Мұнайлы Ембі С жоспарына көшті

24 маусым, 2020

Бұған дейін хабарланғандай, «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ) кен орындарында ембілік және мердігер компаниялар жұмысшыларының арасында COVID-19 жұқтыру жағдайларының анықталуына байланысты, ағымдағы жылдың наурыз айында бекітілген С жоспары (жұмысшылардың кен орындарында немесе ЕМГ әкімшілік ғимараттарында инфекция анықталған жағдайда) аясында қауіпсіздік шаралары күшейтілді.

Қазіргі уақытта Ембі кен алаңдарының вирус жұқтырған жұмысшыларының басым бөлігі Атырау және Құлсары қалаларындағы стационарлардан және Береке мөлтек ауданындағы карантиндік оқшаулау орындарынан шығарылды. Теріс нәтиже анықталған байланыстағы барлық жұмысшылар жұмыс орындарында бақылауда. Жуық арада «Қайнармұнайгаз» және «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ өндірістік қызметкерлері мен мердігер компаниялардың жұмысшылары арасында болатын вахта ауысымы ЕМГ кен орындарына кіру және шығудың жаңа алгоритміне сәйкес жүзеге асырылады. Аталған алгоритмге сәйкес, ЕМГ-нің және мердігер компаниялардың барлық жұмысшылары вахтаға кіру үшін ПТР тесттерінің теріс нәтижесі шыққанға дейін мамандандырылған оқшаулау орнында (Атырау қаласындағы қонақүйде) 5 күн карантинде болады. Ал, жаңа вахта кен орындарындағы барлық нысандарға толық дезинфекция жасалғаннан кейін жұмысқа кіріседі.

С жоспарын іске асыру аясында компанияның барлық нысандарындағы ЕМГ мен мердігер компаниялардың қызметкерлер саны мұнай өндіру мен дайындаудың өндірістік циклын және маңызды бизнес-үдерістерді қамтамасыз ету үшін қажетті ең төменгі деңгейге дейін азайтылды. Басқару аппараттары қызметкерлерінің 70% -ы қашықтықтан жұмыс жасауда.

ЕМГ-нің барлық кен алаңдары штаттық режимде жұмыс жасауда. Барлық нысандарда қатаң санитарлық-дезинфекциялау режимі енгізіліп, профилактикалық және эпидемияға қарсы шаралар жүргізіліп, компанияның жедел штабы жергілікті атқарушы органдармен және санитарлық қызметтермен тікелей байланыста жұмыс жасауда.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компания» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ 2012 ж.1-қарашасынан  2019 жылы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 1 трлн     теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.