Қазақ мұнайының қарашаңырағы – Ембі өңірі десек, осы өңірдің мұнайын алғаш тапқан Қызылбасов Бешім қарияның баласы ардагер мұнайшы Наурызғали қарт 90 жасқа толып отыр. Атадан-балаға, баладан-немереге мұрадай жалғасқан мұнайшылық кәсіптің бастауында тұрған Наурызғали Бешімов әулетінің ісі мақтауға тұрарлық.
Мұнайлы өңірдің тарихы өте ертеден басталады. Шетелдіктер жерімізге аяқ баспас бұрын жергілікті халық бұл шексіз байлықты күнделікті тұрмыстарына пайдаланып та үлгерген екен. Жаз жайлау мен қыстың қаһарында қыстақтың арасын жол қылған қазақтар қара майды емге қолданып, шаруашылықтарына жаратқан. Алғашында бір өзінде бірнеше қасиеті бар осынау нәрсенің не екенін білмеген жергілікті тұрғындар оған «қара май» деп атау берген. Мал соңында көшіп-қонып, жолшыбай кездескен жолаушылардың сұранысын жерге тастамай шелектеп әлгі майдан беріп жіберіп отырған деседі. Бұл – шындық, осы өңірді әбден зерттеген ғалымдардың деректерінде де осылай делінеді. Яғни, қазақ мұнайын тапқан өзге жұрт емес, жергілікті қазақтардың өздері.
Жем бойында мұнайдың табылуы
немесе Бешім қарттың мұнайшы атануы
1926 жылдың жаз айы. Күн тас төбеде, шақырайып тұр. Көрші ауылдан келе жатқан атты адам Бешім қарт сәл жырақтағы екі шағыл төбешік маңындағы (Жылыой ауданындағы қазіргі Қосшағыл ауылының маңы) топырақтың арасынан әлдебір нәрсенің қарауытып жатқанын байқап қалады. Аттың басын әдейілеп бұрып келсе топырақтың арасынан қара май шығып жатыр екен. Бешім қарт аттан түсіп, торсығына майдан құйып алады. Үйіне келе сала әлгі майды отқа құйып көрсе, лапылдап жанғанын байқайды. Өзінің аздаған иісі де бар екен. Май құйған торсығын қолына ала сала Доссордағы іздеу жұмыстарында жүрген мамандарға апарып көрсетпек ниетпен жолға шығады. Доссор кәсіпшілігінің мамандары жергілікті қартты жылы ұшырай қарсы алады. Әкелген майлы топырағын зерттеуді кәсіпшіліктің жас геологы (соңынан Қазақстан Мемлекеттік университетінің профессоры, академик лауазымдарына дейін көтерілген) Петр Яковлевич Авровқа тапсырады. Петр Авров қасына бір топ геологтарды ерітіп, Бешім қартпен әлгі жерге келіп, топырақты мұқият тексереді. Мұнай бар екеніне көздері әбден жеткен соң, бұл жерде бұрғылау жұмыстарын жүргізу үшін арнаулы экспедиция құрады. Доссор кәсіпшілігінің басшылары экспедицияға жетекшілік етуді Петр Авровқа тапсырады. П.Авров өзіне Бешім қартты көмекші етіп тағайындап алады. Сөйтіп, малшы Қызылбасов Бешім барлаушылардың жол басшысы болып мұнай кәсіпшілігіне жұмысқа араласады. Сол мезетте, әрине, Бешім қарт өзі көзін ашқан «қара алтын» байлығын игеруге кейіннен ұрпағының да араласатынын сезбеді ғой. Сөйтіп, мал баққан қарапайым шаруагер «мұнайшы» атанды. Жергілікті жердің ерекшеліктерін ескере отырып, мамандармен бірлесе аймақ картасын жасауға араласты. Кейін осы жұмыстардың нәтижесінде 1932 жылдың 28 қарашасы күні №6 ұңғыдан мұнай бұрқағы атқылап, бұл өңірге Қосшағыл деп ат қойылады. Өңірдің дәл осылай аталуын Бешім қарт қалаған екен. Сол кезеңнен бастап Жылыой ауданының аумағында алғашқы Қосшағыл мұнай өндірісі пайда болады.
Геолог Петр Авров пен Бешім қарттың арасындағы байланыс осылай басталып, кейін іргесі жарасқан, ағайынға бергісіз тату-тәтті көрші болады. Кейін олар бірлесе жүріп Төлес мұнай алаңын да табады. Қарапайым малшы Бешім қарттың еңбегін жоғары бағалаған Үкімет оған Қосшағыл мен Төлес кен орындарын алғаш ашушы деген атақ беріп, КСРО Мұнай халық комиссариаты өмірлік зейнетақы тағайындайды. Бешім қарт қайтыс болғаннан кейін, бұл зейнетақы оның мұнай іздестіру жұмыстарында үнемі қасында болған үлкен ұлы Мұқанға аударылады.
