Балжан Жұмағалиева жайында
Доссор кентіне жол тарттық. Мұндағы мақсатымыз – ғұмырының 60 жылын мұнай кәсіпшілігіне арнап, адал еңбегімен кәсіпшілік басшылығына дейін көтерілген, қазақ мұнайы саласында алғаш әйел басшы болған Балжан Жұмағалиеваның қызы Сәуле Измайловадан анасы туралы естелігімен танысу.
Біз барып, аман-саулық сұрасқаннан кейін 83 жастағы әжей: «Әкем де, анам да – нағыз еңбек адамдары еді. Жұмысқа деген жауапкершіліктері соншалық, оларды үйде сирек көретінбіз. Түнде жұмыстан келеді, таңертең мектепке оянғанымызда олар көбіне үйде болмайтын. Біз апаларымыздың (әкемнің қарындастары) арқасында киіміміз таза, тамағымыз тоқ болып жүрді. Ал, жұмысқа деген жауапкершілікті мен ата-анамнан үйрендім» деп әңгімесін бірден бастап кетті.
Балжан Жұмағалиқызы 1917 жылы дүниеге келген еді. Сәуле әжей бізге берген деректерде және «Мұнайшы қыздар – нар қыздар» кітабында анасының өз қолымен жазылған естелігі келтірілген: «Әкем Жұмағали Досмұхамбетов шаруашылықпен айналысқан қарапайым шаруа болатын. 1921-1929 жылға дейін Доссор мұнай промыселындағы бұрғылау жөнінен бригаданың масленщигі болды. Кейін «Ембімұнай» тресіне қарауылшы қызметіне ауысып, 1946 жылы зейнеткерлікке шықты».
«Ұяда не көрсе – ұшқанда соны іледі» дегендей, Балжан Жұмағалиева өңірдегі жаңалыққа жаны құмартқан әкеден көп нәрсені үйренді. Ендігі мақсаты өмірден өз орнын тауып, кәсіппен айналысу болды.
Ол 1936 жылы Гурьев мұнай техникумының геологиялық факультетін қазақ қыздарының ішінде алғашқылардың қатарында бітіріп шығады, техник-геологы атанды. Берілген жолдама бойынша Балжан Жұмағалиева Ескене мұнай кәсіпшілігіне ұңғымаларды пайдалану жөніндегі геолог ретінде жұмысқа келіп, еңбекке құлшына кірісті. Теориялық білімін тәжірибемен ұштастырып, күнделікті жұмысын жаңалықпен толықтырып отырды.
Өзі Ескенеде болса, жолдасы Ғазиз Измайлов партияның ұсынысы бойынша Жылыой аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Қазақстан КП Мақат аудандық комитетінің бөлім меңгерушісі, Мақат аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болып істеді. Соғыстың қиын-қыстау кезінде әбден жұмысқа төселіп, ысылып қалған Б.Жұмағалиева үшін ерлермен бірге қызмет ету күнделікті үйреншікті жұмысына айналады.
12 сағаттық жұмыс күні
Қазақ мұнайшылары үшін үлкен сын болған Ұлы Отан соғысы басталған жылы Балжанның өзі майданға аттанған ерлердің орнына қажыр-қайратымен барынша жауапты қызмет етуге сұранады. Сөйтіп, оны жаңадан ашылған Сағыз мұнай кәсіпшілігіне шебердің көмекшісі етіп жібереді. Кейін шебердің өзі соғысқа аттанып, Балжан Жұмағалиеваны шеберлікке ұсынды. Ел басына күн туған шақта күніне 12 сағат жұмыс жасауды күн тәртібіне енгізіп алып, бар күш-жігерін тек қана ел игілігі үшін жұмсай бастайды.
- Есімде қалғаны анам күні-түні үй көрмей, жауында да, қарлы боранда да учаскедегі ұңғымалардың ақауларын жөндеп, қалай да іске қосатын. Тіпті болмаса, жөндеуші адамдарға үйден тамағын алып, «Азық-түлік менде. Киіміңді ки де, жұмысқа жүр» деп ерте жөнелетін. Сонда күннің қай мезгілі болса да уақытпен санаспайтын. Тіпті ауылда жарық өшіп қалса да, қарап тұрмай, қалпына келтіру жұмыстарына кірісіп кететін еді.
