Ембіге – тәжірибе алмасу үшін!

19 ақпан, 2018

Атырау қ.

Кез келген мұнай компаниясы үшін өз қоймаларында мұнай кәсіпшілігіне және басқа да қажетті жабдықтар қорының нақты есебінің болуы маңызды. «Ембімұнайгаз» АҚ-ның (бұдан әрі ЕМГ немесе Компания) бизнес-үдерістерді оңтайландыру бағытында жүргізіп жатқан ауқымды жұмыстарының аясында Компанияда SAP MDG (деректерді басқару жүйесі) бағдарламасы енгізілуде. Жуырда ЕМГ бас кеңсесіне «Казгермұнай» БК» ЖШС-нің қызметкерлері келді. Сапардың мақсаты – ембіліктердің қорды тиімді басқару бағытындағы жұмыстарымен танысып, тәжірибе алмасу.

2016 жылы «Ембімұнайгаз» АҚ-да нормативті-анықтамалық ақпаратты (бұдан әрі НАА) реттеу және қор есебін жүргізу бағытындағы жұмыстар 2015 жылы «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ бастамасымен қолға алынған Материалдық-техникалық қамтуды оңтайландыру жобасының сәтті жалғасы болды.

Аталған жоба аясында Газпром, Лукойл, ТатНефть сынды ресейлік ірі мұнай-газ операторларының тәжірибесі зерттеліп, зерделенді. Өйткені, бұл компаниялар аталған жобаны енгізу арқылы бизнес-үдерістердің тиімділігін арттырып, компанияның құнын өсіру, шығындарды оңтайландыру мүмкіндігіне ие болды.

Бірнеше жыл бойы ЕМГ-нің материалдық-техникалық қамту департаментінің қызметкерлері өндірістік құрылымдық бөлімшелер жұмысшыларымен бірігіп, қателіктерді, деректердің дәлсіздігін және толық еместігін, қайталанған жазбаларды жою, жеткіліксіз ақпараттарды толықтыру және тауарлы-материалдық құндылықтың (бұдан әрі – ТМҚ) әр түрі бойынша нақты үлгісін жасақтау арқылы бірыңғай жүйеге келтіру бойынша ауқымды жұмыстарды жүзеге асырды.

Жалпы алғанда, барлығы 1 мыңнан аса нақты үлгілер жасақталынып, 4 мыңның шамасында ТМҚ жазбалары реттелді. Бұл жұмыстарға басқару аппаратының және өндірістік құрылымдық бөлімшелердің мамандары белсенді қатысты. Соның ішінде, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ әлеуметтік қамсыздандыру бөлімінің маманы Айгүл ШАҚМАНОВА, «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ әлеуметтік қамсыздандыру бөлімі басшысының орынбасары Рая САПАРОВА, «Қайнармұнайгаз» МГӨБ ӨТҚК бұрғылау инженері Талғат ТУРСИЕВ, «Жайықмұнайгаз» МГӨБ арнаулы техника және автокөлік колоннасының механигі Айхан САҒЫНҒАЛИЕВ және т.б. бар.

Енді ембіліктердің ауқымды еңбегімен жасақталған үлгілер «ҚазМұнайгГаз» Барлау Өндіру» АҚ-ның барлық еншілес және тәуелді компанияларында қолданылатын болады.  

Тәжірибе алмасуға келген «Казгермұнай» БК» ЖШС-нің қызметкерлері үлгілерді дайындау бойынша жасақталған механизмдермен, деректерді басқарудың бірыңғай жүйесін енгізу тұжырымдамасымен танысты. Үлгілерді жасақтау жобаның негізгі мақсаты – SAP MDG жүйесіне деректерді құюдың алғашқы элементі болып табылады. Оқудан соң қонақтар алған әсерлерімен бөлісті:

Елібек Мырзабаев – логистика және материалдық-техникалық қамту бөлімінің инженері:

- Мен «Казгермұнай» БК» ЖШС-де 2003 жылдан бері еңбек етіп келемін. Мамандығым – геолог. Губкин атындағы Мәскеу мұнай-газ институтын тәмамдадым. Көп жылдар бойы геология бөлімін басқарып, бірақ, кейін денсаулығыма байланысты мамандығымды ауыстырдым.  Қазір логистика бөлімінде қызмет ете жүріп, мұнай өндірудің өндірістік үдерісін қамту жүйесін өзгерту қажеттігін жете түсініп келемін. Сондықтан, басшылықтың «Тауарлы-материалдық құндылықтар есебінің бірыңғай анықтамалық  жүйесін» енгізу қажеттігі жөніндегі бастамасын толық қолдаймын. Енгізіліп жатқан жүйе компаниялардың қоймаларындағы қалдықтарды анықтау бағытындағы жұмыстарды жақсарта түседі деген сенімдемін.

