Мұнайлы өлке ешқашанда мұңаймайды

23 тамыз, 2024

Доссор жері - қойнауы қара алтынға бай қазақ мұнайының қарашаңырағы саналады. Қазба байлықтары мол жерде қаншама жан адал еңбек етіп, кәсібінің несібесін көруде. Осынау ырысы мол жердің байлығын игеру үшін іргелі кәсіпорындар да бой көтерген. Елімізге белгілі «Ембімұнайгаз» АҚ – «ҚазМұнайГаз» Ұлттық Компаниясының еншілес кәсіпорны. Оның тарихы 1922 жылы Доссор және Мақат кен орындарын игеру мақсатында «Ембімұнай» тресі құрылған кезеңнен бастау алады. Компания қызметінің негізгі бағыттары – геологиялық барлау, мұнай-газ кен орындарын игеру, мұнай мен газды өндіру және дайындау. Ембілік кен орындары ел экономикасының дамуына ғана емес, сонымен бірге халықтың әл-ауқатын арттыру үшін келелі істер жасап жүр. 

Қазақ мұнайының қарашаңырағының тарихы әріде...

Доссор мұнай кен орны – Атырау облысы, Мақат ауданында, Атырау қаласынан шығысқа қарай 90 шақырым жерде орналасқан. Аталмыш кен орны елімізде ашылған ең алғашқы өндірістік маңызы бар мұнай кеніш саналады.

Тарих қойнауынан сыр шертер болсақ, Атырау мұнайы туралы алғашқы деректерді 1840 жылы «Кен» журналында Ковалевский жариялаған. 1857 жылы жазда орыс геологы Н.А. Северцев Ембі ауданын зерттеп, Мұнайлы мен Қарашүңгілде мұнайдың кир, қою битум күйіндегісін көргендігін жазады. Ал, 1874 жылы тау-кен инженері Д.В.Кирпичников Доссорда мұнай қорының көп екендігін анықтаған. Сонымен қатар, суы жоқ, жайылымы аз, шабындығы кемшін жерде қазба байлықты игеру қиынға соғатындығын айтқан. 1886 жылы Доссор жеріне тау-кен инженері Новаковский ат басын бұрып, 1892 жылы «Орал сырты даласы» мен «Маңғышылақ геологиялық комитетінің» геологы С.Н.Никитиннің басшылығымен экспедиция ұйымдастырылды. Олар Доссорда әрқайсысының тереңдігі 9 метрден аспайтын 6 ұңғыма қазады. Осылайша, «қара алтын» өндірісінің қарашаңырағы Доссорда 1907 жылы барлау-бұрғылау басталады. 1908-1909 жылдары кәсіпкерлер қазған алғашқы ұңғымалардың жоғарғы қабаты ашылып, олар тәулігіне 1,7 тонна мұнай беріп бастайды.

1910 жылы Қазанның бай саудагері үкіметтен іскер шетел капиталын тарту туралы рұқсат алып, Ұлыбритания азаматтары Эдуард Юмь-Шведер және Отто Адоьфович Лист екеуі бірігіп, сол жылы желтоқсан айында патша бекіткен заңның негізінде «Жайық-Каспий» мұнай қоғамын (УКНО) құрады. «Жайық-Каспий» мұнай қоғамы Ембідегі бірінші ағылшын акционерлік қоғамы болды. Сол қоғамның Доссорда қазып жатқан №3 ұңғымадан 1911 жылдың 29 сәуірінде 225 метр тереңдіктегі орта юра қабатынан қуатты мұнай бұрқағы атады. Арада 30 сағат уақыт өткен соң, аспанға мұнай лақтырған ұңғымадан 16700 пұт таза өнім алынады. Осы кезден бастап мұнайдың таза өнімі игеріле бастаған.

Ал, 1912 жылы 10 сәуірде «Ембі» мұнай кәсіпшілігі және сауда акционерлік қоғамы құрылды. Аталмыш кәсіпорынның құрылтайшылары Э.Л.Нобель, Т.В.Белозерский мен И.Н.Стахеев болды.

Жер қойнауындағы қазба байлықты толық игеру мақсатында 1913 жылы геологиялық-түсіру материалдары бойынша кен орнының алғашқы құрылымдық сызбалары жасалды. Геологтар Келлер мен М.Кругловский алғаш рет дәлме-дәл геологиялық картасы мен қабат кескіндерін түсірді. Осылайша 1911-1915 жылдары Доссордағы ыждағаттап жүргізілген барлау-бұрғылау кезінде 52 ұңғыма қазылды.

