Тарих сыр шертеді

10 тамыз, 2021

Ембіліктер - қазақтың алғашқы жұмысшы табының бастауында

Тарихқа назар аударсақ, мұнай туралы қызықты деректерді көптеп табуға болады. Таяу Шығыс елдерінің тұрғындары осыдан 6000 жылдай бұрын мұнайды қару-жарақ жасауға, құрылыс материалдарын (битум, асфальт) дайындауға пайдалана бастаған. Кейін Қытай елі бамбук ағаштарын пайдаланып жер астынан мұнай өндіреді.  

Біздің елге келетін болсақ... 1927 жылы Қазақстан мұнай кәсіпшілігінде еңбек еткен, қазақ жастарына арналған алғашқы «Мұнай» атты оқу­лығында С.Шарипов: «Орал-Жем аймағындағы мұнай 40-50 жылдан бері ізделген. Одан арғы жерде де, сондағы тұрғын қазақтар мұнайдың бар екендігін білген, керегінше пайдаланған. Құдық қазып, не болмаса жердің не судың үстіне шығып жатқан мұнайды алып жұмсаған. Ол мұнаймен қазақ кәсіп қылмаған. Түйенің қотырына, адамның іші ауырғанда, болмаса қотыр болғанда ем қылып, сондайға ғана жұмсаған. Оның отын орнына жарайтынын білмеген, жағып пайдаланбаған. Сол қазақтар мұнайдың атын «мұнай» деп қойған», – деп жазылған.

  Мұрағат қорларынан табылған құжатта «Орал облысындағы ең алғашқы белгілі болған мұ­найлы мекен Мәтен Қожа Май болатын. Ол Ойыл өзеніне жақын, Бүйрек, Тайсойған құмдарының ортасында, Калмыковск станциясынан 100 шақырым жерде орналасқан. Бөл өңір  ХІХ ғасыр басында өмір сүрген молда Мәтен атымен аталған делінген.

Демек, қазақ жерінде мұнайдың барлығы ХІХ ғасырдың екінші жартысында-ақ іскер кәсіпкерлерге белгілі болды. Көп ұзамай Жайық-Жем ауданына Ресейдің зерттеуші ғалымдары келе бастады. Оған белгілі дәрежеде мұнай саласындағы жаңалықтар: 1849 жылы канадалық геолог Абрахам Геснердің керосинді өндіріске енгізуі, 1859 жылы АҚШ-та мұнай өндіріліп, алғашқы скважиналардың бұрғылануы оң ықпал етті. Бір сөзбен айтсақ, нақ осы 1859 жыл дүние жүзінде мұнайдың өндіріске айналған жылы ретінде қабылданған. Мұның өзі Каспий аймағын екпінді зерттеуді бастауға  әсерін тигізді. Зерттеушілер Н.Северцев, И.Борисов 1857 жылы, П.С. Паллас 1863 жылы, Д.Кирпичников 1874 жылы, Новаковский 1886 жылы қазақ даласында болып, Мәтенқожа, Доссор, Ескене, Қарашүңгіл және басқа мекендерде мұнайдың барлығын анықтағанымен, табиғат жағдайының қиындығын алға тартып, мұнайды игеруге болатындығына күмән келтірген.  

1890 жылы Түркістанға темір жол салу мәселесі күн тәртібіне шыққан кезеңде Жайық-Жем аралығын қайта зерттеу басталды. Содан 1892 жылы Ресей-Орал темір жолы Никитиннің басшылығымен жер қыртысына барлау жүргізіп, оны Доссор, Ескене, Қарашүңгіл жерлерін  қолмен 7-9 метрге дейін қазып тексерген. Осы жылы Соль-Илецк адвокаты Ю. Лебедев патша үкіметінен алғаш рет Құнқұлақ сор мекенін арнайы зерттеуге рұқсат алған. Мұндай рұқсат 1892 жылы Доссорға, 1894 жылы Қарашүңгілге де берілді. Ю.Лебедев 1893 жылы өз рұқсатын Н.Н.Леман, Доппельмаер және Грум-Гржимайлоға сатты. Ал, олар іздестіру және барлау құқы­ғын ала отырып, 1898 жылы «Леман және К» компаниясын құрды. Cөйтіп, қазақ жерін зерттейтін алғашқы мұнай мекемесі дүниеге келді. Н.Н. Леман құрған ком­панияға белгілі кен орындарының көпшілігі концессияға берілді. Сол кезеңде оған Орал облысының Гурьев, Калмыково уездерінің болысындағы кен орындары қарады. Осы жылы Гурьев қаласында компанияның сенімді өкілі басқаратын арна­йы мекеме ашылды. Зерттеуші Л. Бердіғожиннің есебінше 1898 жылы мұнайды іздестіру барысындағы түрлі жұмыстарға аалғашында 59 қазақ тартылған екен. Олар мұнай экспедицияларына жол бастаушы, керуен жұмысшысы, атшы, жүк тиеуші, күзетші, қара жұмысшы ретінде тіркелген.  

