Ембілік мұнайшылар Зейнеп Ахметовамен кездесті

26 маусым, 2019

«Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты еңбек ұжымдары арасында қазақтың айбынды ұлы, Ұлы Отан соғысының даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлының келіні, ұлттық салт-дәстүрлерді насихаттаушы, жазушы Зейнеп Ахметовамен кездесу болды. Кездесу барысында З.Ахметова ұлттық тәрбие, рухани құндылық, халқымыздың салт-дәстүрлері, отбасылық сыйластық, бала тәрбиесі сонымен қатар, Бауыржан Момышұлы туралы тағылымды әңгіме қозғады.

Үш күнге созылған кездесу Жылыой ауданында басталды. Шараға аудандағы іргелі кәсіпорын -«Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы және аудан жұртшылығы қатысты. Аудан орталығы Құлсары қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет үйіндегі кездесуде Зейнеп Ахметова батыр туралы толғаныстарын айта келіп, ұлттық құндылықтар, салт пен сана, бүгінгі қазақ келіндері туралы да өз ойымен бөлісті.

Келесі күні жазушы Зейнеп Ахметова Доссор кентінде болып, «Қайнармұнайгаз», «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармаларында еңбек етіп жатқан мұнайшы қыздармен кездесті. Мұндағы кездесу барысында да тағылымды әрі тәрбиелі әңгімелер айтылды. Өз сөзінде жазушы ана тәрбиесі үлкен сабақ екенін, сондықтан да қазақ қыздарының инабатты, тәрбиелі болу керектігін жеткізді.

Кездесу шарасы Атырау қаласындағы Компанияның бас кеңсесінде қорытындыланып, онда жазушы «Жайықмұнайгаз» МГӨБ, «ӨТҚжЖК» мен «Ембімұнайэнерго» басқармаларының және Басқару аппаратының ұжымдарымен кездесті.

Кездесулер соңында жиналғандар жазушының оқырмандар арасында кең тараған кітаптары мен қолтаңбасын алып, естелік суреттер ұйымдастырылды.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар: Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ– «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара

(ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ қызметін ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.