«Ембімұнайгаз» АҚ-да (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) басқару аппараты ұжымына ЕМГ-нің 2027 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасын түсіндіру мақсатында жиын өтті.

09 шілде, 2018

Естеріңізге сала кетсек, ЕМГ-нің 2017 жылға дейінгі Даму тұжырымдамасын Компанияның директорлар кеңесі ағымдағы жылдың сәуір айында бекіткен болатын.

  • Компанияның бағдарламалық құжатын жасақтау мақсатында жыл бойына ауқымды жұмыстар жүргізіліп, ЕМГ-нің алдағы 10 жылда дамуының бірнеше бағдарламалары дайындалды, қаржылық-экономикалық моделі жасақталды, ұжымды дамыту, еңбекті қорғау және өндірісті автоматтандыру бойынша функционалдық стратегиялар келісілді. Енді басшылықтың алдында Компанияның алдағы тұрақты дамуын қамтамасыз ететін нақты жұмыстарды орындау міндеті тұр, - деп атап өтті жиын барысында ЕМГ Басқарма төрағасы Әнуар ЖАҚСЫБЕКОВ.

ЕМГ келешекте дамыту жөніндегі басқарушы директоры Әлихан БАЙДҮЙСЕНОВ Тұжырымдаманы қабылдау қандай нақты объективті факторлардың қажеттілігінен туындағанын айта келе, Компанияның бағдарламалық құжатында көрсетілген мақсаттар мен міндеттерді орындауға әр жұмысшының қосатын үлесі зор екендігін атап өтті. А.Байдүйсеновтің мәлімдеуінше, Тұжырымдаманы ұжымдарға түсіндіру мақсатындағы мұндай жиындар ЕМГ-нің барлық 6 өндірістік құрылымдық бөлімшесінде өтеді.

ЕМГ келешекте дамыту департаменті директорының орынбасары Әнуарбек КАРИМОВ Компанияның ұзақмерзімді жоспарлары жөнінде айтты. Ол өз баяндамасында ЕМГ дамуының бағдарламаларын келтіре отырып, өндірудің қазіргі және жоспарлы деңгейі, геологиялық барлау, газ және энергетикалық жобалар, мұнай өндіру тиімділігін арттыру, өндірісті автоматтандыру, инфрақұрылым мен мұнай сервисін дамыту және тағы басқа нақты даму жобаларына тоқталды.

Сонымен қатар, жиын барысында Компанияда бизнес-үдерістерді жүйелендіру жобасын іске асырудың қорытындылары тыңдалды. Стандарттау және бизнес
процестерін оңтайландыру бөлімінің басшысы Мұратбек КУРИМОВ
ЕМГ шеңберіндегі бизнес-үдерістердің талдау жұмыстарының қорытындыларын жариялап, ішкі үдерістерді жақсартудың қосымша бағыттары туралы айтып берді.

- Бизнес-үдерістерді жүйелендіру алдымызға қойылған өндірістік міндеттерді сапалы орындаумен қатар, Тұжырымдаманы сәтті іске асыруға мүмкіндік береді, - деп Ә.Жақсыбеков департамент жұмысына оң бағасын берді.

Қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.