Қарашүңгіл - 120

10 тамыз, 2021

ҚАЗАҚ МҰНАЙЫНЫҢ БАСТАУЫ

Қазақстанның Батыс аймағы қазба байлықтарға бай екендігі сонау XVIII ғасырда-ақ белгілі бола бастады. Сол кезде-ақ патшалы Ресей өз ғалымдары мен саяхатшыларын Қазақстанға бағыттап, оның жерасты байлықтарын зерттеуді негізгі мақсат етіп алды. Әсіресе, бұл саясат Кіші жүз қазақтары Ресей империясына «қосылғаннан» кейін үдей түсті. XVIII ғасырдың 50-ші жылдарынан кейін-ақ қолайлы кезең туды деп есептеген патша үкіметі ғылыми экспедицияға дайындалды. Сөйтіп, алғаш ғылыми экспедиция 1768-1774 жылдары М.В.Ломоносовтың жасаған жоспары бойынша ұйымдастырылып, оның құрамына сол кездегі белгілі табиғат зерттеушілері И.И.Лепехин, С.Г.Гмелин, И.П.Фалык, И.Г.Георги, т.б. мүше болды. Олар Еділ МЕН Жайық өзендерінің аралығын зерттеп, Солтүстік Каспийдің геологиялық құрылысының жалпы негізгі мағлұматын берді. Кейінірек осы аралықты 1820-1840 жылдары зерттеген Э.В.Эверсман, Г.С.Карелин, А.Г.Гумбольд, М.И.Иванин, т.б. ғалымдардың пікірлерін дамытып, жер қойнауында мұнай-газдың бар екендігін анықтады. Орыс саяхатшылары мен ғалымдары басты назарын Солтүстік Каспий ойпаты мен Жайықтың Бұхар бетіне аударды. Осы кезеңде Бұхар беттегі «әулие» оттар туралы хабарлар көпке белгілі болды. Әулие оттармен жергілікті қазақтар бұрыннан таныс болғанымен, оны пайдалана бастаған уақыты мұрағат деректерімен – ХІХ ғасырдың басына тұстас келді. Нақтылай түссек, Атырау облысындағы Мәтенқожа мекені «әулие» оттарды пайдаланудың  алғашқы ошағы болып табылады. Мәтенқожа мекені Ойыл өзеніне жақын жердегі Бүйрек және Тайсойған құмдары аралығында, Калмыковтың оңтүстік шығысында 100 шақырым жерде орналасқан. Қазақ молдасы Мәтен ХІХ ғасырдың бас кезінде-ақ жергілікті халыққа мұнайды пайдаланудың жолдарын үйреткен. Одан арғы жерде, сондағы тұрғын қазақтар мұнайды керегінше пайдаланған. Қазақтар құдық қазып, жердің не судың үстіне шығып жатқан мұнайды алып, өз пайдасына жұмсаған. Бірақ, жергілікті халық оны кәсіп қылмай, тек түйе малының қотырына, адамның іші ауырғанда ғана ем үшін пайдаланған. 

Міне, осындай «әулие» оттардың хабарын естіген патшалы Ресей оны игеруге асықпады. Себебі, бұл уақытта олар 1806 жылдан бері Баку мұнайын «тонау» үстінде болатын. Ал, Орал облысындағы мұнайлы ауданның Бакуге қарағанда жақын екендігіне қарамастан, болашағы белгісіз еді. Дегенмен, Ресей өз ғалымдары бұл ауданды да назарынан тыс қалдырмады. Бұрынғы зерттеушілердің ізімен келген географ, тау-кен инженері Н.А.Северцов және Борщев 1857 жылы Орал облысында мұнай мен газдың мол екендігін хабарлады. Олар өздерінің 1860 жылы тапсырған есебінде қазақ даласының батыс бөлігіне назар аудару қажеттігін ескертті. «Геологиялық зерттеу» атты 1857 жылы шыққан кітабында Н.Северцов Ембіде мұнай қорының бар екендігін айта келіп, оны өндірудің және тасымалдаудың қиын екендігін жазды.

1874 жылы тау-кен инженері Д.В.Кирпичников Каспий теңізінің Солтүстік-Шығыс жағалауы және Ембі өзені айналасындағы тұзды көлдермен мұнай кен орындарын зерттеп, Қарашүңгіл, Иманқара, Доссор жөнінде өз пікірлерін білдірді. «Әсіресе, осы аталған үш мұнай кен орнының ішінен Доссор мұнайының көптігімен ерекшеленеді. Бірақ, су мен жол қатынасының жоқтығы оны игеруді қиындата түседі», - деп атап көрсетті. Бірақ, Д.В.Кирпичниковтың еңбегі, құнды пікірлері елеусіз қалдырылды. Тек 12 жылдан кейін, яғни, 1886 жылы Жайық-Ембі аралығына тау-кен инженері К.Н.Новаковский жіберілді. Ол Ембінің Солтүстік Мәтенқожа, оңтүстіктегі Доссор, Ескене, Қарашүңгіл, жерлерін тексеріп, аталған кен орындарына зерттеу жүргізді.

