«Ембімұнайгаз» АҚ (бұдан әрі - ЕМГ) қоршаған ортаға зиян келтіруді азайтумен жоспарлы түрде жұмыстануда және өндірістік қалдықтарды төмендету мәселелеріне көп көңіл бөліп келеді. Компания тарихи ластанған аумақтарды тазартуға және мазутпен ластанған топырақты, мұнай қалдықтарын қайта өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру үшін едәуір қаржы бөліп отыр.
Компания 2005 жылдан бастап биоремедиация әдісімен (биологиялық тазарту және қалпына келтіру) мұнаймен ластанған топырақтарды тазартудың ауқымды жобасына кірісті. Биологиялық тазартудың артықшылығы қоршаған ортаға кері әсердің толықтай болмауы болып табылады. Мұнайшылар 10 жылдың ішінде «тарихи ластанған жерлердің», яғни, өткен ғасырда мұнаймен ластанған 500-ден астам гектар жерді тазартты.
Қосалқы өндіріс қалдықтарын (пайдаланылған шамдар, майлар, тозған заттар және т.б.) және тұрмыстық қатты қалдықтарды жою жұмыстары мамандандырылған кәсіпорындарға тапсыру арқылы жүзеге асырылады.
Компанияда өндірістік және тұтынушылық қалдықтардың пайда болу көздерін түгендеу жүргізіледі, қалдықтардың әр түрі үшін төлқұжат пен қалдықтармен жұмыс жасау жөніндегі нұсқаулықтар жасалады.
ЕМГ басқарма төрағасының тапсырмасы бойынша 2018 жылы ЕМГ басқару аппаратында «Жасыл кеңсе» жобасы іске қосылды. Жобаның мәні кеңсе ресурстарын, атап айтқанда, қағазды ұқыпты пайдалану және үнемдеу, сондай-ақ ЕМГ қызметкерлерінің өндірістік құрылымдарда макулатураны бөліп жинау мәдениетін дамыту болып табылады. Болашақта осы жоба ЕМГ өндірістік құрылымдық бөлімшелерінде іске қосылатын болады.