Атырауда «Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) қызметкерлеріне арналған «Education Day» тренинг-шеберлік класcтары өтті

26 ақпан, 2018

Атырау қ.

26 ақпан күні «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ (бұдан әрі ҚМГ БӨ) Ішкі тренерлері ITS жобасы аясында Атырау қаласында «Ембімұнайгаз» АҚ қызметкерлеріне арналған тренинг-шеберлік класcтарын өткізді. «Education Day» (Білім күні) шарасында ҚМГ БӨ 9 ішкі тренері 12 тақырыпта, атап айтқанда: Д.Тасқымбаев «Сапалы тауарларды, жұмысты және қызметті сатып алу – Компания стратегиясын жүзеге асырдағы табысты қадам», Ж.Жакашев «Өлшеу құралдары Сандық өндірістің ажырамас бөлігі», Э.Каримова «Корпоративтік мәдениет:жақсарту бағыты», «Мотивациялық әлеует формуласы», А.Қонысбаева «Қаржыгерден лайфхактар», Ж.Темірғали «Ішкі коммуникация», «Әлеуметтік желіде әдеп сақтаңыз», А.Ақын «Сатып алуды білсем, Қырымда тұрар  едім», Е.Сәбікенұлы «Мұнай өнімдерін сату», «Өзіңнен баста», Ж.Аралбаева «Жоғары тиімді адамдардың 7 дағдысы», А.Жақсиева «Менің денсаулығым – менің қолымда» тақырыптарында тренинг-шеберлік кластарын өткізді. Шараның ашылуында ЕМГ қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінің директоры Г.Шарафетдинова қатысушыларға сәттілік тілеп сөз сөйледі. ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаменттің директоры, ішкі тренер Э.Каримова қатысушыларға «Ішкі тренерлер мектебі» жобасы туралы айтып берді. ITS жобасының іске асырылуы жолында қатысушылармен жұмыс жүргізіп келе жатқан бизнес-тренер И.Валиуллов «Үздіксіз даму заманауи әлемнің талаптарына жауап» мазмұнындағы тақырыпта тренинг өткізді.

Бір күн бойы өткен «Білім күні» шарасына «Ембімұнайгаз» АҚ орталық аппаратының және мұнайгаз өндіру басқармаларының қызметкерлері қатысты. ҚМГ БӨ Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу жөніндегі департаменттің директоры, ішкі тренер Э.Каримова «Ішкі тренерлер мектебі – ҚМГ БӨ қызметкерлерінің кәсіби біліктіліктерін шыңдау, жаңа деңгейге көтерілу, жан-жақты маман болу, базалық білімдері мен тәжірибелерін таратуда үлкен мүмкіндік болғанын» атап айтты. Естеріңізге салайық, ҚМГ БӨ бұл жобаны 2016 жылдың желтоқсан айында іске қосты. 1 жылдан астам уақыт ішінде жобаға қатысушы ҚМГ БӨ қызметкерлері тренер болуға оқыту, машықтану, үйрену әдістемелік семинар-кеңестер, тренингтерден өтті. Ерекше жобаға ҚМГ БӨ Бас директоры Қ.Есқазиев қолдау көрсетті. Компанияның HR департаменті жобаның жүзеге асырылуы жолында ауқымды ұйымдастыру жұмыстарын атқарды. Үміткерлер тренер болуға қойылған талаптарды сәтті орындап, іріктеу турынан өтті. Жыл бойы өздерінің алған білімдерін енді нақты іс жүзінде көрсетуде.

Гүлбану Шарафетдинова, «Ембімұнайгаз» АҚ Қызметкерлерді басқару және еңбекке ақы төлеу департаментінің директоры:

  • Бұл білім күні бізде осындай деңгейде алғаш өтіп отыр. Оған 4 мұнай өндіру басқармасы және 2 қосалқы шаруашылық құрылымдардан 90 маман қатысты. Әрине, олардың дені жастар. Бұған дейін бейне қаратпа сөз жіберген ҚМГ БӨ ішкі тренерлері қандай тақырыптар бойынша тренинг өткізу жөнінде сұраған болатын. Біз ол бейне сөзді барлық құрылымдық бөлімшелерде жұмысшыларға көрсеттік, олар өз қалауларын білдірді. Сол бойынша тілек білдіргендер бүгінгі шараға қатысып отыр. Ондағы мақсатымыз мамандардың танымдық ойлау жүйесін дамыту, ішкі байланыс орнату, өзара қарым-қатынасты нығайту. Шара өз деңгейінде өтті.

