«Ембімұнайгаз» АҚ-да тәуелсіз директор өзгерді

01 қазан, 2019

«ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы» АҚ Басқармасының шешімімен «Ембімұнайгаз» АҚ Директорлар кеңесінің тәуелсіз директоры Қуандықов Балтабек Мұханұлының өкілеттігінің мерзімінен бұрын тоқтауына орай бұл лауазымға Ізбасов Мақсым Шафихұлы сайланды.

Ізбасов Мақсым Шафихұлы – В.И.Ленин атындағы Қазақ политехникалық институтын «Мұнай және газ кен орындарын игерудің технологиясы және кешенді механикаландыру» мамандығы бойынша (1976 ж.), Алматы саясаттану және басқару институтын (1991 ж.) тәмамдады.

Еңбек жолын 1976 жылы «Құлсарымұнай» МГӨБ Құлсары кен алаңында мұнай мен газ өндіру операторы болып бастады. Кейін Құлсары кен алаңында өндірістік-технологиялық бөлімнің аға инженері, жерасты жөндеу цехының басшысы, өндіру цехының басшысы қызметтерін атқарды.

1985 – 1989 жылдары – «Құлсарымұнай» МГӨБ партия комитетінің хатшысы болды. Еңбек еткен әр жылдары «Құлсарымұнай» МГӨБ жоспарлау-экономикалық бөлімінің басшысы, бас инженері, «Теңізмұнай» ӨБ өндірістік-технологиялық бөлімнің басшысы, бас инженері, бірінші вице-президенті болды. Екі акционерлік қоғам «Теңізмұнай» және «Ембімұнайгаздың» бірігуіне байланысты 1999 жылы «Құлсарымұнайгаз» МГӨБ басшысы болып тағайындалды.

2004 жылы «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалының директоры болып тағайындалды. Бұдан кейін «Құлсарымұнайгаз» МГӨБ басшысы, «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның «Ембімұнайгаз» ӨФ-де бас техникалық жетекші, Норт Каспиан Оперейтинг Компани компаниясы Атырау филиалының жергілікті билік органдарымен байланыс жөніндегі аға кеңесшісі болып еңбек етті. 2012 жылдан 2017 жылдар аралығында Атырау облысы Жылыой ауданының әкімі болды. 

Марапаттары:

«Құрмет» (1999 ж.) орденімен, «ҚР Конституциясына 10 жыл» (2005 ж.), «»Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігіне 20 жыл» (2011 ж,), «Қазақстан мұнайына 120 жыл» (2019 ж.) медальдарымен, мәдение және гуманитарлық салалардағы демеушілік және қайырымылық қызметтері үшін ҚР Президентінің Құрмет дипломымен (2006 ж.), ҚР Президентінің (2001, 2005 ж.) және Атырау облысы әкімдерінің (2001, 2005, 2007 ж.) Алғыс хаттарымен, КСРО Мұнай кәсіпшілігі министрлігінің (1980 ж.), ҚР Энергетика және минералды ресурстар министрлігінің  (2004 ж.) және ҚР мұнай және газ министрлігінің  (2010 ж.) Құрмет грамоталарымен, облыстық кеңес және облыстық мәслихаттың Құрмет грамоталарымен, мұнай және мұнайдың 100 жылдығы және кен орындарының мерейтойларына арналған төсбелгілермен марапатталды. Халықаралық мұнай және газ кәсіподақтары конфедерациясының лауреаты (2005 ж.).Атырау облысы Жылыой ауданының  (2004 ж.) және Қызылқоға ауданының (2007 ж.) Құрметті азаматы. «Жыл мұнайшысы» («Жыл адамы») (2001 ж.). Облыстық мәслихаттың екі шақырылымының депутаты  (1999-2003, 2003-2007 ж.ж.).

«Ембімұнайгаз» АҚ Қоғаммен байланыс қызметі 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.