1899 жылғы тамыз айының екінші жартысында Қазақстанға жаңа экспедиция аттанды. Оның құрамында белгілі ағартушы Н.Г. Чернышевскийдің баласы Ми­хаил, әскери инженер В.К.Фельдт, инженер С.В.Трубецкой болды. Олар 24 қыр­күйекте Индер көлінің жағалауына жақындап, Бай Мөңкеден өтіп, Грум-Гржимай­ло басқаратын Ембі-Закаспий бірлестігі орналасқан Қошқар көлге келіп тоқтаған. М.Н. Чернышевский өз күнделігінде мұнай іздеу 8 жыл бойына жүргізілгенімен нәтиже бермеді дей отыра, әзірше мұнайға ең бай жер Қарашүңгіл деп жазады. Сол сәтте ол жерде 6 скважина, 60 жұмысшы еңбек еткен. 1899 жылы 18 қараша­да Қарашүңгілде 40 метрден алғашқы мұнай фонтаны атқылады. Сөйтіп, тәулігіне 12-25 тонна мұнай алына бастады. Н.Н. Леман қарауында еңбек еткен 89 адам­ның 40-ы қазақ болатын.     

Қазақтардың мұнай саласына тартылуы туралы 1929 жылы Мәскеу мұнай институтына инженер-геолог мамандығына түскен Нарен Имашев 1935 жылы өз қолымен толтырған өмірбаянында Қазан төңкерісіне дейін-ақ үш ағасының Мартөк, Итассай, Жосыдағы мұнай іздеу жұмыстарына қатысқандығын жазса, 1931 жылы Баку мұнай институтына түскен Сафи Өтебаев естелігінде 1916 жылы мұнай жұмысшыларымен алғаш рет Доссорда еңбек ететін ағалары Ғұсман, Қали арқылы танысқандығын алға тарта­ды. Ал, Түркімен-Адай болысындағы Тәңірберген ауылының қазағы Тілеулі Бимағамбетов 1912 жылы Доссор-Ракуша мұнай құбырына бақылаушы болып келісім шартқа отырған екен. Олай болса, қазақтар үшін мұнай  өнеркәсібін игеру, оның барлық салаларына белсенді түрде қатысу күн тәртібіне уақыт талабымен шыққан маңызды оқиға.

Бірден мол байлыққа кенеле алмаған Н.Н. Леман 1907 жылы «қазақ даласы 300 жыл өтсе де екінші Баку бола алмайды» деген қорытындыға келіп, патша үкіметінен өз билігіндегі кен орындарын сатуға немесе қосымша капитал тарту үшін шетелдіктермен аралас қоғамдар құруға рұқсат сұрады.   1908 жылы Н.Н.Леман И.И.Стахеевпен одақтасып, «Ембі-Каспий» қоғамын құрғанымен діттегеніне жете алмады. 1909 жылы 2 мамырда Гурьев-Ембі тұзды көлдерін бақылап отыратын маманның хабарына сенсек, Гурьев уезінде И.И.Стахеев қана мұнай іздестірумен шұғылданған екен. Оның қарамағында Ескенеде 69, Доссорда 31 адам еңбек еткен.  

