«Мұнайшы қыз» әйелдер клубының II-конференциясы Ембіде өтті

21 желтоқсан, 2018

21 желтоқсан күні Атырау қаласындағы «Ренессанс» қонақүйінде «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) бойынша құрылған «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының II-конференциясы өтіп, оған Компанияға қарасты басқармаларда еңбек ететін 75-ке тарта қыз-келіншек қатысты. Шараның мақсаты – 2018 жылда атқарылған жұмыстың қорытындысын шығару және алдағы жылдың жоспарын бекіту.

Конференцияның ашылу рәсімінде сөз алған ЕМГ Басқарма төрағасының экономика және қаржы жөніндегі орынбасары Рысты ТАСМАҒАМБЕТОВА клубтың бір жылға жетпейтін уақыт ішінде атқарған жұмысын жоғары бағалап өтті.

«Мұнайшы қыз» әйелдер клубын құрудағы мақсатымыз- интеллектуалдық және адамгершілік рухани деңгейі жоғары қыз-келіншектерді біріктіріп, олардың жан-жақты дамуына мүмкіндік орната отырып, бала тәрбиесіне, отбасы құндылығына үлкен жауапкершілікпен қарайтын әйел-аналардың қатарын көбейту, сол арқылы еліміздің саналы, тәрбиелі жаңа буынының қалыптасуына ықпал ету болды. Бұл орайда аталмыш ұйым мұнайшы-қыздардың тарапынан жылы қабылданған бірнеше шараларды жүзеге асырды, - деп атап өтті өз сөзінде Рысты Нұрғалиқызы.

2018 жылдың 6-наурызында құрылған «Мұнайшы қыз» клубы Компанияда еңбек ететін мыңнан астам мұнайшы қыздың басын қосып, интеллектуальдық және медициналық бағытта тренингтер ұйымдастырды. «Өзін өзі дамыту және ораторлық шеберлікті қалыптастыру», «Қатерлі ісіктің алдын алу» атты тренингтер Компанияға қарасты   ұжымдардың барлығында өтіп,  ауысымдық әдіспен еңбек ететін  қыздарды толық қамтуға назар аударылды. Шараны ұйымдастыру барысында атыраулық жұртшылыққа кеңінен танымал онкогинеколог, маммолог мамандар шақырылып, олар мұнайшы-қыздарды танымдық бағыттағы  лекцияларымен таныстырып өтті.   

2018 жыл ішінде нәтижесін тапқан   жұмыстар туралы   спикер-мұнайшы қыздар ортаға шығып, арнайы дайындалған фотослайд пен ролик бойынша шаралардың ұжым мүшелері тарапынан қалай бағаланып жатқандығы  бағытындағы өз әсерлерімен бөлісті.   

Конференцияда «Мұнайшы қыз» әйелдер клубының алдағы 5 жылға бағытталып  жасақталынған стратегиялық жұмыс жоспары көпшіліктің назарына ұсынылды.  Сонымен қатар, залда стилист, визажист мамандар жұмыс жасап, нәзік жандылармен  күтіне білудің қыр-сырынан,  сұлулық әлемінен керекті мәліметтермен бөлісті.  

Шара соңы Компанияға қарасты барлық басқармалардан келген делегация құрамының арнайы дайындаған мерекелік концерттік бағдарламаларына ұласты.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz   тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде)

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. «Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.  2012 жылдың 1 қазанынан 2018 жылдың 11 айы аралығында республикалық және жергілікті бюджетке салық төлемдері ретінде 873 млрд. теңгеден астам, өңірдің инфрақұрылымын дамытуға 4,3 млрд. теңгеден астам қаражат аударды.

«Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.