Доссор мұнайшылары шетелдік 350 жүк көлігінің жүргізушілеріне ыстық тамақ әкелді

15 сәуір, 2024

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Жылыой ауданындағы су тасқынынан кейін шетелдік 350-ге жуық жүк көлігі жолға шыға алмай тұр.

Олардың арасында Түрікменстан мен Өзбекстанның, Украина мен Молдаваның, Румынияның, еліміздің өзге өңірдерінде тұратын жүргізушілер бар. Австрия елінің екі жүргізушісінің тұрғанына біраз болған.

Жүк көліктері Өзбекстанға, Ақтау қаласына бағыт алған. Мәселен, түрікменстандық Мехбан Амангелдиев Ресейден келе жатыр. Ол мұнда 5 сәуірден бері тұр. Ал, Өзбекстан Республикасының азаматы Шохир Раббиев Түркиядан жолға шыққан.

«Біз Өзбекстанға Құлсары арқылы шығуымыз керек еді. Бірақ, Доссормен екі ортадағы жолды су шайған соң жүруге рұқсат берілмеді» -дейді Шохир Раббиев.

«Доссормұнайгаз» басқармасының ұжымы өз еркімен қаржы жинап, жолда қалған жүргізушілер мен көмекшілеріне ыстық тамақ, өзге қажетті азық-түлік әкеліп берді.

«Атырау мұнайшылары әлеуметтік көмекке мұқтаж жандар үшін ұдайы қайырымдылық шараларын тұрақты ұйымдастырып келеді. Өңірде су тасқынына байланысты қиындық туындап тұр. Алыс жолға шығып, үйінен жырақтаған жүк көліктерінің жүргізушілерін ыстық тамақпен, азық-түлікпен қамтуды көздедік. Қазір Доссор кентінің маңында тұрған жүк көліктерінде 450 адам бар», -дейді басқарма басшысының орынбасары Қуандық Қалидуллин.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда дабыл сиренасы қосылады деген жалған ақпарат тарағанын хабарлаған болатынбыз.

Фото:"Доссормұнайгаз" басқармасы
https://kaz.inform.kz/news/dossor-munayshilari-sheteldk-350-zhuk-kolgnn-zhurgzushlerne-istik-tamak-akeld-41a8db/