«Ембімұнайгаз» АҚ (Компания немесе ЕМГ) Халықаралық балаларды қорғау күніне арнап  мерекелік шаралар  ұйымдастырды

01 маусым, 2018

«Ембімұнайгаз» АҚ 1-маусым- Халықаралық балаларды қорғау күніне арналған мерекелік бағдарламаны 31 мамыр күнгі қайырымдылық шарасынан бастады. Компания басшылығы Басқарма төрағасы Ә.Е.Жақсыбеков, Басқарма төрағасының өндіріс жөніндегі орынбасары, «Нұр Отан» партиясының «Ембімұнайгаз» АҚ бастауыш партия ұйымының жетекшісі А.Ғ.Габдуллин, Әлеуметтік саясат жөніндегі Басқарушы директор С.Ж.Нақпаев жүйке ауруына шалдыққан балалар тәрбиеленетін облыстық сәбилер үйінде болып, бүлдіршіндерді мерекемен құттықтады.

1973 жылы құрылған сәбилер үйінде бүгінгі таңда жаңа туған нәрестелер мен 4 жасқа дейінгі бүлдіршіндер, барлығы 17 сәби тәрбиеленуде. Олардың 5-уі ата-ана мейірімінсіз қалған жетімдер болса, қалғандарының ата-аналары  әлеуметтік қиындықтарға байланысты бүлдіршіндерін уақытша осы орталыққа тапсырған. Мұндай балалар үшін сәбилер үйінде «Үміт» тобы құрылып, балалардың ата-аналарымен үнемі кездесіп тұруларына бар мүмкіндік жасалған. Жағдайлары оңалған ата-аналар кез-келген уақытта балаларын сәбилер үйінен алып кете алады.

Атырау облыстық сәбилер үйінің тәрбиеленушілерін мерекемен құттықтай барған мұнайшылар бүлдіршіндерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, әр қайсысына сыйлықтар табыс етті.

- Компания «Қайырымдылық және демеушілік» бағдарламасының аясында мұнайлы өңіріміздегі әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасы балаларына, ауыр науқасқа ұшыраған балаларға, балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тұрақты көмек көрсетіп келеді. Жалпы, ембілік мұнайшылар өндіріс пен әлеуметтік саланы қатар өрбітіп, көмекке мұқтаж жандардың ауыр тағдырына қолдау көрсетуді ұдайы назарда ұстауда. Бұл мақсатта компания бюджетінен қомақты қаражат аударылуда ,-деп атап өтті «Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы  Әнуар Жақсыбеков.

Сәбилер үйінің бүлдіршіндері өз кезектерінде мұнайшы аға-апаларына арнап мерекелік концерттік бағдарламаларын ұсынды.

1-маусым күні «Ембімұнайгаз» АҚ Бас кеңсесінде мұнайшы балаларына арналып өнер Фестивалі ұйымдастырылды. Оған 7-14 жас аралығындағы балалар қатысып, өз өнерлерін ортаға салды. Жас жеткіншектер салған әсем ән мен  мың бұралған биді, күмбірлеген күйді тамашалаған мұнайшылар балалар өнерлеріне қол соғып, барлық өнерпазға естелік сыйлықтар табыс етті.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

 Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. «Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары. «Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады. Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады. «Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.