Ерман Құлтбаев «Казгермұнай» БК» ЖШС бас энергетик бөлімінің жетекші инженер-энергетигі:

- Мен бизнес-үдерістерді тиімді басқаруға мүмкіндік беретін кәсіпорынды басқарудың автоматтандырылған және көпфункциялы SAP жүйесінің мүмкіндіктеріне тәнті болдым. Онымен жұмыс жасау өте ыңғайлы, барлық ақпарат ашық. Қорға келер болсақ, сұраныс жіберген бойда жүйе бірден нақты қай қоймада бар екені жөнінде ақпаратты береді. Бұл менің «Ембімұнайгазға» алғашқы сапарым емес. Сіздердің орталық  кеңселеріңіз өте әдемі. Әсіресе, маған «Ембімұнайгаз» АҚ-ның интерактивті мұражайы ерекше әсер етті. Мен мұндайды бұрын-соңды еш жерден көрмеген емеспін.

Санжар Нағманов– жетекші инженер-механик:

- SAP – бұл ТМҚ-ның есебін жүргізуге арналған тиімді жүйе. Кейде бір тауар әртүрлі атаумен жазылған болуы мүмкін. Оларды сипаттамалары, мүмкіндіктері мен басқа да параметрлері бойынша бір форматқа келтіру арқылы тауарға бірыңғай атау беріліп, қажетсіз шығындарды қысқартуға мүмкіндік береді. Менің де бұл Компанияға алғашқы келуім емес. Бұған дейін «Жайықмұнайгаз» МГӨБ-нің С.Балғымбаев кен алаңындағы штангалық сораптардың LRP- желілік механикаландырылған жүйесін енгізу қызметін таныстыру шарасына қатыстым. Бұл жүйе дәстүрлі тербелмелі сораппен салыстырғанда аз инерциялы дизайнға ие.  Сонымен қатар, ол тиімді еңбекті сақтап, аз шығынмен сондай немесе одан да жоғары өнімділікті қамтамасыз етеді. «Казгермұнай» БК» ЖШС-нің кен алаңдарында да осындай екі қондырғы орнатылып, өндіріске енгізілді.

«Ембімұнайгаз» АҚ қоғаммен байланыс қызметі

Қосымша ақпарат алу үшін Компанияның қоғаммен байланыс қызметіне хабарласа аласыздар:

Айгүл ЕРТІЛЕУОВА A.Ertleuova@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-32-09 (қазақ тілінде);

Қарасай ТӨЛЕГЕНОВ K.Tulegenov@emg.kmgep.kz тел: тел: 8 (7122) 99-34-80 (орыс тілінде).

Анықтама: «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» АҚ еншілес кәсіпорны. Ембімұнайгаз» АҚ тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары: геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау.

«Ембімұнайгаз» АҚ құрамына Атырау қаласы мен облыстың 4 ауданындағы алты өндірістік-құрылымдық бөлімше кіреді. Олар: «Доссормұнайгаз», «Жылыоймұнайгаз», «Жайықмұнайгаз», «Қайнармұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармалары мен екі құрылымдық мекеме: «Ембімұнайэнерго», «ӨТКжЖК» басқармалары.

«Ембімұнайгаз» АҚ өндірілген мұнайды ішкі нарыққа жіберумен қатар, экспортқа да шығарады. Ішкі нарыққа мұнай ҚР мұнай өңдеу зауыттары арқылы жеткізіледі. Ал, экспортқа мұнай екі негізгі маршрут: Каспий Құбыр Консорциумы (ҚҚК) және Өзен – Атырау – Самара (ӨАС) құбыр желілері арқылы шығарылады.

Тауарлық газ жобасы ҚР газ және газбен қамту саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» АҚ арқылы жүзеге асады.

Соңғы жылдарда Компания республикалық және жергілікті бюджетке салық түрінде 654 млрд. теңгеден астам, өңірлік инфрақұрылымды дамытуға 2,3 млрд. теңге, демеушілік пен қайырымдылық ретінде 2 млрд. теңге қаражат бөлді.

«Ембімұнайгаз» АҚ ISO 9001, ISO 14001, OHSAS 18001, ISO 50001 халықаралық стандарттарға сәйкес жүргізуде.