Орал-Каспий қоғамында 1911 жылы 23 сәуірде Ескенеде - 32, Доссорда - 67, Мақатта 31 жұмысшы тіркелген. Міне, осы адамдар қазақ мұнайының бетбұрысты оқиғасына куә болды. 1911 жылы 29 сәуірде Дос­­сорда басталған мұнай фонтанының хабары алысқа тарады. Фонтан 30 сағат бойы атқылап арты өртке ұласты. Доссор мұнайды Қарашүңгілден бірнеше есе көп бере бастады. Мұнда осы жылы жұмысқа атақты қазақ мұнайшыларының бірі Сабыр Зорбаев (1893-1970) орналасты. Кейін ол осы Доссор, Мақат, Ескене мұнай өндіру кәсіпшіліктерінде жұмысшыдан директорға, басқарма директорының орынбасарына дейінгі еңбек жолдарынан өтті.

Жайық-Жем аралығындағы жаңалықтардан хабардар Э.Л. Нобель 1911 жылы алдымен «Ағайынды Нобельдердің» кеңсесін Гурьев қаласында ашты. Мұндағы өзгерістерді сезген соң осы жылы Санкт-Петербургте Орал өңірінде, Кавказда мұнай іздестіру үшін және табылған мұнайды сату мақсатында «Ембі»акционерлік қоғамын құрды. Қоғам үкіметтік шешіммен 1912 жылы 10 сәуірде бекітілді. Оның құрылтайшылары Э.Л.Нобель, стат кеңесшісі Т.В. Белозерский және И.И.Стахеев еді. Гурьев қаласында қоғамның кеңсесі ашылды.  

1912 жылы 12 мамырда Санкт-Петербургте қоғам акционерлерінің алғашқы жиналысы болып, өз жұмысын бастады. Міне, осы күнді Нобельдердің заңды түрде Қазақстан мұнайына келуі деуімізге әбден болады. Нобельдер қаражаты «Ағайынды Нобельдер серіктестігі» мен «Ембі» қоғамында шоғыр­ланды. Олардың біріншісі дербес акционерлік серіктестік ретінде тіркелсе, екіншісі орыс серіктестігіне мүше болды. 1914 жылы Жайық-Жем ауданында Нобельдермен қатар «Колхида», «Ембі-Каспий» қоғамдары мұнай іздеу, өндіру­мен шұғылданды. Қоғамдар ішінен 1912-1914 жылдар аралығында осы өңірде өндірілген 14.101.169 пұт мұнайдың 37%-ы Нобельдерге, ал 63%-ы «Жайық-Каспий» қоғамына тиесілі еді. Бұл бәсекелестік кейін де жалғасты. Қазан төңкерісіне дейін ең көп мұнай өндірілген 1914 жылы (272,2 мың т.) Нобельдер өз үлесін 39,4 %-ға жеткізді. Нобельдер өз жұмысында үнемі барлау және бұрғылап мұнай іздестіру істеріне назар аударды. Соның әсерімен олардың игерген скважиналардың саны 43-ке жетті. Сөйтіп, Нобельдер Қазақстандағы мұнайлы кен орындарын игерудегі екінші ірі компания деңгейіне көтерілді. Яғни Нобельдердің ақыл-ойы мен іскерлігінің тарихта қалдырған ізі бүгінгі Нобель сыйлығы екенін мо­йындасақ, адамзат үшін жұмсалып жатқан мол қаражатқа 1912 жылдан кейін қазақ мұнайы да өз үлесін қосты деп сенімді түрде айта аламыз. Сонымен бірге, Нобельдер және өзге де шетелдік компаниялар қаражаты мен тәжірибесі мұнайлы Қазақстанды сол заманда әлемдік нарыққа шығарып қана қоймай, өндіріске өз уақытындағы алдыңғы қатарлы технологияны енгізіп, қазақтардан мұнайшы мамандарды дайындауға оң септігін тигізді.  

1911 жылғы қазақтың шө­лейт­ті сайын даласының бір пұш­пағы Доссордан мұнай фонтаны­ның атқылауы көшпенді қазақтың сана­сына сілкініс, даласына серпіліс әкел­ді деуге негіз бар. Осы жерде алғаш­қы жұмысшы табы қалыптасты. Таң­ның атысы мен күннің батысына дейін малдың соңында жүрген қазақ­тың қайратты азаматтары енді өнді­рістің «домна пешінде» сомдалды, шыңдалды. Көзі ашылды, еңсесі көтерілді.
Қуантатыны сол, Доссор мұнайы қазақ елінің, қазақ халқының бар­лығын айдай әлемге паш етті.  

 

Деректер тарихи құжаттардан алынды.