Оңтүстік Батыс Қамыстыдағы жаңа гараж-тұрағы

13 мамыр, 2019

«Ембімұнайгаз» АҚ-на (бұдан былай ЕМГ немесе Компания) қарасты «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының Оңтүстік Шығыс Қамысты кен орнында 10 бірлік арнайы техникаға  арналған гараж-тұрағының ашылу салтанаты өтті. Салтанатты шараға Компания басшылығы, ардагер мұнайшылар, басқарма ұжымы қатысты. 

Гараж-тұрағының ашылу салтанатында сөз алған «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ жалпы Компания бойынша қолға алынған іс-шараларға қысқаша тоқтала кетті. 

- Компания үшін маңызды саналатын құндылығымыз – жұмысшылардың қауіпсіз ортада алаңсыз жұмыс жасауына жағдай жасау. Біздің күнделікті жұмысымыз осы мақсатпен басталады. Бүгінгі таңда Ембі кен алаңдары заманауи өндіріс және әлеуметтік нысандармен толықтай қамтылуда. Соңғы 5 жылда «Жайықмұнайгаз» өндірістік басқармасының Оңтүстік Шығыс Қамысты кен алаңында 30 орындық жатақхана, Жаңаталап кенішінде 50 орындық асхана, С.Балғымбаев кенішінде 150 орындық асхана пайдалануға берілді. 

2018 жылы С.Балғымбаев кен алаңында 3 бірлік ұңғымаларды жерасты жөндеу көтергіші арнайы техникасын жөндеуге арналған гараж құрылысы аяқталса, осы алаңда тағы да 24 бірлікке арналған гараж-тұрағы жақында пайдалануға беріледі. Бүгін, міне, олардың қатары Оңтүстік Шығыс Қамысты кен алаңындағы 10 бірлікке арналған гараж-тұрақпен толығып отыр. Мұның барлығы қарапайым еңбек адамының жұмысын жеңілдетуге арналған шарамыз - деді өз сөзінде ЕМГ басшысы. 

Әнуар Еркінұлы, сонымен қатар, Ембінің өндірісішілік жолдарының сапасын жақсарту күн тәртібінде тұрған өзекті жәйттің бірі екенін де айта кетіп, осы бағытта «Жайықмұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы бойынша нәтижесін тапқан шараларға тоқталды. 

Соңғы 5 жылда С.Балғымбаев - Оңтүстік Батыс Қамысты    кен аралық 17,541 шақырымдық өндірісішілік жол, Оңтүстік  Батыс Қамысты – Оңтүстік Шығыс Новобогат кенаралық 14,573 шақырымдық жол, Оңтүстік Батыс Қамысты-Оңтүстік Шығыс Қамысты кен аралық 13,9 шақырымдық жол құрылыстары аяқталып іске қосылса, Оңтүстік Батыс Қамысты мен Жаңаталап  кен алаңдарындағы тұтас өндірісішілік жол құрылыстарының сметалық-жобалау жұмыстары қолға алынып отыр. 2018 жылы Балғымбаев кен алаңындағы өндірісішілік жолдардың жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталды. 

Салтанатты шараға қатысқан «жайықмұнайгаздық» ардагерлердің атынан сөз алған ардагер мұнайшы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Құрмет ТӨЛЕУІШОВ  бүгінгі  өндірісте нәтижесін тапқан тың жаңалықтарға қуанышын жасырмады. 

- Кешегі күндердегі біз көрген қиындықтар бүгінде ұмытылған. Біз тұрған темір вагондардың орнын жайлы да әсем жатақханалар, асханалар алмастырып отыр. Өндіріс те жаңа жабдықтармен, заманауи нысандармен толықтай қамтылған. Басқармадағы кешегі біз еңбек еткен күндердегі ескі көліктің 70 пайыздан астамы жаңартылған. Бүгінде мұнайшылар үшін табысты еңбек етулеріне барлық жағдай бар екенінің куәсі болып отырмыз, - деді сөзінде ардагер мұнайшы. 

Жаңа ғимараттың лентасы қиылған соң, Компания басшылығы ардагерлерге гараж-тұрақты аралатып, таныстырды. Ардагерлердің сұрақтарына да толымды жауаптар берілді. 

Шара соңы мерекелік дастарханға, концерттік бағдарламаға ұласты. 

 «Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі 

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09   

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 - 2018 жылдар аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 897 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.  «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.