1915 жылдың 31 мамырында «Орал-Каспий» мұнай қоғамы бұрғылаған 400 метрлік №2 ұңғымадан тұңғыш мұнай фонтаны атқылады. Бұл Ембідегі екінші кеніш – Мақаттың ашылуына негіз болды. Мақат кенішінің дамуына біртуар марғасқа азаматтар бір жеңнен қол шығарып, жұмыла жұмыс жасаған. Атап айтқанда, В.И.Линдваль, А.Г. Анисимов, Р.А. Эглит, А.В. Бородин, Қ. Бердіғалиев, Р.Сағындықов, С.Өтебаев, С.Жүсіпов, И.С. Ростовцев, Б.Қарамурзиев, С.Семенов, Ә.Сүлейменов, А. Зибницкий, З. Айдынәлиев, Қ. Нарынбаев, Е.Тауманов, М.Төтімов, Х.Дүйсенбаев, инженерлер мен геологтар С.Локшин, В.Я.Авров, Ғ.Хакимов, Ж.Досмұхамбетов, М.Бекжанов, Ж.Жетібаев, А.Досқалиев, қазақтың тұңғыш инженерлерінің бірі Ә.Ілиясов, З.Азыналиев, Р.Өтесінов, Қ.Нәрембаев, М.Табанов, А.Бижанов, Р.Есениязов, Г.Измаилов, Ш.Әбетов, Б.Берниязов, Е.Көптілеуов, Қ.Жұмағалиев, Е.Аманбердиев, Б.Төлекбаев сынды азаматтар осы жолда аянбай тер төкті.

Ембідегі мұнай өнеркәсібінің қайта құрылуы 1920 жылы 20-мамырда Орал-Ембі аймағы мұнай өндірісінің басқармасына тапсырылып, 1922 жылы Мәскеу қаласында басқарма «Эмбанефть» трест болып, қайта құрылып, 1929 жылы Гурьев қаласына көшірілді. Ал, 1924 жылы өткен Халық шаруашылығы Жоғарғы Кеңесінің отырысында Доссор мен Мақат кәсіпшіліктері өлкедегі мұнай өнеркәсібінің көшбасшысы болып, толағай табыстарға қол жеткізе бастады.

Мекеме атауы бірнеше мәрте ауысып, өзгеріске ұшырап отырды. Десе де жұмыс қарқыны бәсеңдеген емес. 1970 жылы «Эмбанефть» бірлестігіне, 1994 жылы «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына, 1999 жылы «Қазақойл-Ембі» акционерлік қоғамына қарасты «Доссорнефть» мұнай-газ өндіру басқармасы болып аталды. Ал, 2004 жылдан «Ембімұнайгаз» өндірістік филиалына қарасты және 2012 жылдан «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамына қарасты «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы болып жұмысын жалғастыруда.

Қазіргі таңда «Доссормұнайгаз» МГӨБ баласында 11 кен орны бар. Оның ішінде 6 кен орны: Қошқар, Қарсақ, Алтыкөл, Ботахан, Солтүстік Жолдыбай, Шығыс Мақат игерілуде. Ал, қалған бес кен алаңы: Мақат, Байшонас, Ескене, Комсомол, Бек-Бике – консервацияда. Жаңа ғасыр талабына сай мекеме жанынан Дуалды оқыту жүйесі де жұмыс жасауда. 2022-2024 жылдары «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасына Дуалды оқыту бағдарламасы бойынша 35 студент қабылданып, тәжірбие алмасуда. Жергілікті С.Мұқашев атындағы Атырау политехникалық жоғары колледжі мен Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің студенттер аталған бағдарлама арқылы мол мүмкіндіктерге ие болып келеді.

Әлеуметтік көмектер әлеуеті

«Доссормұнайгаз» басқармасы қарапайым халыққа қол ұшын созып,ел алғысын алып жүр. Атап айтқанда, 1987-2005 жылдар аралығында аудан тұрғындарына 65 үй (295 пәтер) салынды. Оның ішінде Мақат кентінен 10 үй (110 пәтер), Доссор кентінен 55 үй (185 пәтер) ел игілігіне тапсырылған. Ал 1995-2011 жылдар аралығында әлеуметтік көмектер 2 балабақша салынды. Яғни, «Қарлығаш» балабақшасы мен «Ботақан» балабақшасы жаңадан бой көтеріп, пайдалануға берілсе, ал «Нұрбөбек» балабақшасы «Мақатмұнайгаз» МГӨБ –ның кеңсесіне орналасты. 2007 жылы «Мақатмұнайгаз» МГӨБ–ның ескі ғимараты аудандық «Ардагерлер кеңесіне» табыс етілді.