Батыс Қазақстандағы кен орындарын өнеркәсіптік барлау алғаш Түркістанға теміржол салудың жолдарын іздестіруден бастады. Сөйтіп, 1890 жылдан бастап мұнай кен орындарына берілген бұрынғы зерттеулер қайтадан тексеруді қажет етті. 1892 жылы Рязань-Орал теміржолы қоғамы мен геологиялық комитеттің тапсырмасымен келген экспедиция геолог С.Н.Никитиннің басшылығымен алғаш рет кен орындарының құрылысын анықтау үшін барлау жұмыстарын жүргізді. Ұңғымаларды қолмен бұрғылау нәтижесінде Доссор, Ескене және Қарашүңгілде 12 мұнай ұңғымасы тереңдігі 7-9 метрге дейін жететіндігі анықталды. Бұл ұңғымаларда мұнай атқыламағанымен, оның иісі ғана сезілді. Міне, осы хабар Ресей өнеркәсіп иелеріне де жетті.

Соның нәтижесінде 1892 жылы Доссорға, ал, 1894 жылы Қарашүңгілге байланысты іскер адамдардың алғашқы мәлімдемелері жинақталды. Сөйтіп, жекелеген іскер топтар бұл іске араласа бастаса, патшалы Ресей үкіметі бұрғылау-барлау жұмыстарының аяқталуын күтті.

1892 жылы Лебедев Доссорда мұнайдың көптігі жөнінде мәлімдеме жасады.

1894 жылды 1-ші мұнай серіктестігі ұйымдастырылды. Оны басқару Леманға жүктеліп, Ембі ауданының Доссор, Қарашүңгіл сияқты кен орындарында мұнай іздеу және барлау үшін 3 жылға келісімшарт жасады. Осы жылдың мамыр айында бұдан басқа да жерлер Леманға белгілі уақытқа дейін жалға берілді. Л.Н.Леман 1890 жылдан Петербургте Орал облысында мұнай іздеу және кен орындарын салу ісін жүргізе бастады. Осы қоғам ең алғаш рет Гурьевте 1898 жылы өз жұмысын бастады. Мекеменің басты міндеті Жайық-Ембі аймағындағы мұнай кен орындарындағы өзгерістерді дер кезінде Орталыққа хабарлап тұру еді. Леман ұйымдастырған серіктестіктердің қоры ½ млн. сом болатын, ал, осы қаржы барлық қажетті жұмысты қамти алмайтын. Сондықтан, өз қаржысын көбейту барысында Леман 1908 жылы өнеркәсіп иесі, капиталы 800 мың сомды құрайтын И.И.Стахеевпен бірігіп, «Ембі-Каспий» қоғамын құрды. Осыдан кейін Леман 1909 жылы Ресей үкіметінен мұнайды барлау шетел азаматтарына беру құқығына ие болды. Соның нәтижесінде 1909 жылы алғаш рет Гурьевке «Желл» атты ағылшын серіктігінің өкілдері профессор Истленнің бастауымен келіп, мұнайлы ауданның бір бөлігін сатып алды.

Леман Жайық-Ембі ауданында мұнайдың үлкен қоры бар екендігін дәлелдеді. Оның басшылығымен 1899 жылы 18 қарашада Қарашүңгілдегі №7 ұңғымада 40 метр тереңдіктен мұнай фонтаны атқылап, тәулігіне 12-25 тонна мұнай бере бастады. Бұл Қазақстан жеріндегі тұңғыш мұнай фонтаны еді. Қарашүңгіл мұнайы өзінің химиялық құрамы, сапасы жағынан Баку мұнайының әлдеқайда сапалы салмағы жеңіл, майы көп деп есептелінді. Ең бастысы бұрғылау жұмыстарын жүргізгенде 37, 109, 126, 148 метр тереңдіктен мұнай көріне бастады. Әрі тайыз, әрі сапалы мұнайдың табылуы туралы хабар талай іскер адамдардың назарын аударды. Сол кезде Қарашүңгіл Жайық-Ембі ауданындағы ең бай және жұмысшысы көп кәсіпшілік болып саналды. Мұнай фонтаны атқылаған кезде Н.Н.Леманның қарамағында 89 адам еңбек етсе, оның 40-ы қазақ болатын. Қарашүңгілдің осы кездегі жағдайын ауданға экспедиция құрамына келген Н.Г.Чернышевскийдің баласы М.Н.Чернышевский жазған. Бұл экспедиция 1899 жылы тамыздың ІІ жартысында ұйымдастырылған болатын. Оның құрамына М.Н.Чернышевскийден басқа әскери-инженер В.К.Фельдт, инженер С.В.Трубецкой т.б. кірген. Олар 24 қыркүйекте Индер көлінің жағалауына жақындап, Бай-Мөңке елдімекенінің үстінен өтіп, Грум-Гржимайло, т.б. басқаратын Ембі-Закаспий бірлестігі орналасқан Қошқар көлге келіп тоқтаған. М.Н.Чернышевский өз күнделігінде: «Біздер мұнай іздеуді 1899 жылы бастадық. 2 дюймдік / 1  дюйм = 0,0254 м/ скважинада 4 татар жұмысшысы және 1 десятник еңбек етуде» - деп жазды. Сөйтіп, экспедиция мүшесі М.Н.Чернышевский Қарашүңгілдің қазақ даласындағы алғаш мұнай кен орны екендігін дәлелдеді.

 

(Ә.Мұхтар, «Қазақ мұнайының тарихы»)