Автор бол! Өзіңнен баста!

13 қараша, 2019

Өзіңді сынап көру, бірқатар күрделі кедергілерден өту, командалық мәселелерді шешуде бірлесе жұмыс жасау, компания ресурстарын үнемдеудің ең тиімді шешімін табу - «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі – ЕМГ немесе Компания)  120 жас маманы өткен аптаның 3 күнін осы және басқа да мәселелерді шешуге арнады.

Қазақстан мұнайының 120 жылдығы мен Жастар жылы аясында «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің және Жас мамандар кеңесінің ұйымдастыруымен Компания тарихында алғаш рет Жас мамандар күні өтті.

- Жас мамандар күнін өткізудегі мақсатымыз – жастарды компанияның өндірістік және стратегиялық міндеттерін шешуге белсенді атсалысуға ынталандыру, сондай-ақ, жас мамандардың кәсіби дамуына жағдай жасау, жас мамандардың бойында корпоративтік құндылықтарды қалыптастыру болып табылады, - деп атап өтті Басқарма төрағасының жалпы мәселелер жөніндегі орынбасары Сәлімжан НАҚПАЕВ.

«Бесікті» демалыс базасында өткен форумның алғашқы күні командалық рухты дамытуға бағытталған коммуникациялық ойында жас мамандар 12 командаға бөлініп, жалпы алғанда 3 алаңда 10,5 км қашықтықта түрле кедергілерді еңсерді. Әрбір алаңда жастарды күтпеген күрделі кедергілер күтіп тұрды. Жастар бұл сынақтардан тек бірлік пен команданың арқасында өтті. Бір айта кетерлігі, командалардың әр қимылдары мен шешімдерін арнайы төрешілер қадағалап отырды. Күш пен жігерді жанитын мұндай жарыстар арқылы ұйымдастырушылар жастарды үйреншікті күнделікті жайлы тірліктен бір мезгіл «суырып алып», бойды билеген қорқыныш сезімдерін жеңіп, командада жұмыс жасаудың маңыздылығын түсіндіруді көздеді. Шара соңында барлық қатысушыларға медальдар табыс етілді.

Алғашқы күннің қорытынды шарасын да ұйымдастырушылар ерекше өткізуді жақсы қолға алған. От жанындағы демалыста жастар гитарамен ән айтып, күзгі кешті керемет өткізді.

Форумның екінші күнінде қатысушылар Кайдзен кубогы үшін сарапқа салды. Ойын барысында әр команда белгіленген уақыт ішінде компанияның өнімділігін арттыру үшін үнемді өндіріс құралдармен жұмыс істеуді үйренді.

- Ұқыпты өндіріс тұжырымдамасы бүгінгі таңда компанияның өнімділігін арттырудың тиімді құралдарының бірі болып табылады. Оның мәні өндірістегі шығындардың барлық түрлерін жоюға ұмтылыста жатыр, - деді қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаменті директорының орынбасары Ғибрат АУҒАНОВ.

Ол бұған дейін өткізілген Жас мамандар күндерінің кәсіби және жеке тұлға ретінде өсуге берген мүмкіндіктерін айтып, өзінің тәжірибесімен бөлісті. Тартысты ойын соңында

Ембінің Кайдзен кубогының иегері анықталып, жеңіске 12-команда қол жеткізді. 

Форумның үшінші күні ЕМГ акт залында жалғасып, мотивациялық бағытқа арналды. Компанияның жас мамандары есімі күллі әлемге таныс, қазақстандық кәсіби марафоншы Марат ЖЫЛАНБАЕВПЕН кездесіп, оның естеліктерін тыңдады. Ол қатысушыларға қиын кездерден, өмірлік сынақтардан қалай сүрінбей өту жөнінде кеңестерімен бөлісті.

Сонымен қатар, шараға қатысушылар компанияның бас кеңсесіндегі геологиялық және интерактивті мұражайларды көріп, өндірісті жедел басқару орталығында болды. Жас мамандар тілектерін, өздеріне болашаққа хаттарын жазып, оны 2020 жылы ашуға уәделесті.

Шара соңында сөз алған «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы «АҚ бизнес-серіктесі Эльмира КАРИМОВА мен ЕМГ қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаменті директоры Гүлбану ШАРАФЕТДИНОВА Жас мамандар күнін өткізудегі мақсаттарға тоқталып, жастарды жинаған үш күндік тәжірибені қызмет барысында қолдануға, білімге, кәсіби біліктілікті арттыруға, жаңашылдыққа ұмтылуға шақырды.

- Үш күнді қорытындылай келе сіздер Компания құндылықтарының әрбір қызметкерге кәсіби қызметімен қоса, өмірдің өзге де бағыттарында жетістікке жетуге ықпал ететінін аңғардыңыздар. Егер сіздер өз өмірлеріңіз бен денсаулықтарыңызды сақтап, мақсатқа жетуге, қоршаған ортаға және жұмыс орнына ұқыптылықпен қарап, өз білімдеріңізді үнемі жетілдіріп отырсаңыз, айналаңыздағы адамдарға сыйластықпен қарасаңыз, қызметтік мансабыңыз бен жалпы өмірде белестерге қол жеткізеріңіз анық, - деп Г. Шарафетдинова шараны қорытындылады.   

Шара соңында барлық қатысушыларға сертификаттар табысталды.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. 2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.