Кәсіподақ комитетінің жаңа төрағасы сайланды

24 қазан, 2019

«Ембімұнайгаз»  АҚ-ның  (бұдан былай ЕМГ мен Компания) Бас кеңсесінде  Кәсіподақ комитетінің есеп беру және  қайта сайлау конференциясы өтті. Оған Компанияға қарасты барлық еңбек ұжымдарынан сайланған 71 делегат пен Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподақ ұйымының өкілдері қатысты.  

Конференцияда ЕМГ Кәсіподақ комитетінің төрағасы Кенжеғали Шанканов өзі жетекшілік еткен соңғы 5 жылдағы ұйымның атқарған жұмыстарына  арналған есептік баяндамасын жасады. Конференция делегаты, ЕМГ Басқарма төрағасы Ануар ЖАҚСЫБЕКОВ ұжымдағы әлеуметтік тұрақтылықты сақтау мақсатында екі жақты бірлескен жұмысқа оң бағасын бере кетті.

Әр ұжымдағы кәсіподақ ұйымы - тұрақтылық кепілі. Біздің Компанияда жұмыс беруші мен  кәсіподақ комитетінің арасында екі жақты бірлескен жұмыс жолға қойылған. Себебі, біздің мақсатымыз ортақ – жұмысшылардың мүддесін қорғау, олардың әлеуметтік қауіпсіздігін сақтау.Ұжымдағы тұрақтылықты сақтау мақсатындағы жұмыс үнемі жалғасын табады. Алайда, бүгінгі таңда Кәсіподақ ұйымының жұмысын жаңғырту, жетілдіру өзекті саналуда. Біздің алдағы жұмысымыз осы бағытқа арналу керек,-деді өз сөзінде Басқарма төрағасы А.Жақсыбеков.

Конференцияда сонымен қатар, Кәсіподақ комитетінің тексеру комиссиясының төрағасы Қ.Қосанов та мерзімді уақыт ішіндегі қаражаттың жұмсалу барысына шолу жасап,  кәсіподақ комитетінің мүшелік жарнасының есеп-шотқа толық түсуі, оның тиімді жұмсалуы барысын баяндады.

Есеп беру баяндамаларынан соң конференцияның жұмысы келесі мәселе - ұйымның жаңа төрағасын сайлауға ұласты. ЕМГ Кәсіподақ комитетінің жаңа төрағалығына 7 үміткер тіркелінген. Олар өздерінің сайлау алды бағдарламаларын таныстыру мақсатында Компанияға қарасты барлық басқарма ұжымдарымен кездескен болатын. Сонымен қатар, үміткерлердің сайлау алды бағдарламалары ЕМГ-нің корпоративті басылымы  «Ембі тынысы» газетіне де жарияланып, өндірістегі барлық цехтарға, әлеуметтік нысандарға ілініп, жұмысшыларға толық таныстырылды.

Делегаттардың  ұсынысы бойынша ұйымның жаңа төрағасын  жабық  түрде дауыс беру арқылы анықтауға шешім қабылданды. Жабық дауыс беру екі кезеңде өтті. Бірінші дауыс беру кезеңінде  7 үміткердің арасынан 2 үміткер алға шықты. «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларынан тіркелген үміткерлер Сырымбек Сарсембаев 22 дауыспен, Мәлік Орынғалиев 25 дауыспен  екінші кезеңге шықты. Екінші дауыс берудің нәтижесінде М.Орынғалиев 37 дауыс жинап (3 дауысқа артық) ұйымның жаңа төрағасы болып сайланды.

Конференция соңында ЕМГ Басқарма төрағасы А.Жақсыбеков ұйымның бұрынғы жетекшісі К.Шанкановтың жұмысына алғыс айтып, сәтті демалыс тілеп иығына шапан жапты.

 

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09;

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.