Бұқаралық спортты қолдауды қалыс қалдырмаған мекеме 2001-2022 жылдар аралығында бірнеше жаңа құрылыстардың бой көтеруіне ұйытқы болды. Атап айтсақ, Доссор кентінен үш бірдей футбол алаңы және үш балалар ойын алаңы салынған болатын. Сонымен қатар, заман талабына сай, көпфункционалды спорт алаңы Мақат пен Доссор кентінінің тұрғындарының пайдалануына берілді.

Аталмыш мекеме кент инфрақұрылымының дамуына да сүбелі үлес қосып келеді. Атап өтер болсақ, 2011 жылы Доссор кентіндегі «Мұнайшылар» мәдениет үйіне толықтай күрделі жөндеу жүргізді. Сонымен қоса, «Доссор мұнайының 100 жылдығына» орай мәдениет үйіне «Доссор мұнайына 100 жыл» ескерткіш-монументін, «Ардагерлер аллеясы» мен жазғы сахна салып берді. Тозығы жеткен Доссор кентінің әкімшілік ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіліп, жаяу жүргінші жолы да салынған болатын. Сонымен қатар, ойын-сауық жабдықтармен қамтамасыз етілген «Доссор саябағы» бой көтерді. Кент көркі болған көше бойындағы ескерткіш, мүсіндер мен билбордтар жаңартылып, орталық айналма жолдың құрылысы жүрді. Халық қауіпсіздігі үшін кент бойынша толықтай газ құбырлары тартылды.

Тұрғылықты тұрғындардың өтініші бойынша наубайхана салынып, бүгінгі күнге дейін ел кәдесіне жарап тұр. Өз заманының батыры, әулие Байбақты Қармысұлының атына салынған Доссор кентінен солтүстікке қарай орналасқан «Байбақты ата» кесенесі мен түнек үйіне күрделі жөндеу жүргізілді. Дәстүрлі үрдіс жалғасын тауып, жыл сайын кесене қажетті заттармен қамтылып, жөндеуден өтіп келеді.

Доссор кентінде мешіт ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді. Кент тұрғындарының қажеттілігіне сай жаңа заман талабына сай «Қарашаңырақ» мейрамханасы бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Кент тұрғындарына арналған қоғамдық монша салынып, қазіргі күнге дейін қолданыста.

2010-2020 жылдар аралығында мекемеге қарасты бірнеше ғимараттар мемлекеттік ұйымдарға пайдалануға беріле бастады.

Мәселен, «Мақатмұнайгаз» МГӨБ–на қарасты «Вахта-40» ғимараты мен арнайы көлік керуенінің орны кент әкімшілігіне, әкімшілікке қарасты коммуналдық шаруашылығына пайдалануына берілді. Сонымен қоса, жыл сайын үздіксіз аудан бойынша көгалдандыру жұмыстары да назардан тыс қалған емес.

«Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – деп айтқандай «Доссормұнайгаз» МГӨБ ұжымы бірнеше отбасының баспаналы болуына да біркісідей ат салысып келеді. Айта кетейік, Мақат кентінің тұрғыны, отбасы жағдайы төмен, «Алтын алқа» иегері Гүлбаршын Абденоваға үш бөлмелі үй сыйлап, қуантқан. Ізгі іс жалғасын тауып, Доссор кентінің тұрғыны, бес баланың анасы Сәнімгүл Қапиеваға да үш бөлмелі үйдін кілтін мұнайшылар табыс етті. Сонымен қатар, Доссор кентінің аз қамтылған тұрғыны Айнұр Әсетоваға екі бөлмелі пәтірдің кілтін табыс етіліп, баспаналы болуына жәрдемдесті.

Көптің мәселесін қара бастың қамынан жоғары қойған мекеме Доссор кентіндегі отбасы жағдайы нашар Тоты Сәрсембаеваның отбасына үш бөлмелі баспана сыйласа, ал, Мақат кентінің тұрғыны, жалғызбасты, үш баланың анасы Гүлім Қабдрешованың отбасын екі бөлмелі пәтермен қамтамасыз еткен.

«Доссормұнайгаз» МГӨБ мекемесі ел басына күн туған «Covid-19» пандемиясы кезінде де қарапайым халыққа қол ұшын созды. Осы негізде, «Ембімұнайгаз» АҚ–нан 2020 жылы аудандық ауруханаға медициналық қорғаныс құралдарын алуға 20 млн теңге бөлінген.

«Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының ұжымы республикалық «Bizbirgemiz» акциясының аясында аудандық ауруханаға оттегі концентраторы мен 10 дана оттегі баллоны, 15 дана пульсоксиметрлер, 50 дәрігерлерге арналған бір реттік киімдер, 70 қорап антисептиктер алып берген болатын. Қиын қыстау кезеңде тұрмыстық жағдайы төмен 137 отбасыға көмек көрсетілсе, ДЦП диагнозы бар 60 мүмкіндігі шектеулі балаға қол ұшын созылды. Ал, 2022 жылы Доссор кентіндегі тосыннан бір барак үй өртке оранды. Айтпай келген тілсіз жау салдарынан пәтер иелері баспанасыз қалған болатын. Үйсіз қалған отбасыларға «Ембімұнайгаз» АҚ басшылығының қолдауымен бір үй жаңадан салынып берілсе, екі пәтерге күрделі жөндеу жүргізілді.

Мекеме жанынан үрдіске айналған қайырымдылық акциялардың болуы да аудан тұрғындарына көрсетіліп жатырған құрмет пен көмек екендігі баршаға мәлім. Жыл сайын дәстүрге айналған «Мектепке жол» акциясының аясында 2018-2023 жылдар аралығына мекеме тарапынан 163,6 млн.теңге қаржы бөлініп, аз қамтылған отбасылардың балалары құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген болатын. Осы үрдіс биыл да жалғасын таппақ.

«Доссормұнайгаз» МГӨБ мүмкіндігі шектеулі балаларды да назардан тыс қалдырған емес. Аудан бойынша төрт мүмкіндігі шектеулі балаға арнайы қаражат бөліп, қажеттілігіне сай арбаларды алып берді.

Осылайша, жергілікті мекеме ел әлеуетін көтеруде ауыз толтырып айтатындай игі істер атқаруда.

Биыл Мақат ауданының 100 жылдық мерейтойына орай ізгі үрдістен қол үзбей, келелі істер атқаруға дайын. Осы мақсатта, Доссор кентіндегі тозығы жеткен №3 Доссор кітапханасы мен №4 Доссор балалар кітапханасының талапқа сай еместігін ескеріп, жаңа кітапхана құрылысын салуды көздеп отыр.

Мәдениет ошағы болған мұражай ғимараты сын көтермеуі көпті алаңдатады. Доссор кентіндегі мұражай қоғам қайраткері С.Шариповтың атындағы мектеп-интернатының жанынан 318 жәдігермен қоғамдық бастама негізінде құрылған болатын. Ал, қазіргі таңда мұражай қорына 4643 жәдігер жинақталған. Экспозициялардың басым көпшілігі мұнайлы өлкенің тарихы, аудан экономикасына сүбелі үлес қосқан мұнайшы ардагерлеріміздің өмір жолдары мен өнегелі істері насихаттайтын көрмелерден құралған. Жәдігерлер қорының жыл сайын толығуы, арнайы қор сақтайтын бөлмелердің болмауының салдарынан жаңа мұражай қажеттілігі туындаған. Осы қажеттілік негізінде «Доссормұнайгаз» МГӨБ мекемесі жаңа мұражай құрылысын бастауды жоспарлап отырғандығын жеткізді мекеме басшысы Жасұлан Берқалиев.

Сонымен қатар, халық көңілін жадыратар концерттік бағдарламалар да өз жалғасын таппақ.

«Алдағы қыркүйек айында «Екі жұлдыз» ән байқауын өткізуді жоспарлап отырмыз. Байқауда мекемеден бір қызметкер бір мүмкіндігі шектеулі баламен ән шырқамақ. Балаларға көңіл-күй сыйлап, ортаға бейімдеп, қоғам назарынан тыс қалдырмау – біздің басты назарымызда», - дейді «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Жасұлан Жаңайұлы.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, «Доссормұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасы жоғарыда атап өткендей, бірнеше игі бастамалар мен ізгі істердің жаршысы болуда. Мекеме тарапынан көрсетілген көмектер жыл сайын жалғасын тауып, игі дәстүрге айналып үлгерді. Аталмыш шаралардың кең көлемде өркен жаюына мекеме мен мекеме қызметкерлерінің де еңбегі зор екендігі сөзсіз.

Қойнауы қара алтынға бай аудан тұрғындарының әл-ауқаты қашан да жоғары болсын деп тілейміз!

Ж.ҚАМЗА