31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні

13 қыркүйек, 2021

Тәуелсіздік алғаннан кейін 1993 жылы 14 сәуірде жаппай қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы ҚР Заңы қабылданды. Ал, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 1997 жылды Жалпыұлттық татулық пен саяси куғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы, сондай-ақ,  31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні деп жариялады. 

Бұл шара – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы.

Жалпы, зерттеушілер деректеріне сүйенсек, 1927-53 жылдары Қазақстан бойынша 125 мыңнан бастам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Олардың 25 мыңы атылды. Осы қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь болған. Қазақстанда ГУЛАГ-тың 20-дан астам лагері орналасқан.

Ресейдегі төңкеріс, одан кейінгі азаматтық соғыс, қуғын-сүргін жылдары Ембіде дамып жатқан мұнай өнеркәсібінің құлдыратып, дамуына тежеу салды.

1917-1920 жылдар аралығындағы мұнай кәсіпшілігінің экономикалық құлдырауы былайша сипатталады. 

Жылдар

Өндірілген мұнай, пұт

Ұңғымалар

1917

254763

101

1918

145782

92

1919

26611

29

Сөйтіп, 3 жылда-ақ мұнай өндіру 10 есеге жуық азайып, ал, ұңғымалар саны 3,6 еседей кеміген. Осы жылдары өндірілген өнімнің 90 пайызы 1918 жылға дейін Доссорға тиесілі болса, ал, кейінгі жылдары толықтай оның билiгiне көшті. Мақат кәсіпшілігі 1917 жылдың басынан 30 қыркүйекке дейiн небәрі 52525 пұт мұнай өндірген. Бұл жылдары ауданнан шетелдік фирмалар өз құрал-жабдықтарын жинап, жұмыстарын тоқтатты. Соның нәтижесінде бұрғылау жұмыстары да ілгері баспады. Сонымен бірге, ресейлік тау-кен зерттеушілері Тихонович, Миронов, Замятин, т.б. өз жұмыстарын тоқтатуға мәжбүр болған.

Батыс Алашорда және Доссор мұнайы

Алаш қозғалысын сөз еткен еңбектерде көрсетілгендей, «Ойыл уәлаятының уақытша үкіметі» – 1918-1919 жылдарда Ресейде жеке-жеке отау тіккен Қоқан және Башқұрт автономиясы, Самарадағы Комучпен Колчактың Уақытша Сібір үкіметтері сияқты қазақ даласындағы бірден-бір мемлекет, саяси құрылым.

Ол 1918 жылдың 18-21 мамыр аралығында Жымпитыда өткен 4-Орал облыстық қазақ съезінің қарарымен құрылды. Бұл жаңа замандағы қазақтардың өз елін өзі билеу, басқару өкілеттігінің өмір сүру формасын айқындау жолындағы тұңғыш нақты талпынысы болатын. Оған кейіннен «Алашорда Батыс бөлімі» деген атпен пәрмен беріледі.

Уалаяттың әкімшілік-территориялық құзырына Жайық өзенінің Бұқар бетіндегі (сол жағалау), соның ішінде, қазіргі Мақат өңірінде болған Кермеқас, Былан, Қаратөбе болыстары енген. Оның жоғарғы органы – Земство управасы, мемлекеттік управасы – Кеңес, мемлекеттік орган құратын атқарушы билік аппараты – Уақытша үкімет болып есептелген. Зерттеушілер уалаят Жымпиты, Ойыл және Сағыз уездеріне бөлінгенін көрсетеді.

Алашорданың Батыс бөлімшесі, т.б. Алашорданың сұрауымен жанар-жағармай тасыған көліктер Жымпиты мен Ракөш аралығында дамыл таппай шұбырған заман еді. Айталық, 1919 жылдың 20 мамырында Жымпитыға Мақаттан 450 пұт қарамай, 200 пұт мұнай, Доссордан 170 пұт мұнай жіберіліпті. Ал, 4 маусымда Сағыз земство управасының сұранысымен 8 бөшке, Қызылқоға управасының өтінішімен 7 бөшке мұнай тиеген керуен жол сапарын бастапты. Сол жылдың тамыз айында Сімбірті болысы №6 ауылының қазағы Кенжеғали Карабалин Орал ерекше армиясының рұқсатымен әскерилерге тапсыру үшін 500 пұт мұнай тиеген 15 көлікпен жолға шығыпты.

Бір айта кететін жағдай: бұл көліктердің бәрі мақсатты жерге жете алған жоқ. Қызылдарды қолдайтын мұнайшылардың мәліметі бойынша олар большевиктердің қолына түсіп, болмаса тұрғындардың қажетіне пайдаланып кетті. Алайда, казачествоның халі мүшкіл, күйрейтін күні таяу еді. Сондықтан, олар мұнай өнімдерін аяусыз ысырап жасай берді. Мұнай мен керосинді енді жергілікті күзет бастығының рұқсатымен де жіберетін болды. Мұнай фирмаларына өнімдерді Сокол базарына апарып айырбастауға рұқсат етіледі.

Мақат мұнайы және Алашорда

1919 жылдың басында отын дағдарысына ұшыраған Кеңес өкіметі басты назарды Ембі кәсіпорындарын ақ казактардан тазартуға аударғаны мәлім. В.И.Лениннің Жайықтың сағасы мен Гурьевті басып алу жөніндегі жеделхатын «көсемнiң көрегендігі» деп дәріптегеніміз де рас. Шынында ол мұнайды жаулап алумен бірге қызылдар өкіметінің үстемдігін орнату бағытындағы әрекет болатын. Әйтпесе, халық сайлаған Алашорда үкіметімен санасып, бірігіп іс-қимыл жүргізер еді. Олай болған жоқ. Қызыл Армияның командашысы М.Фрунзе казактардың заңды үкіметін мойындаудан бас тартты. Соған қарамастан Алаш атты әскерилері Қызылқоғаға бекінген Елек корпусының штабын, генерал Акутин бастаған офицерлермен қоса, тұтқынға алады. Екі күн бойы оларды құтқармақ болған ақ казактармен ұрыс жүргізеді. Бұл Ембі мұнайын жаулап алу үшін шабуылды өрістеткен Қызыл Армияның тез жеңіске жетуіне үлкен септігін тигізген еді.

Командашы М.Фрунзенiң бұйрығында 1920 жылдың 15 қаңтарынан қалмай Гурьевтi алу міндеттелсе, қала 5 қаңтарда, Ембі кәсіпшiлiктерi 8 қаңтарда ақгвардияшылардан азат етілді.

Ракөштегi 12 млн. пұт мұнай мұнайшылардың жанқиярлық қимылы арқасында ерттен құтқарылды. Ал, большевиктік билік сұйық отынды Орталыққа жеткізу жұмысын шұғыл қолға алады.

Бірақ, Алаштың жанқиярлық істерін кызыл әскерлер иемденіп кеткені М.Фрунзе В.Ленинге жіберген жеделхатында ақтың штабын өздері тұтқындады деп баяндағанын білеміз.

Алаш үкіметі мен оның жасағы таратылады, Үкіметтің белсенді басшылары халықтан оқшауландырылды. Халқының келешегі үшін бар өмірін сарп еткен арыстардың кейінгі тағдырларының қандай күйге ұшыраған тарихтан мәлім.

 

(«Атамұнай» кітабынан)
(Суреттер Компания мұрағатынан)