Мұқаннан кейінгі балалары Төремұрат пен Нарымбет Қосшағыл кәсіпшілігінде еңбек етіп жүрген кездерінде 1939 жылы фин соғысына алынады. Кейін фин майданы Ұлы Отан соғысына жалғасып, екеуі де елге оралмай, жат жердің бір уыс топырағы бұйырады. Бешім қарттың өзге балалары Ердәулет, Бердәулет, Мизамдар да әкелері «ашқан» Қосшағылдағы алғашқы жұмысшылар табының мүшелері болып, атақты бұрғышы, бұрғылау шебері, мұнай өндіруші оператор болып ұзақ жылдар еңбек еткен. Бүгінде олардың есімдері мен еңбектерін Қазақстан мұнай энциклопедиясынан оқуға болады.
Жалғасын тапқан өнеге
Сол Бешім қарттың ортаншы ұлы Ердәулеттен тараған ұрпағы Наурызғали ағамыз бүгінде – 90 жаста. Жылыой ауданында тұрып жатыр. Әулеттеріне бұйырған кәсіптің ізін жалғап мұнайшы атанды. Зейнеткерлікке осы саладан шықты, бүгінде қартпын, менен қауқар кетті деп отырған Наурызғали аға жоқ. Жылыой ауданындағы іргелі ұжым «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасында ардагерлер кеңесін де басқарды. Наурызғали аға өзін бұл өмірде жолы болған бақытты жанға балайды. Оның себебін әріден айтар болсақ, бүкіл елдің игілігіне жаратылған мұнайдың табылып, игерілуіне септігін тигізген Бешім сынды сыйлы қарттың ұрпағы болғандығынан іздесе, беріде өз ата-анасының өнегелі тәрбиесі мен айналасында жаны жайсаң жақсы жандардың көп болғандығын сеп көреді.
Соғыс өрті бұрқ еткенде, Наурызғали Бешімов мектеп табалдырығын жаңа ғана аттап жатқан бүлдіршін-ді. Мектепте ол республикаға аты мәлім ұстаздардан білім алды. Қабыжан Қыстауғалиев, Сүлеймен Қарабалиндер алғашқы ұстаздары болса, кейін Қара Тәшенов, Ораз Сарғұнанов, Бержан Қанатбаев ағайларының тәлім-тәрбиесін көріп, өнегесін ести өсті. Әкесі Ердәулет Наурызғалидан мол үміт күтетін, оған үнемі «біздің әкеміз Бешім осы өңірден мұнай тапқан адам, оның ісі үзілмеу керек. Сен де мұнайшы боласың, бұл – ата аруағы алдындағы борышың» деп айтып отырушы еді. Ұлы Наурызғалидың мектеп бітіргенін көру жазбаған екен, әкесі кенеттен қайтыс болады да қолдағы бар мал — жалғыз сиыр әкені жерлеу жабдығына жұмсалады. Сол жылы оқуға мүмкіндік болмай, Наурызғали Комсомол мұнай кәсіпшілігінде көлік жөндеуші болып жұмысқа орналасады. Келесі жылы ұжымдастары жолына қаржылай көмектесіп, мұны Мәскеуге оқуға шығарып салады. 1958 жылы Губкин атындағы мұнай-газ институтын инженер-мұнайшы мамандығы бойынша бітірген Наурызғали Бешімов атасының мұнай тапқан Қосшағыл кәсіпшілігіне оралады.
Ол кездегі өндірістің қиындығы шаш-етектен, жаңа станоктар жоқтың қасы. Мұнай шығаратын тербелмелі станоктар қолдан жасалған және бір орталықтағы эксцентрикке бірден 20-ға арта станок жалғанады. Бұл дегенің алда-жалда біреуі жұмыстан шығып қалса, қалған 19-ның да тоқтап тұруы деген сөз. Үлкен құбырларды ат жегіп арбамен таситын, ойқы-шойқы жолдың жағдайы айтпаса да түсінікті. Уақытпен санасу ол кездері жұмысшылардың санасына кіріп те шықпайтын. Күн сайынғы жұмыс уақыты 10-12 сағатқа дейін созылатын. Осылай еңбек ете жүріп, Наурызғали Бешімов мұнай өндіруші оператордан өндіріс шебері, бөлім бастығына дейін көтеріледі. Қоғамдық жұмыстардан да сырт қалған емес, кәсіпшіліктегі бастауыш комсомол комитетінің хатшысы болды. 1964 жылы жаңадан ашылып жатқан «Прорвамұнайгаз» (қазіргі «Жылыоймұнайгаз») басқармасына басшылыққа жібергенде жоғары жақ оның еңбек сүйгіш қасиетін көре білген ғой.
