«Ембімұнайгаз» АҚ – «Жомарт жүрек» сыйлығының иегері

09 қыркүйек, 2019

       Атырауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жүзеге асыру аясында ұйымдастырылған «Жомарт жүрек» сыйлығының лауреаттары анықталды.

       Дәстүрлі түрде биылғы жылы екінші мәрте өткізіліп отырған «Жомарт жүрек» сыйлығы қайырымдылық көмек көрсетуге және мейірбандық, демеушілік және меценаттық қызмет түріндегі өз еркімен, өтеусіз немесе жеңілдік түрінде жүзеге асырылатын ізгілік қажеттілікті қанағаттандыруға негізделген әлеуметтік-пайдалы қызмет көрсетіп келетін кәсіпкерлер мен қоғам жанашырларына табысталады.

       Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясында өткен салтанатты жиында «Жомарт жүрек» сыйлығының «Туған өлке» номинациясы ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВКЕ табыстады.

       Естеріңізге сала кетейік, 2019 жылдың маусым айында «Ембімұнайгаз»  АҚ қызметкерлерінің бір күндік жалақысы есебінен Атырау облысының 5 ауданында – Құрманғазы ауданының Құрманғазы ауылында, Исатай ауданының Исатай стансасы мен Аққыстау селосында, Қызылқоға ауданының Жамансор елдімекені мен Мұқыр ауылында, Жылыой ауданының Құлсары қаласында, Мақат ауданының Мақат пен Доссор кенттерінде көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға баспана кілттерін табыс ету шаралары өтті.

       2019 жылдың шілде айында ЕМГ ұжымы республикалық «Арыс. Біз біргеміз!» акциясына қатысты. Ембіліктердің өз еріктерімен жинаған қаражатына жарылыстан зардап шеккен Арыс қаласының әлеуметтік көмекке мұқтаж отбасыларының 400-ден астам оқушысына мектеп киім- кешектері тарту етілді.

       Арыс қаласында болған жарылыстан зардап шеккен отбасылар балаларын мектепке дайындауға көмектен соң осындай қайырымдылықты Атырау қаласы мен облысының әлеуметтік аз қамтылған отбасы балаларына көрсету жөнінде де шешім қабылданды. Нәтижесінде, ембіліктер мұнайшылардың өз қаражаттарына биылғы жылы облысымыздың әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларының 70 оқушысына мектептік киім-кешектер алынды.

       Аталған қайырымдылық акциясын жүзеге асыру барысында ембілік мамандар Атырау облысындағы әр ауданда болып, отбасылардың жағдайымен танысты. Көмекке мұқтаж отбасылардың тізімін жергілікті әкімдіктер ұсынды. Бұл тізімге Компаниядан хат арқылы көмек сұраған, сонымен қатар, биылғы жылы ембіліктер сыйға тартқан сегіз әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасылар балалары да кірді. 

«Ембімұнайгаз» АҚ Баспасөз қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.