«Ембімұнайгаз» АҚ -да дуалдық жүйе бойынша жаңа оқу жылы: енді химик-технологтар

23 қаңтар, 2018

«Ембімұнайгаз» АҚ студенттерді дуалдық оқыту бойынша төртінші жыл қатарынан Атырау мұнай-газ университеті және APEC PetroTechnic Жоғарғы колледжімен ынтымақтастықта жұмыс жасап келеді. Биылғы жылы Компания өндірістік алаңдарда 24 студентті, соның ішінде, төртеуін  «Жылыоймұнайгаз» МГӨБ-на қарасты Прорва кен алаңындағы Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысында оқытуды бастады.

Айта кетсек, Прорва кен алаңындағы Ілеспе газды кешенді дайындау қондырғысы (бұдан былай -Қондырғы) өткен жылдың маусым айында іске қосылған болатын. Қазіргі таңда Қондырғыдан шыққан тауарлы газ «Орта Азия-Орталық» магистральдық газ құбырына дейін Прорва кен алаңдарында ілеспе газды ауаға жағуды айтарлықтай азайту арқылы  берілуде. Мұндай  қондырғылар 2012-2013 жылдардан бері  Компанияның Шығыс Мақат және С.Балғымбаев кен алаңдарында  табысты жұмыс істеп, Атырау облысының үш ауданы тұрғындарының жеңілдетілген бағамен көгілдір отынмен қамтамасыз етіп келеді.

Жыл басынан бері Қондырғы базасында тәжірибеден өтіп жатқан төрт жас Атырау мұнай-газ университетінің «Органикалық заттардың химиялық технологиясы» мамандығы бойынша 3-курсының студенттері. Студенттер он ай бойы ауысымдық әдіс бойынша Прорва кен алаңындағы Қондырғының газ дайындау және күкірт алу цехында өндірістік тәжірибеден өтуде.

- Жоғыры оқу орнынан алған теориялық білімімді өндірісте тәжірибемен ұштастыруға мүмкіндік алғаным үшін  қуаныштымын,- деп тағылымгер Әсел ШЫМЫРХАНОВА өз әсерімен бөліседі. - Тағы бір жағымды жайт  – материалдық көмектің берілетіндігі. Өйткені, өндірісте өткен әрбір вахта үшін  мен арнайы жәрдемақы аламын.  Менің енді анама көмектесуге мүмкіндігім бар.  Мұнда тұрмыстық жағдайлар әбден реттелген. Сондықтан, білім алуға және өзімізді  дамытуға барлық жағдайдың жасалғандығы маған қатты ұнайды.                   

Естеріңізге сала кетейік, «Ембімұнайгаз» АҚ жоба шеңберінде тағылымгерді оқыту, тамақтандыру, жатын орынмен, арнайы киіммен және өтемақы төлемдерімен қамту шығындарын толығымен жауып отыр. Оқу кестесіне  сәйкес,  жастар өз оқу орындарында бір айда  14 күн оқып, қалған 14 күнде өндірісте тәжірибеден өтеді.

- Болашақтағы химик-технолог маманы ретінде газды дайындау кешенімен өндірісте танысу мен үшін өте маңызды. Бұл жайлы бұған дейін тек теориялық тұрғыда білетінмін. Мұнда қауіпсіздік ережелерін сақтау қатаң талап етілетіндігі  ұнайды. Алғашқы күннен бастап біз еңбекті қорғау, өнеркәсіп және өрт қауіпсіздігі бойынша нұсқаулықтармен таныстық,  бізді арнайы қорғаныс құралдарын пайдалануға үйретті.  Мен оқу барысында барынша көп білім алуға тырысамын, - дейді Ернар ОРАШЕВ

Тұрсынгүл ЖАНТЛЕУОВАНЫҢ айтуынша, ол мектеп қабырғасынан бастап ғылыми жұмыстармен айналысып, химия пәні бойынша әртүрлі сайыстардың жеңімпазы атанған.

- Газды қайта  өңдеу және күкіртті алу зауытында алған тәжірибем болашақта менің дамуыма үлкен ол ашады деп ойлаймын - дейді ол нық сеніммен.

Ерболат МЫРЗАҒАЛИЕВ «Ембімұнайгаз» АҚ-ның дуалдық оқыту жобасы туралы 2016 жылдың қыркүйек айында білген:

- Мен Әнуар Еркінұлы Жақсыбековтің дуалдық оқыту жүйесі туралы айтқан (Басқарма төрағасы- авт.) сұхбатын оқыдым. Мені студенттердің осы жүйе бойынша оқудың  40 пайызын өндірісте өткізетіні қызықтырды. Осы тізімге мамандығының студенттері енбей қалғанына өкінген едім. «Ембімұнайгаз» АҚ-на осынау игі жүйе арқылы енді химик-технологтардың білім алуына мүмкіндік туғызғаны үшін алғысымды білдіремін.

2015-2017 жылдар аралығында  барлығы 69 студент оқу бағдарламасынан өтті, оқу орнын аяқтаған соң олар  дипломмен қоса мұнай-газ саласында еңбек еткені жөнінде жазылған еңбек кітапшасын да алды. Олардың 16-сы Компанияға жұмысқа орналасты.