Ұшқан қарғасы ғана көзге шалынатын елсіз маң дала кейіннен мұнайшылар мекеніне айналады дегенге бастапқыда жұрт сенімсіздік білдірген. Жоғарғы басшылықтың өзіне осындай үлкен жауапкершілік артқанына алғашында Наурызғали Бешімов сәл-пәл жүрексінсе де, кейіннен айналасына топтасқан мамандардың іс-қимылына қарай отырып «мұның уақытша ғана қиындық екеніне» сенімі нығая түсті. Вагондар мен мұнай құбырлары, ұңғымалары ғана қарауытқан айдалада мұнайшылар үшін шағын кенттің құрылысы басталып, араға көп салмай мектеп, балабақша, мәдениет үйі салынып пайдалануға берілгенде былайғы жұрттың таң қалғаны рас. Адам баласы байласа тұрғысыз осынау шалғай мекенде дәл осылай тіршілік әуені қызып кетеді деп ойламаса керек-ті. Оның үстіне бұрғылаудан шығып қалған ұңғылар қайта іске қосылып, «Прорвамұнайгаз» мұнай кәсіпшілігі Қазақстандағы ең көп өнім беретін кенішке айналды. Міне, осыдан кейін мұнайшы Наурызғали Бешімов жұмысы жүрмей жатқан учаскелерге жіберілетін болды. Құлсары ұңғыларды күрделі жөндеу кеңсесінде бас инженер, «Құлсарымұнайгаз» басқармасына бас инженер, қайтадан Құлсары ұңғыларды күрделі жөндеу кеңсесінде директор, жаңадан ашылған «Жайықмұнайгаз» басқармасына басшы, «Ембімұнай» өндірістік бірлестігіне бас директордың орынбасары болып тағайындалғанында басшылар оның еңбексүйгіштік қасиетін аса жоғары бағаласа керек.
Сол кездегі Гурьев облыстық партия комитетінің І хатшысы Саламат Мұқашев Н.Бешімовті мұнайлы өңір Мақат аудандық партия комитетінің І хатшысы етіп тағайындауы да көп мәселені аңғартса керек. Ауданның бірінші хатшылығына сайланар алдында Н.Бешімов Қазақстан Республикасы Орталық партия комитетінің І хатшысы Д. Қонаевтың қабылдауында болады. Ел басшысымен болған кездесуде мұнайшылардың жағдайы жан-жақты айтылып, Дінмұхаммед Ахметұлы бұл өңірдің тұрмысымен өте жақсы таныс екенін байқатып соғыс кезінде Ескене мұнайшыларына Қорғаныс Министрлігінің ауыспалы Қызыл Туын тапсырғанын тілге тиек еткен. Мақат аудандық партия комитетінің І хатшысы болған кезеңдерде де Н.Бешімов өзіне артылған үлкен сенімге жауапкершілікпен қарай білді.
«Аманатқа жауапкершілікпен қарау керек. Осы жасыма дейін әкемнің өсиетін адал атқарып, Ембі жерінен алғаш мұнай тапқан атам Бешім қарттың ісін жалғадым. Абырой биігінен табылуға тырыстым. Мұнайшылық кәсіпке ұрпағымды да баулып, бүгінде мұнайшылар әулеті атанып отырмыз» деген ардагер мұнайшының сөз саптауынан ұрпағының тірлігіне деген мақтаныш сезімді анық аңғардық.
Ардагер мұнайшы Наурызғали Бешімовтен тараған балалар – түгелдей мұнай-газ саласының мамандары. Бүгінде ата салған сара жол абыроймен жалғасып, династиялық өнеге өркен жаюда.
Наурызғали аға өз атасы – Бешім қартты балаларына үлгі етсе, ал, балалары әкелері – мұнайшы Наурызғалидың еңбектерін немерелеріне мақтанышпен айтып отырады. Наурызғали ағаның кеудесінде таққан «Құрмет белгісі» ордені мен «Ерен еңбегі үшін» медалі және бірнеше марапаттау қағаздары мен Алғыс хаттар, Мақат және Жылыой ауданының Құрметті азаматы атағы мен Республикалық дәрежедегі зейнеткер атануы қандай мақтауға болса да тұрарлық.
https://atr.kz/economic/munaj-kozin-algash-tapqan-qara-shaldyn-urpagy/
Ғалия ҚАРАЖАНОВА,
ҚР Журналистер Одағының мүшесі