Басқарма төрағасының блогы

«Ембімұнайгаз» АҚ корпоративтік сайтына қош келдіңіздер!

Қазақстан мұнайының тарихы 1899 жылдан Ембі аумағындағы Қарашүңгіл құрылымындағы №7 ұңғымадан алғашқы мұнай бұрғағы атқылауынан бастау алады.

Осы өлкенің екі жүз жылдық зерттеу нәтижесі мұнайдың алғашқы бұрқағының шығуына себеп болды, ал Ембі мұнай учаскелеріндегі іздеу-барлау жұмыстары сонау 1892 жылы басталды. Революцияның қиын жылдарына, одан кейінгі азаматтық соғыс кезеңдеріне қарамастан, алғашқы мұнай кәсіпшілігін қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу, сонымен қатар, Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ембіліктердің ерлігі – біздің компанияның қалыптасуында айрықша орын алды.

Сол жылдардағы мұнай кәсіпшілігінің дамуымен қатар, отандық кадрларды дайындау қарқынды қолға алына бастады. Қазіргі таңда сол кездегі ембіліктердің ұрпақтары «Ембімұнайгаз» АҚ-да, сондай-ақ, еліміздің басқа да мұнай-газ компанияларында және шетелдік жобаларда әр түрлі қызметтер атқаруда. Ембі базасында - өткен ғасырдың 30-шы жылдары мұнай техникумы ашылып, Гурьев – Ембі – Орск мұнай құбырының құрылысы басталды. Соғыстан кейінгі жылдары сапалы отынға деген үлкен қажеттілік отандық мұнай өндіру және мұнай өңдеу саласының дамуына үлкен серпін берді. Гурьев мұнай өңдеу зауыты салынып, 1945 жылдан бастап «Эмбанефть» бірлестігі «Қазақстанмұнай» өндірістік бірлестігі болып қайта құрылып, оның құрамына Қазақ КСР аумағындағы соғыстан кейін мұнай саласында жұмыс атқаратын  барлық кәсіпорындар кірді.

Теңіз, Өзен, Маңғышлақ, Прорва, Кенбай және т.б. Батыс Қазақстан аумағында орналасқан көмірсутек шикізатының ірі кен орындарының ашылуы – Ембі геологтарының жетістіктері. Осы атқарылған жұмыстардың арқасында мұнай-газ саласы бүгінгі күнге дейін ел экономикасының дамуында алдынғы қатарда.

Бүгінгі таңда «Ембімұнайгаз» - болашағы зор, ресурстық базаны өсіруді табысты іске асырып, мұнай мен газ өндіруде жаңа технологияларды енгізіп, бизнестің жаңа бағыттарын дамытып келе жатқан заманауи мұнай компаниясы. Біздің кәсіпорынның бай тарихы мен қазіргі мәртебесі туралы ақпаратты cайттан оқи аласыздар. Ал, өз сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңызды осы бөлімдегі «Кері байланыс» сілтемесі арқылы жолдауыңызға болады.

Әріптестік байланысымыздың тиімді де нәтижелі болуына тілекшімін!

Құрметпен,
«Ембімұнайгаз» АҚ Басқарма төрағасы
Есен Қайржан


Кері байланыс