Қайырбек Қаражанов, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ есепшісі:

  • Жалпы, қазір заман ағымы бір орында тұрған жоқ, алға жедел жылжуда. Сондықтан мұнайшылар да заман көшінен қалуға тиіс емес. Бүгінгі тренингтен мен ең алдымен адам өзін дамытуы керек деген тұжырымға келдім. Әр түрлі интеллектуалды ойындар ойнадық, танымдық сұрақтарға жауап іздедік, әр түрлі тақырыптарға байланысты өз идеяларымызды топ болып ұсындық. Бір күн бойына толған баяндама тыңдап өтетін шығармыз деген ойымыз болмады. Меніңше, бәрі қызықты, жанды түрде өтті. Сөз, ой, идеялар сайысына түстік. Көп нәрсені үйрендік.

Әйгерім Талғатқызы, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ ұңғымаларды зерттеу операторы:

  • Мен «Ембімұнайгаз» АҚ-на былтыр Дуалды оқыту бағдарламасы бойынша жұмысқа орналастым. Тәжірибеден Жаңаталап кен орнында өткенмін. Дуалды оқяту жүйесінің көмегі көп болды, кейін Ембіде тест тапсырғанда да практика түрінде жақсы білдік. Бүгінде ұңғымаларды зерттеу операторы болып жұмыс жасаудамын. Әрине жас маман ретінде мұндай тренингке бірінші рет қатысуым. Маған ұнады. Ойыңды ашық айта білу, өзіңді ұжымда жақсы ұстау, командамен жұмыс істеу, үнемі іздену секілді дағыдыларды меңгердім.

Жазира Мәлік, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ Оңтүстік Шығыс Қамысты кен орнының геологы:

  • Мен мұндай тренингке бірінші рет қатысып отырмын. Тренингтің өзіндік бағыт-бағдары, өту барысы, әр түрлі ойындар, ситуациялық сұрақтары қызықтырды. Тренер Ж.Темірғалидың «Ішкі коммуникация», «Әлеуметтік желіде әдеп сақтаңыз» тақырыптарындағы мәселелер, яғни, басшылық пен жұмысшы арасындағы және әріптестердің өз ара қарым-қатынастары, өзіңді қалай ұстау керек, әдеп, мәдениет, ақпараттың нақтылығы, әлеуметтік желіде айтар сөзіңді абайлап, екшеп білдіру сынды тұжырымдардың дұрыстығына көзім жетті. Жалпы, қай-қайсысы да жалықтыратын тақырып емес, қызғылықты, тартымды өткені анық.

Мәулен Мұхамбетәлиев, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ Кенбай кен орнының мұнай өндіру операторы:

  • Жиналыс түрінде емес, әп дегеннен-ақ, сұрақ-жауап, командалық жұмыс, өзіңнің пікіріңді, идеяңды қорғап шығу, ойын, талас-тартыс түрінде өткені қуантады. Е.Сәбікенұлының «Мұнай өнімдерін сату» тақырыбындағы сұрақтар мен тапсырмалар да әр алуан болды. Өнім өндірілген сәттен бастап ол қайда барады, қалай сатылады, кімдермен байланыс орнатылады, ондағы әртіптестік байланыс жұмыстар, т.б. мәселелер сөз болды. Таңертеңнен кешке дейінгі уақытымыз, күніміз босқа өткен жоқ, біраз нәрсені үйреніп, хабардар болдық.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама:

«Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау.

«Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары.

«Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады.

Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.

Соңғы жылдарда Компания республикалық және жергілікті бюджетке салық түрінде 654 млрд. теңгеден астам, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 2,3 млрд. теңге, демеушілік пен қайырымдылық ретінде 2 млрд. теңге қаражат бөлді.

«Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.