкиім, сөмке, ақ жейде, мектеп формасы және өзге де қажетті киімдер берілді. Қуаныштан жүздері жайнаған оқушылар мен ата-аналар қиын-қыстау кезеңде көмек қолын созған атыраулық мұнайшыларға алғыстарын білдірді.
«Ембімұнайгаз» – барлық акциясы Қазақтанға тиесілі ірі компания. Бұған дейін де Атырау, Шығыс Қазақстан облыстарында қайырымдылық акцияларымен айналысып, тұрғындарға көмектескен. Бұл жолы Арыс қаласының оқушыларына да қолдау көрсетіп отыр.
Бүгінде Арыстағы 16 мектептегі әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардан шыққан 2 мыңға жуық оқушы бар. Олардың бірқатарына «Мектепке жол» акциясы және демеушілердің көмегімен қолдау көрсетіліп жатыр.

Дереккөз: bilimainasy.kz