Студенттер оқуының төлеміне қатысты
2023 жылдың қорытындысы бойынша көмірсутектерін және (немесе) уран өндіру кезеңінде жер қойнауын пайдаланушы жұмсаған өндіру шығындарының бір пайызы мөлшерінде қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыру Ережесінің талаптарына сәйкес (бұдан әрі - ҚР ЭМ Ережесі) (Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2018 жылғы 15 мамырдағы № 185 және Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 17 мамырдағы № 211 бірлескен бұйрығымен бекітілген) жер қойнауын пайдаланушы келісімді міндеттемелерінен түскен қаржысының кемінде 30 % әлеуметтік – осал топқа жататын студенттердің оқуына ақы төлеуге жұмсайтынын қаперге береміз:
- толық емес отбасы;
- көп балалы отбасы;
- жетім балалар және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, жиырма тоғыз жасқа толмаған, кәмелетке толғанға дейін ата-анасынан айырылған балалар;
- мүгедектігі бар тұлғалар;
- ата-анасының біреуі немесе екеуі де мүгедек тұлғалар;
- мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеп отырған отбасылар;
- Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы № ҚР ДСМ-14 «Кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізімін бекіту туралы» бұйрығымен бекітілген тізімде көрсетілген, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын тұлғалар.
Оқу ақысын төлеу үшін іріктеуге барлық ҚР азаматтары жіберілетіндіктен және 2024 жылға қазақстандық кадрларды оқытуды қаржыландыруға қаражат шектеулі болатындықтан, Комиссияның қарауына жоғарыда көрсетілген әлеуметтік осал топтарға жататын және Директорлар кеңесінің шешімімен бекітілген (14.05.2018 жылғы № 17 хаттама), «Ембімұнайгаз» АҚ-ның қаражаты есебінен оқыту ақысын төлеу үшін үміткерлерді іріктеу қағидасы бойынша үлгерім критерийлеріне сәйкес келетін ҚР-ның азаматтары - студенттердің құжаттары ғана шығарылатын болады.
Қоғам қаржысы есебінен оқу ақысын төлеуге кандидаттар іріктеудің негізгі критерийі болып оқу үлгерімінің баллы саналады:
Оқу үлгерімі бойынша критерийлер, жетім балалар есебіндегі студенттерді қоспағанда, барлық студенттерге қатысты қолданылады.
Сонымен бірге, оқыту ақысы Компания, білім беру ұйымы және студент арасында (тапсырма шартымен рәсімделетін шетелдік ЖОО-нан басқа) үш жақты шарт жасау арқылы тікелей білім беру ұйымына аударылатынын хабарлаймыз.
Іріктеу критерияларына сәйкес келетін бірінші және одан кейінгі оқу жылдарындағы жоғары оқу орындары студенттерінің немесе орта кәсіби білім алатын оқушылардың құжаттары 2024 жылдың 01 тамызына дейін Атырау қаласы, Уәлиханов көшесі 1, «Ембімұнайгаз» АҚ кеңсесі мекенжайы бойынша қабылданады. Жауапты тұлға Төлешова Ләззат (Қызметкерлерді басқару және еңбекақы төлеу департаментінің кадрлар жөніндегі аға маманы).
Оқу ақысын төлеу үшін тапсырылатын құжаттар тізімі
1) Бас директордың атына оқу ақысын төлеу мүмкіндігі туралы өтініш (4-қосымша);
2) жеке куәлік көшірмесі - 3 дана
3) туу туралы куәлік көшірмесі;
4) жалпы орта білім туралы аттестаттың көшірмесі;
5) егер студент орта мектептен кейін жоғары оқу орнына түссе, бағалары бар дипломның көшірмесі;
6) 1 курс үшін барлық пәндер бойынша нәтижелері көрсетілген ҰБТ-ны аяқтағаны туралы анықтаманың көшірмесі; - кейінгі курстар үшін өткен оқу жылындағы оқу үлгерімінің бағалары бар оқу орны куәландырған баға кітапшасының көшірмесі/транскрипттің түпнұсқасы;
7) Мамандығы, оқу мерзімі, ағымдағы оқу жылындағы оқу құны көрсетілген студент, білім беру ұйымы және Компания арасындағы 3 жақты келісім;
8) келесі курсқа ауысу туралы білім беру ұйымының анықтамасы;
9) отбасы құрамын растайтын құжаттар;
10) мекен-жай анықтамасы;
11) әлеуметтік жағдайын растайтын құжаттар (толық емес отбасы, көпбалалы отбасы, мүгедектік туралы анықтама, жетім балалар және т.б.).