Ал, әкем құрылыс-монтаждау жұмыстарында жүргені есімде қалды. Сонымен қатар, сұрапыл жылдары тамаққа берілетін карточкаларды үлестірген ғой. Аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары болғандықтан, бәріне бірдей қарап, ортақ тәртіпке сай тең таратып отырған. Кейіннен комиссия тексеріс жасағанда әкемнің әділдігіне таңданыс білдірген екен. Бала болсам да, сол сәттер менің есімде анық сақталған», - дейді әжей бізбен әңгімесінде.
«Ат құлағында ойнаған...»
Балжан Жұмағалиқызы өз естелігінде: «Бар қыздарды жинап, қыздардан құрылған бригада құруды ұсындым. Сөйтіп, тәулігіне 12 сағат жұмыс жасадық. Біздің сол кездегі тамағымыз 800 грамм қара наннан ғана құралушы еді. Учаскеміз поселкеден 5-6 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан да, учаске шебері маған мініске ат берді. Сол ат үстінде жүріп, учаскенің бар шаруасын ыңғайлап бітіруші едік. Күніне 10 шақырым жерге атпен барып келу аса қиынға соқпайды.
Соғыс жылдары сапалы отынға сұраныстың үнемі артуына, жалпы алғанда, мұнай өндіру және мұнайды қайта өңдеу салаларының қарқынды дамуына түрткі болды. Қазақстандық мұнайшылар КСРО-да алғашқы болып мұнайды қайталама әдіспен өндіруді меңгерді. Республика мұнай өндіруден КСРО-да Ресей Федерациясы мен Әзірбайжаннан кейінгі үшінші орынға шықты. Сөйтіп, күнделікті жоспарды артығымен орындап, айлық жоспар, жылдық жоспар ретінде де өзгелерден алда болдық. Соғыс жылдары Сағыз промыселындағы ең алдыңғы қатарлы учаскенің бірінен саналдық, - деп жазған.
1944 жылы Б.Жұмағалиеваны Доссор кәсіпшілігінің мұнай өндіру жөніндегі бастығы етіп тағайындайды. Жаңа басшы қызметке кірісе салысымен бұрынғы еңбек ету қалпын бұзбастан, оны еселетіп, еңбек көрігін қыздыра түсті. Оның басшылық қызметте еңбек етуі көп ретте тез шешім қабылдап, қажетті орында қажетті құралды пайдаланып, мұнай өнімін молайтып қана қоймай, оның қорға кері әсерін тигізбейтіндей етіп өндірілуіне көп үлес қосты.
1945-1951 жылдары аралығында Б.Жұмағалиева Доссор мұнай-газ өндіру басқармасында бөлім бастығы, директордың орынбасары, екінші әдіс жөніндегі инженер қызметтеріне дейін көтеріледі. Әрине, мұндай жауапты істердің оған тапсырылуы тектен-тек емес-ті. Бұл жұмыстардың қыр-сырын меңгеруі және уақытылы дұрыс шешім қабылдай білуі өндірісті ұйымдастырушы басшылардың сенімін туғызады. Еңбекқор Балжан Жұмағалиқызының елді есеңгіреткен соғыс жылдары белін бекем буып, жауапты жұмыстарды сапалы атқаруы ерлікпен пара-пар деуге болады.
Қарт Ембінің қайсар қызы
1959 жылы Доссор-Мақат учаскелеріне ауысып, 1962 жылы облыстық партия комитетінің хатшысы Н.Оңдасынов өз ісіне адал берілген Балжанға сенім артып, Доссордағы кәсіпшіліктің директорлығына шақырады. Сол кездегі қалыптасқан тұрмыс үрдісіне қайшылау болғандықтан ба, оны көп адам қолдай қоймайды. Әйел басшыға деген сенімсіздік білдірген кейбіреулер кәсіпшіліктің жұмысы жақсарып кетеріне сене де қоймайды. Бірақ, басшы әйел бай тәжірибесінің арқасында еңбек майданының алдыңғы шебінде жүреді.
Доссор кәсіпшілігінің директоры болып жасаған 8 жылда ол қазақ қыздарының мәртебесін, абыройын көтере білді. Өйткені, олардың әрқайсысы жігіттермен иықтаса жүріп, өндірістің маңызды учаскелерінде табысты еңбек ететін.
Түйін. Ел басына күн туған шақта еңбек майданында бел шешпей еңбек етіп, азаматтардың орнында жүріп, ел мақтанышы болған қазақ қыздарының ішінде Балжан Жұмағалиеваның да есімі қазақ мұнайының тарихында алтын әріптермен жазылып қалары хақ. Оның ерлікпен пара-пар ісі, кейінгі ізбасарларына көрсеткен өнегесі ұрпақ жадында сақталып қалады.